ҚЫСҚА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛДЫҚ

Кездейсоқ жаңалықтар
40 Views

Биыл қыс ерте түседі деген болжам бар. Қысқа әркім әртүрлі дайындалады. Біреулер мал-жанына жем-шөпті молынан дайындаса, енді бірі тон, италиялық етік, түрік свитерлерін ерте бастан-ақ алып қояды.

Біз осы қысқа ерекше дайындалмақ болдық. Байқап қарасақ, аталған киімдердің бәріде өзіміз де бар екен. Жанұямызбен ақылдаса отырып, қысқа дайындықты көкөніс, жемістерден банкіні молынан жабамыз деп шештік. Неге десеңіз, өткен қыста жапырақпен сарымсақ қосылған қияр банкілері жетті де, укроп, баклажан, туралған помидор салаты жетпей қалған болатын. Жүзім мен шиеден жабылған компотты ғой күздің ақырында-ақ ішіп тауысқанбыз. Биыл бәрін де есеппен жасамақпыз. Үш литрлік банкіге қара өрік жапсақ, шабдалының жүз шақтысын екі литрлік банкіге жабамыз деп ойладық.

Осы арада басымызға адамның санасына келмеген бір жаңалық сап ете қалсын.

Оны айтқан әйелім.

Бізде «жақсы сөз – жан азығы» деген мақал бар деді ол. Олай болса, көкөністерден салат жабамыз. Ал енді «көреміз», «шыдаңдар» деген сөздерден неге банкі жаппаймыз? – деді ғой, ол.

– Жапсақ жабайық, – дедім ойланбастан.

Іске бәріміз жұмыла кірістік. Әйелім жүзім сабақтарын жуып әуреге түссе, өзім айналайын көркем әдебиеттен жанға жайлы сөздерді іздеуге бас қылдым. Жанұямыздың өзге мүшелері су тасып, банкілерді тазалап жатқан болатын. Ойымыз: жүзім, шие шырыны таусылса, біртіндеп «бәрі жақсы болады», «әл-ауқатымыз артады» деген банкілерді ашып, қыстан әупірімдеп шығу. Өткен қыста осыны қалай білмедік десеңізші! Сол кезде осылай жасасақ бар ма, бәрі де жететін еді. Сондықтан шабдалы, жүзім, қара өрік банкілерін жүздеп, әлгі құрғақ сөз толтырылған банкілерді екі-үш есе көп етіп жаптық. Біз былай да жасап көрдік. Капуста, сәбіз, бұрыш қосылған салаттарды тұздаумен қатар, эмаль ыдыстарға «көреміз» «төзіңдер», «уәде береміз» деген сөздерді де жауып, жия бердік, жия бердік…

Кім біледі? Қыс ұзап кетсе… Осыны сіздер де жасап көріңіздер, ағайын.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *