ҮШ ОРДАНЫҢ БІРЛІГІ ЕШҚАШАН ҮЗІЛМЕГЕН

Тарих
57 Views

І. ЖОҢҒАР НЕМЕСЕ «СОЛ ҚОЛ» БІРЛЕСТІГІНІҢ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ДҮРКІН-ДҮРКІН ШАБУЫЛДАУЫ

XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIІІ ғасырдың бас шеніне дейін айтарлықтай күшейген Жоңғарлар одағы қанаттас өлкелердегі шұрайлы жайылымдарға, сауда жолдарындағы отырықшы қалаларға көз тігіп, қазақ хандығының жеріне жортуылдар жасады.

Жоңғарлар – қытайдың жазба деректерінде «батыс моңғолдар» деп аталады. Олар тегінде батыс Моңғолияны мекен еткен ойрат рулары еді. Ойраттар туралы алғашқы мәлімет 1204 жылдан тарихи деректерде көріне бастаған. 1206 жылы Шыңғысхан құрған әскер жасағының сол қанатына қосылды. Сол қанат моңғол тілінде «жоңғар» (сол қол) деп аталады. Міне содан «Жоңғария» атауы шыққан.

1368 жылы Қытайды билеген Юань патшалығы ыдыраған соң Моңғолияда өзара қырқыс өріс алды. Моңғолдар Қытайдың ішкі өлкелеріне шығатын керуен жолдарын басып алуға таласты. XV ғасырдың алғашқы жартысында батыс моңғол (ойрат) билеушілері Тоған (1418 – 1440), Есен (1440 – 1455) жеңіске жетіп, бүкіл Монғолия жеріне билік жүргізді. Бірақ олардың билігі ұзаққа созылған жоқ. Соның салдарынан Қытайдың ішкі өлкелеріндегі базарлармен байланысы үзілді.

Шығыс моңғолдың қалқа руларынан жеңілген Батыс монғолдың ойрат рулары өздерінің бұрынғы өріс-қоныстарынан айырылып, қоныс аударуға мәжбүр болды. Олар бірте-бірте қазақ даласына, Жетісу өңіріне енді. Бұл арадағы жайылымдық жерлер үшін жергілікті көшпелі рулармен қақтығыстар орын ала бастады. Бұл кезде бытырыңқылыққа ұшыраған ойрат рулары көрші елдердің шапқыншылығына ұшырады. Жан-жақтан қыспаққа алынып, отырықшы елдермен сауда-саттық жасау мүмкіндігінен қол үзген ойрат рулары аса ауыр жағдайға кезікті. Ойрат нояндары арасындағы билікке талас «жығылған үстіне – жұдырық» болды.

1635 жылы ойрат тайпаларының одағы қалыптасты. Бұл тарихта «Жоңғарлар» деген атпен әйгілі болды. 1640 жылы Тарбағатай маңында моңғол және ойрат руларының құрылтайы болып, монғол-ойрат заңын қабылдады. Осы бірлестіктің нәтижесінде жоңғарлар күшейе бастады. Олардың күшеюіне ішкі қырқыстардың тыйылуы, Қытай мен Орта Азияда туындаған тарихи оқиғалар себеп болды.

Жоңғарлар XVІІ ғасырдың екінші жартысы мен XVІІІ ғасырдың басында мықты әскери-саяси одаққа айналған. Олар Сібірдегі орыс қалалары мен бекіністермен айырбас сауда жасап, олардан қару-жарақ сатып алып отырды. «Жоңғар әскерлері жорық кезінде жүз мың адамға дейін жетті, олардың әскерінде тұтқын құлдар да болды. Әскерде қатаң тәртіп сақталды» – деп жазылған еді сол заманнан жеткен тарихи деректерде.

XVІІ ғасырдың 80-жылдарында Жоңғар билеушілері Қазақ еліне басқыншылық саясатын барынша үдете түсті. Олар Оңтүстік Қазақстанның Сырдария бойындағы керуен жолдары мен сауда орталығы саналатын қалаларын басып алу үшін бірнеше дүркін жорық жасады. Тауық жылы (1681) Қалдан Серен шеру тартып Сайрам қаласын қоршады, бірақ маңдайы тасқа тиді. Қазақтар бастаған қала тұрғындары қатты қарсылық көрсетті. Қалдан әскері шегініп, Іле өзенінің бойын қыстады. Тышқан жылы (1684) Сайрамға үлкен күшпен қайта шабуылдады. Қаланы үлкен бүліншілікке ұшыратты. Екі жақтан да мыңдаған адам опат болды. Бұл қырғыннан кейін Сайрам шаһары бұрынғы көркі мен салтанатына жете алмады. Қаншама таңғажайып сарайлар мен сауда орындары қирандыға айналды, бау-бақша, гүл-бақтар отқа оранды. Бұл аймақтағы Манкент, Қаражұрт (Қарамұрт), Шымкент, Жыланбұзған, Сұлтанрабат, Масат, Сайрамсу, Арыс, Бадам, тағы басқа қала-қыстақ, нулы-сулы жерлер ат тұяғына тапталды. Аңыраған ана, зарлаған бала кең даланы күңірентті.

Бұқар жырау айтқандай, бұл алғашқы Ақтабан шұбырынды болатын. Жоңғарлардың бұл сүргінін біз, тарихшылар елеусіз қалдырып келеміз.

Қазақтар ойраттармен екі жақ алма-кезек жеңіске жеткен бірнеше шайқас жүргізді. Алайда, Түркістан өлкесінің құнарлы жайылымдары және көршілес көшпелі қос халыққа өмірлік қажетті сауда – қолөнерлік һәм егіншілік аумақтары үшін күрестердің соңы қазақтар үшін сәтсіз болған ұзақ және шығынды соғыстарға ұласты. Мыңдаған адамдар босқыншылыққа ұшырады. Адамдардың шұбырған легі осы кезеңде Ташкент, Шыназ тарабына босып жатты.

1697 жылы Қалдан Серен қонтайшы қайтыс болып, оның орнына Цеван Рабдан отырды. Осы Цеван Рабдан тұсында жоңғарлар қазақ даласына шапқыншылықты барынша үдетті. Ол билік басына келгеннен кейін, XVІІ ғасырдың соңы мен XVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ еліне жеті дүркін (1698 – 1711 – 1712 – 1714 – 1717 – 1723 – 1725 жылдар) басып кірді.

1717 жылы ұлы тақтың иесі Тәуке хан қаза болды. Ал хандықтың тағы-на Тәуке хан кезінде, 1703 – 1710 жылдар аралығында бір ұлыс ханы болған Датқаұлы Қайып отырса, бас сардарлыққа Үлкен Орданың ханы Абдулланың ұлы Әбілқайыр тағайындалды. Ташкентте билік жасаған Жолбарыс хан осы Абдулланың баласы, Әбілқайырдың бауыры. Ол тарихта «Қарт Әбілқайыр» аталған.

Цеван Рабдан бастаған Жоңғарлардың дүркін-дүркін шабуылы елге зор апаттар әкелді. Оларға соққы беру керек болды.

1717 жылы жоңғарларға қарсы Қайып хан, Әбілқайырдың басшылығымен жорық жалауы көтерілді. Бұл соғыс туралы Қайып хан Қазан губернаторы П.Салтыковқа «Калмьеки, приехав, дважды наши улусы разоряли» деп хат жазған. Жоңғарлардың шабуылға шыққанын жансыздар арқылы білген қазақтар қамдана бастады. Он екі мың сарбаз атқа қонды. Ең зор қарсылық Қаратауда – Боралдай бойында, сонымен қатар Сайрам өңірінде орын алған. Қаратауды қорған етіп шымыр Қонай, Қанжығалы Бөгенбай, ошақты Ақтамберді, ысты Төлек, сіргелі Тілеуке, найман Алдияр бастаған батырлар жауға ойсырата соққы береді. Қазақтың жеті мың қолы жалайыр Жәнке жоңғарлармен аянбай айқасады. Екі жақтан да мыңдаған адам опат болып, жау кері шегінуге мәжбүр болды. Ал Сайрам өңірінде болған алапат шайқаста, жан алып, жан беріскен ұрыста екі жақтан да мың сан боздақтар опат тапты. Қасиетті әулиелер мекені тағы да қирандыға айналды. Айнала отқа оранып, күн көзі тұмшаланды. Мұнда алдаспаны жарқылдап сиқым Мерген, қасқарау Өтеген, тарақты Байғозы, жаныс Жанжігіт, ошақты Саңырақ, кіші жүз Тайлақ және қожа, төре, өзбек батырлары сарбаздарға рух беріп, жауға жасындай тиді. Әскерлерді азық-түлік, қару-жарақ, ат-саймандармен қамтамасыз етіп ұйымдастырудың ұйтқысы болып Төле би, Нұрат би, Нарынбай би, Сұлтангелді батыр, тағы басқалар өлшеусіз қызмет еткен.

Орыс патшалығынан сұралған көмекке де жауап болмады. Қазақтар шегінуге мәжбүр болып, жеңілістің ащы дәмін татты. Қазақ сарбаздары Түркістанға қарай жылжыды. Түркістандағы Әбілқайыр, Сәмекелерге жаушылар аттанды. Онда жау қолының артық екені, жақсы жарақтанғаны, енді олардың Түркістан мен Ташкент тарабына шабуылдайтыны айтылған еді.

Қазақ хандығының астанасы Түркістанды қорғауға Үлкен, Орта, Кіші ордадан 17 мың қол жиналды. Бұл қолдың басшылығы сіргелі Елшібек батырға жүктелді. Елшібек семсерлесу мен найзаласудың нағыз шебері болатын. Ол қала қамалын нығайтуды көздеді. Қазақ батырларының ішіндегі егдесі өмірлік тәжірибесі мол осы жаужүрек Елшібек еді. Қазақ хан-сұлтандары мен Төле, Қазыбек, Нарынбай, Ақтанберді сынды ардагерлер қала қорғанысының қолбасшылығына оны сондықтан тағайындаған.

 

Елшібек ер шығыпты Сіргеліден,

Түркістанда тұратын ілгеріден.

Қала халқын бастапты жауға қарсы,

Жау бұзыпты қаланың бір жерінен, – деп, жырдағы аталған осы батыр Елшібек қазақтың үш ордасының батырларын ұйыстыра білді. Үлкен орда әскерлеріне басшылықты Қонай мен Мерген, Төлек батырлар, Орта ордаға Бөгенбай, Малайсары, Алдияр батырлар, Кіші орданың қолына Әбілқайыр сұлтан, Жәнібек батыр жетекшілік жасады.

1717 жылғы жазда Түркістан маңайында орасан зор шайқаста қазақ батырлары ерліктің тамаша үлгілерін көрсетті. Елшібек, Бөгенбай, Малайсары, Алдияр, Өтеген, Шақшақ, Жәнібек, Жарылғап, Саңырақ, Тайлақ, Қойгелді, Тілеуке, Нияз, Қазанбай, Жабай, Байғозы, Аралбай, Қангелді, Сеңкібай, Шойбек, Сатай, Бөлек, Шінет, Бөкет, Шағыр, Досымбек, Мерген, Қылышбек, Жанжігіт, Меңді, Таңсық қожа, Қойайдар, тағы басқа жоңғар сарбаздарының қабырғасын сөгіп, қақырата соққылар берді. Әбілқайыр сұлтан Қажыұлы бұл ұрыста өзінің ержүрек сардар екенін көрсетті. Қанды соғыс екі жақтың келісім жасауымен тоқтады. Қазақтар жоңғарларға «ақ үйлі аманат» беруге, алым-салық төлеуге келісті. Осы уағдаластық бойынша қазақтар жоңғар ұрғасына «ақ үйлі аманат» жіберген болатын. Оған жауап ретінде жау жағы Түркістанды қазақтардың еншісіне қалдырды. Бұл да қазақ билері мен хан-сұлтандарының бірден-бір оңтайлы шешімі еді. Сол арқылы әскери күшті, тоз-тоз болған елді сақтау, бірлікті нығайту мүмкіндігі туды.

 

ІІ. ЖАРТЫ ҒАСЫР БОЙЫ ҚОЛЫНАН ҚЫЛЫШЫ ТҮСПЕГЕН МЕРГЕН БАТЫР

Халқының басына қаралы күн туған шақтарда еліне демеу, жұртына қорған болған тұлғалар да халықпен қатар өмір сүрді. Сондай қилы кезеңде қол бастаған Үлкен орда қолының бас батыры Дулаттың сиқым руынан шыққан Мерген (Жолболды) туралы не білеміз?

Ел тұрғанда ерлік өлмейді, өшпейді. Оның рухы биік тұлғалары жаңғырып, жасарып толған айдай толықсып отырады. Кәрі құлақ, көне көздерден жеткен ауызша әңгімелерге, ұрпақтар сөзіне ден қойсақ, Мерген батырдың азан шақырып қойған аты Жолболды екен. Жаугершілік тұсында құралайды көзге атқан мергендігімен танылғандықтан замандастары Мерген атаса керек. Бүгінгі ұрпақтары да сол Мерген атын жадында сақтап қалған. Баба ұрпақтары Қалтай Исабекұлы, Көшкінбай, Отарбай Есболұлы, сонымен қатар Жаныстың Түгелбай атасынан өрбіген Бошатай Бишымырұлы (барлығы да марқұм болған) Мерген баба жөнінде қызғылықты әңгімелер айтатын. Бұлардан басқа да көкірегі ояу, көзі ашық қариялар қазақ батырлары, бабалары туралы жыр болып төгілетін.

Мерген қазіргі Жамбыл облысының аумағында 1691 жылы дүниеге келіп, балалық шуақты шақтары сонда өткен болу керек. Жоңғарлар салған зобалаңнан ауып, ата-анасы Ташкент тарабына ағайындарымен бірге көшеді. Бұл кезеңде Қазақ хандығының басында Тәуке хан отырған. Он жеті жасынан семсер асынып, найза ұстаған Мерген де Тәуке хан сарбаздарының қатарын толықтырды. Мергеннің әкесі Сұлтангелді Дулаттың сиқым руының Тоғатай атасынан шыққан бай-бағлан кісі болған екен. Мерген ержеткен соң елге қадірлі әкесі Ташкенттің іргелес ауданында тұратын атақты Қойгелді батырдың әпкесіне құда түседі. Мерген баба осы бәйбішесі Асыл анамыздан төрт ұл, ал тоқалы кіші жүз қызынан тағы да перзенттер сүйеді.

Алғаш Тәуке хан сарбаздарын азық-түлікпен қамтып, әскерлерге аттар да жеткізіп беріп отырды. Сіргелі Жабай батырмен бірге Түркістан мен Тобыл арасында сауда керуенін де жүргізді. Тәуке хан қайтыс болған соң, жоңғарлармен болған шайқастардың ортасында жүрді. Ақтабан – шұбырынды оқиғасынан соң бұл да отбасымен батысқа ауды. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жасағында болып, басқа көптеген батырлармен бірге Еділ қалмақтары және башқұрттарға қарсы шайқастар жүргізді. Әрбір ұрыста ерлігімен, табандылығымен көзге түсті. Мерген баба батыр ғана емес, әділ би, мәмілегер болатын. Оны орыс, башқұрт, қарақалпақтармен жасасқан сауда-саттық келісімдерінен аңғаруға болады.

«Майор Миллердің Жоңғар ханы Қалдан Церенге барып қайтқандағы жазбаларында» Мерген бидің Ресей мен Қазақ хандығы арасында үш-төрт жылға созылған «Керуен дауы» оқиғасын шешуге қатысқаны айтылады.

Бұл 1739 жылы Ресейден Жоңғарияға жіберілген керуенді Қойгелді батырдың тонауына байланысты оқиға еді. Бұл даулы мәселені шешуде Төле би, Қонай би, Шақшақ Жәнібек батырмен қатар Мерген батырдың да еңбегі ересен екенін ескерусіз қалдырмаған жөн.

Абылай ханның Шарышты өлтірген соң, 1741 жылы жоңғарлар қолына түскені белгілі. Абылайды жау тұтқынынан босатуда басқа ардагерлермен қатар Мерген бидің атқарған қызметі зор. Оған дәлел – қолымдағы орыс деректерінен алынған мәліметтер.

«1740 жылы Әбілқайыр хан Құттымбет батырды жоңғарлардың Оңтүстік бағыттағы басшысы Сары Манджаға жіберіп, жоңғарлар Түркістан мен Ташкентті қайтарса, ұлы Айшуақты аманатқа беретінін хабарлайды. Оны Қошке Ноян Әбілқайырға келген тұста, 1742 жылы 10 қаңтарда поручик Д.Гладышевке ескерткен.

1742 жылы Үш жүз үлкен жиын өткізеді. Оған 1500 адам қатысады. Онда Әбілқайырға Қалдан Цереннің сұраған аманатын беру қажеттігі ұсынылады.

1742 жылы 20 тамызда Орск қорғаны маңында қазақ-орыс келісімі басталады. Қазақтар жағынан Әбілқайыр, Ералы, Жәнібек, Қара, Мерген, Абылайдың бір бауыры, тағы басқалар да қатысады. Кездесу соңы қонтайшыға майор К.Миллер бастаған елшілік жіберуге ұласады. Елшілік Ералы сұлтанның бастауымен қазақ даласы арқылы қонтайшыға аттанады. Елшілікте К.Миллермен бірге Түркістанға дейін Жәнібек, Мерген батырлар келеді. Олар осында қалады. Миллер бастаған елшілік Шу бойындағы Сары Манджаға барады. Бірақ Жоңғар қонтайшысы орыс елшісін қабылдамайды».

Міне, деректе аты аталып отырған Қара да, Мерген де – біз сөз етіп жатқан Сиқымнан шыққан батырлар. Мерген Бәсентин, Малайсарымен бірге талай рет жауға шауып, олардың бетін қайтарған екен. Шақшақ Жәнібекпен үзеңгілес серіктес болды. «Керуен дауы» туындағанда Қойгелдіні көндіруге басқаға емес, осы Мерген биге қолқа салған да Жәнібек еді. Ол жездесінің сөзі өтер, екіншіден, бір Дулаттың баласы емес пе деген ой түйген.

Мергеннің Әбілқайыр хан, оның баласы Ералымен қарым-қатынасы оң болған, тек Әбілқайырдың орысқа жақындығын ұната бермеген. Оған нақты мысал, Әбілқайыр және қазақтың қаншама билері орыс бодандығын қабылдап, бармақтарын басқанда бұл қол қоюдан бас тартқан болуы керек, құжатта оның аты да, қолы да жоқ. Құжаттарға ден қойсақ, оның сауда-саттық қатынасына баса назар аударғанын аңғарамыз.

Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге бодан болуын дұрыс бағаламай келеміз. Оны хандыққа таласып, елден бөлініп кетті деп жазғырып келеді біздің тарихшылар. Шын мәнінде оқиға басқаша өрбіген еді. Қазақтың би-батырлары батыс тараптың тынышсыздығына алаңдап, Еділ қалмақтары, башқұрттар жағынан келетін қауіпті ойлап, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайды түсініп, Әбілқайырды Кіші жүзді билеуге жіберді. Ол – болашақ билеуші, төрелер ұрпағы. Сонымен қатар оның ұлы хан болуға жастығы да, тәжірибесі де, уақыт мерзімі де келмейтін еді. Қайып, қарт Әбілқайыр хан, Сәмеке сынды тұлғалар тұрғанда Әбілқайыр сұлтанның таққа таласуы мүмкін де емес-ті.

Әбілқайыр хан 1717 жылғы жеңілістен соң көп ұзамай батысқа аттанған болатын.

Мерген батыр 1753 жылы Жайықтағы қалмақтарға қарсы жорықта болған. Тарихи деректерде 1753 жылы Орта жүз бен Кіші жүздің бірлескен жиырма мыңдай сарбазы Еділ – Жайық бойындағы қалмақтарды шабады. Қазақтар көп олжамен оралады. Міне, осы шайқаста Орта, Кіші жүздің жасағының сапында Мерген, Сары, Бөкей, Жарылғап, Бектемір, Жабай, Жанжігіт сынды Үлкен Орданың батырлары да болған.

Мерген батырдың ғұмырының көбі Ырғыз, Торғай, Еділ – Жайық аймағында өтті. Қаншама рет қарақалпақтармен тіресті. Орта, Кіші орданың батыр – билерімен иықтас, қарулас болды. Ұл-қыз өсірді, аман қалғаны сол жақта түтін түтетті.

Мерген батырдың есімі қалмақтардың қалдықтарын қазақ жерінен түре қуып, ығыстырумен де белгілі. Ол қасиетті қазақ жерін жоңғарлардан босатып, еліне азаттық алған күндердің алғашқы арайлы таңдарын көріп шүкіршілікпен көз жұмды.

Мерген баба сүйегі өзінің бауырластары, қаһарман замандастары жатқан Қазақ хандығының астанасы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленді.

Мерген батырдың ерлік жорықтары Тәуке ханның кезінен басталғанын сөздің басында айтып өттік. Ақтабан – шұбырындыдан бастап Мерген батыр 43 жыл бойы ат үстінде жүріп, елі мен жерін қорғапты. 63 жасында қазақ жасағының туын жықпай мерт болыпты.

Демек, қазақ тарихының қанды бетінде қазақ батырларының орны қандай биік болса, солармен бірге Мерген есімі де қатарлас жүреді.

Мерген батыр өміріне тоқталғанда ол жаужүрек батыр ғана емес, даудан қайтпаған мәмілегер би ретінде де ауызға алынады.

Батырдың есімін, еңбегін ұлағаттау ұлттық рухымызға мерей екені анық.

Мұхитхан МИРАЗОВ,

«Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *