ӨНЕРДІҢ ҚАИСАР ҚАЋАРМАНЫ КЕНЕНБАЙ ҚОЖАБЕКОВТІҢ ТУҒАНЫНА- 90 ЖЫЛ

Тұлға
145 Views

 

 

Жігіт ағасы кабинетіме кірді. Сәлемдескеннен кейін:

– Мен Кененбай ағаның ұлы Ілияс деген боламын. Сізбен сөйлесіп, ақылдасайын деп келдім, – деді.

Жүзінде имандылық ұйыған Ілиясқа ерекше разы болдым. «Әкеден жерге қарайтын жеті ұл қалғанша, елге қарайтын бір ұл қалсын» деген осы емес пе!

Әкесі жүріп-тұра алмай, қол арбаға байланып отырып қалғанда шешесі кетіп қалады. Он үш жасар қаршадай балаға «бірге кетеміз» дегенде, қайсар ұл «бармаймын» деп әкесінің жанында қалады.

Әкесі бұл дүниеден өткенше бағып-қағып, баратын жеріне көтеріп жеткізіп, әлпештеп, қастерлеп өткенін талай-талай сырттан естіген едік.

Ілияс Қожабеков – бүгіндері ғалым-оқытушы, ұзақ жылдар бойы Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында ұстаз болған өнер зерттеушісі.

– Әкем биыл тірі болғанда тоқсан жасқа келетін еді. Кезінде «Қазақфильм» ол кісі жайлы деректі фильм түсірді, менде архив материалдары көп, – деп әңгімесін бастады.

Кененбай ағаны кім білмейді. Аты аңызға айналған асыл тұлға ағаны ауданға келгенде талай көргенмін. Алпыс жылдығын Ұзынағаштағы Мәдениет үйінде өткізген еді.

Шынында да Кененбай аға ғұмырына көз жүгіртсек, өнерге деген құлшыныс, қайратына таңдай қағып, таңданасың.

Ол кісі 1928 жылы, 3 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылында дүниеге келген. Қазақ КСР-нің халық әртісі. 1950 жылы Алматы театр училищесін бітірген. 1950-1961 жылдары Республикалық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті. Сол театрдың сахнасында ойнаған басты рөлдері: Алдар, Ғани, Шагабутдинов, т.б.

Кинодағы алғашқы жұмысы – «Аласталған Алитет» фильміндегі (1950) Айенің рөлі. Ол сонымен қатар «Жамбыл» (1952, Нәдір), «Шабандоз қыз» (1955, Айдар), «Бұл шұғылада болған еді» (1955, Бақытжан), «Мазасыз көктем» (1956, Атабаев), «Менің атым Қожа» (1963, Әмірқұл), «Қыз Жібек» (1970, Сырлыбай), «Қан мен тер» (1978, Алдаберген), «Жаушы» (1970, Манай), «Қасқырдың апаны» (1984, Бабахан), тағы басқа фильмдерде ойнап, кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда психологиялық тереңдікке, образдылыққа жетті, типтік жинақтау үлгісін көрсетті. 1972 жылы Тбилиси қаласында өткен 5- Бүкілодақтық кинофестивальда «Қыз Жібек» фильміндегі Сырлыбай рөліне «Драма өнерін экранда дамытуға сіңірген еңбегі үшін» дипломы берілді. «Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.

Халықтың ардақты өнер иесі, ел мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан халық әртісі, Кененбай Қожабековтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Кененбай Қожабековтың шығармашылық жетістігі мен актерлік өнері бүгінгі ұрпаққа өзінің қайталанбас көркемдік ерекшеліктерімен қымбат.

Қазақ өнерінің небір тума таланттарын дүниеге әкелген қасиетті топырақта өмірге келіп, өзінің театр сахнасы мен кино өнеріндегі қайталанбас бейнелерімен ел жадында мәңгі сақталған тұлға.

Тағдырдың тауқыметін ерте тартып, сұрапыл соғыс жылдарына балалық шағын сыйлағаны аздай, ананың аялы алақанынан айырылған киелі өнерге кездейсоқ келіпті. Өзінің естеліктеріне жүгінсек, бір күні жолдастарымен көшеде келе жатып, актерлік мектепке шақырған афишаны оқығаны, сөйтіп бақ сынауды ұйғарғаны айтылады.

Жастықтың осындай жалынымен Кененбай Қожабеков шығармашылық жолын театрдан бастап кетеді. Ғани Мұратбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің сахналық тұлғасын сомдап, өзіндік болмысымен шынайы көрсетеді. Кинодағы алғашқы рөлі «Аласталған Алитет» фильміндегі Аэден басталған. Осы фильмдегі қасқырмен алысқан азаматтың ерлігі мен «Біз Жетісуданбыз» фильміндегі жалынды жас Нартай болып, асудың үстіне екінші қабаттан секіріп мінетін қайтпас қайсарлығы көрерменнің көз алдында.

Өнердің биік белесіне қанат қаққан сәтте мұзбалақ актердің қанаты қайырылды. Балалар мен жасөспірімдер театрынан шығып келе жатқан кезінде Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин үшеуіне көше басбұзарлары шабуыл жасап, жұлынына әлденеше жерден пышақ салып, омыртқасын зақымдайды. Осы бір қарғыс атқан 1960 жылдың 10 қаңтарын актердің өзі «құлап түскен күнім» деген екен. Сөйтіп, талантты актердің өмірлік арман-мұратына балта шабылды. «Арбамен сахнаға шыға алмайды» деп, театр сахнасынан шеттетілген кезінде достары Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев киностудияға жұмысқа орналасуына мұрындық болады. Кино өнеріне аяқ басқан актер тағдырдың басқа салған тәлкегіне қайыспай қарсы тұрып, өзін қайраттандырады. «Күндердің күнінде жүре алмай қаламын» деген үрей жанын жегідей жесе де, ол ешқашан өзін мүгедек санап, мойымайды. «Егер біз бәріміз» фильмінде суға ағып бара жатқан шопан мен қызын құтқаруда режиссер қанша үгіттесе де, дублердің көмегіне сүйенбей, Сырдарияның қара күздегі мұздай суына өзі түседі. Соның салдары болуы керек, бір жылдан соң балдақпен жүруден қалып, мүгедектер арбасына таңылады.

«Киноға да көп түсті, уайым-қайғысы ішінде ғой, оны көп айтпайтын. Үнемі күліп, әзілдеп жүретін сыпайы адам еді. Сонша жыл жанында жүріп «мен мүгедек едім» дегенін естіген емеспін» – дейді дыбыс режиссері Қадыр Қосай Кеңағаң туралы сұхбатында. Өмірге құштар, қайсар жан ең алдымен адам бойындағы тазалықты бағалайтын. Жүрегінде жылылығы мен иманы бар азаматтар ол кісінің жанынан табыла білді, жанашырлық танытты, шынайы достықтың үлгісін көрсетіп, талантына бас иді. Тіпті Бауыржан Момышұлы: «Сен хан Кенесің, халық сені көтеріп жүруі керек» – деп зор құрмет көрсеткен. Гүлфайрус Исмайылованың Кененбай аға туралы естелігінде: «Қыз Жібек» фильмі басталатын кезде: «Сұлтан, бәйбішемнің рөлін Гүлфайрус ойнасын, мен одан қысылмаймын, өйткені ол менен ауру деп жиіркенбейді, мені сыйлайды» – деген еді. Мен оған барынша қолдау көрсетіп бақтым.

Біреудің жолын кесу, қиянат жасау оның адами қасиеттеріне жат нәрсе еді. Дегенмен ұзында өші, қысқада кегі жоқ, осындай адал, ақжүрек адамның жолын кес-кестеп, кедергілер жасау әрекеті болмай қалған жоқ. «Құлагер» фильмі түсірілгеннен кейін ұзақ уақыт мұрағатта жатып қалды. Сол кездегі киностудия директоры, режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің айтуынша, «Жаушы», «Қан мен тер» фильмдерін түсіруге кірісетін күні Әзербайжан аға «Қожабековті қатыстырмаңыздар» деген жеделхат алады. Бірақ бұл хатты екі-үш күн жасырып қояды. Сол екі аралықта Кенағаң қатысатын барлық эпизодтарды түсіріп үлгереді. Артынша тағы да жеделхат келеді. Әзербайжан аға: «Екі күннен бері түсіргенімді есептеп, кеткен шығынды жабатын болсаңыздар, ол эпизодтарды өзгертейік» – деп талап қойыпты. Жоғарыдағылар тек содан кейін ғана амалсыз рұқсат беріпті.

Сегіз қырлы, бір сырлы Қожабеков өзінің бағын телевизия саласында да сынап көрген. Бұл жөнінде Кененбай ағаның ұлы Ілияс Қожабеков: «Әкем жүргізген «Қазақ киносының тарихынан» деген бағдарламаның біраз саны мұрағатымда сақтаулы. Біздің телевизияда Қасымдардан бастап, қазіргі заман ақындарына дейін түгел оқыды, соның бірі сақталмапты. Абайдың өлеңдерінен 40 минуттық бағдарлама болған. Ол бағдарлама да сақталмаған.

Кененбай аға, Асқар Тоқпанов айтқандай, «аяғымен емес, жүрегімен жылжыған», нағыз тағдырды жеңген тарлан. Тума талантының есімін аялай білсе, елдің де мерейі биіктей берері сөзсіз. Ол кісі жөнінде естеліктер көп. Театртанушы Әшірбек Сығай былай деп жазды: «Кененбай Қожабеков ағаны кино саласы арқылы таныдық. Ол кісінің киноларының бәрін кішкентайымыздан асқан құмарлықпен тамашаладық. «Шабандоз қыз» фильміндегі Айдарды ойнағаны менің жадымда жақсы сақталған. Айдарға еліктедік, Айдар болып атпен жүйіткіп, Айдар секілді ғашық болсақ дедік. Айдар сияқты мінезді, Айдар тәрізді тапқыр, ақылды болғымыз келді. Осының бәріне жетелеген – актердің қабілеті, таланты. «Шабандоз қыз» фильмін мен алғаш рет мектеп жасында көрдім. Ол фильм 1950 жылдары түсірілген. Онда Мүлік Сүртібаев, Лола Әбдікәримова сияқты халқымыздың таңдаулы өнерпаздары өнер толғады. Солардың ішінде шоқтығы биік көрінгені басты рөлде жүрген Айдар еді. Фактурасы, кескін-келбеті, жүзіндегі жылылық, жұмсақтық, отты көзқарастары, іс-әрекеттері «шіркін, актер осындай болса» дейтіндей деңгейде болатын. «Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбайды ойнады. Қандай кең, маңғаз, асықпай сөйлеп, байсалды шешетін, түйіліп отырып түйінін айтатын, қазақ сахарасының кемеңгер, данагөй ақсақалының бейнесін жасады. Ол кісінің актерлік көзқарастары, психологиялық сәттерде толқымай, не асып кетпей, не кем түспей, өмірдің өзіндей етіп дәл беруі, кез келген жағдайдағы жан дүние құбылулары актер ретінде мені ылғи тәнті ететін».

Режиссер Серік Жармұхамедов былай деген еді: «Кино Кенекеңнің өмірін айтарлықтай ұзартты».

Кененбай Қожабеков – қазақ өнеріндегі, қазақ театры мен киносындағы қайталанбас тұлғалардың бірі. Арбаға ерте таңылғанына қарамастан, бар өмірін кино өнеріне арнады. Образ сомдауда, бейне жасауда қазақ кино өнеріндегі еңбегі өлшеусіз. 1980 жылдардың екінші жартысында «Құлагердің» қайтадан қазақша нұсқасын жасадық. Ағамыз 30 шақты фильмге түскен болса да, соның ішінде бастан-аяқ өзінің үнімен, өзінің даусымен дыбысталғаны – тек осы «Құлагер» фильмі екен.

 

*   *   *

Мұқағали Мақатаев өлеңдерін Кенен аға көп оқып, жаттап алып, толғанады екен.

Өміріме өзімнің таңданамын

Қалмаймын деп қатардан қамданамын.

Бүгінімді өткізсем қиындықпен,

Ертеңіме үмітпен алданамын!

Кенекең жайында баспасөз беттерінде әңгіме, очерк, мақалалар жарық көрді. Бәрінде де айтар ой, түйер түйін беру. Ол — адамгершіліктің асыл қасиеттерін өз бойына дарытып, табиғи дарқан талантын өз халқына аямай жұмсай білді.

Кененбай аға ғұмыры — кейінгі жас ұрпақтарды талантты болуға, ерлігі арқылы ерлік жасауға, кез келген қиын сәттерде адамдығыңды сақтап қалуға, жамандық атаулыға бармауға, болаттай берік болуға тәрбиелейді.

Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Нұрғиса Тілендиев, Кененбай аға бәрі керемет дос еді. Кенекең Нұрғисаны қазақтың ең талантты композиторы деп ерекше құрметтейтін.

Ауыр кездерде Кенен аға Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» кітабын рухани серік етті. Кенекең «Құрыш қалай шынықты» романын басына жастап жатады екен. Бір сөзінде «Павел Корчагин – менің рухани әкем» депті.

Қайтпас қайсар тұлға, өнер үшін бар өмірін арнаған ғажап актер Кененбай Қожабеков есімі ел есінде мәңгі сақталады.

 

 

Нағашыбек Қапалбекұлы,

жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *