ҚИЛЫ ЗАМАН СҮРГІНІ немесе қазақ-қырғыз қағанаты жайында

Тарих
212 Views

ХVІІ ғасырдың басы мен ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарына дейінгі Орта Азиядағы оқиғалар барысына назар аударсақ қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы оңды нәтижелерге көз жеткізесің. Қазақ пен қырғыз халқының «ауылы аралас, қойы қоралас» дейтін сөз тіркесі осы тұсты меңзесе керек. Қазақ, қырғыздың қоныстас ел болып шаңырақ көтеруіне атақты Еңсегей бойлы ер Есім, Әлібек би, Көкім би, әз-Тәуке хан, Төле би өлшеусіз еңбек сіңірген. Қырғыздар Есім ханды барынша құрметтеген. Оны қырғыз шежіресіндегі «Біздің Еңсегей бойлы ер Есім, есен барып, сау келсе» деген жолдардан анық байқауға болады.

Қырғыз тарихшысы Б. Солтоноев қырғыздар Қасым хан кезінен бастап Тәуке ханның тұсына дейін, қырғыз қалмақтан қашып Алай, Әндіжанға көшкенге дейінгі аралықта (1510-1685 жылдар) 170 жылдай Қазақ хандарына қарап тұрды деп жазады.

Қытайдың Үрімші қаласынан табылған фольклорлық материалда Төле бидің қырғыздарға жоңғарлардың тосын шабуылынан құтылу жолын айтқаны тұралы аңыз әңгіме сақталған. Сондағы:

Ол заман Қазақ, Қырғыз,

Өзбек, бәрі,

Данасы бір, қолбасы да,

сардарлары,

Бір заман Төле биді көсем тұтты,

Деп айтады замана аңыздары, –

деген жолдар кезінде Төле бидің қазақпен қатар қырғызға да сөзі өтіп, әмірі жүргенін, екі жұрттың қатынасында өзіндік орны жоғары болғанын көрсетеді. Туысқандықтың бір белгісі Төле бидің бір әйелі қырғыз қызы екенімен де бауланады. Міне, сол әйелінен Қожамжар батыр дүниеге келеді. Екі халықты ұйыстыруда арысы Есім хан, берісі Тәуке ханның еңбектері орасан болғанын жоққа шығара алмаймыз.

1745 жылдан кейін жоңғарлардың әлсіреуі қазақтар мен қырғыздардың бұрынғы қоныстарына оралуына мүмкіндік туғызды. Қазақ, Қырғыз батырларының бастауымен Сәмен, Шалабай, Қасаболат Жоңғар қақпасы мен Арқарлы асуына дейінгі жерлерді босатып, Өтеген, Наурызбай, Қабанбай, Бердіқожа сияқты жаужүрек батырлар да Үшалматы, Қордайдан арғы жерлерді азат етуге күш-жігерін аямаған.

Жоңғарларды талқандап, ығыстыра түсуге бір кісідей атсалысқан Райымбек, Жайнақ, Бақай, Ескелді би сияқты ерлер қол бастады.

Қазақ елінің сол кездегі Оңтүстік өңірін Қазығұрт, Қаратау, Арыс, Сайрамсу аймағын Дулат, Сіргелі, Қаңлы, Қоңырат тайпаларының батырлары қорғап елге танылды.

Ал ата жұртына оралған қырғыздарды Жебин батыр, Меркенің шығысынан Ыстықатаға дейін қоныс тепкен солтоларды Жамансарт Қошойұлы, Қошқар мен Нарынның солтүстігіне жайғасқан сарыбағыштарды Тынай би мен Маматқұл басқарды.

Қырғыздар бұрынғы Жоңғар хандығының солтүстігін құраған өз жерлерін иеленді.

Қазақтар мен қырғыздар бірлесіп азат еткен жерлерде алғашында өзара келісіп, аралас-құралас көшіп-қонып жүреді. Шу өзені мен Ыстықкөлдің солтүстігінде жер аумағанда, малы көп қазақтар да болған. Әсіресе Дулаттың Жаныс, Ботбай, Шымыр аталары негізінен атам заманнан осы өңірлерде жасап келгенін тарихшылардың бізге жеткізген мәліметтерінде растай түседі.

XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы бірлескен күрес барысында талай қазақ, қырғыз батырлары бір-біріне үзеңгілес жолдас қана емес, қимас дос-жаранға айналды. Оған қоралас Жауғаш батыр мен Жайыл, Момақан батырдың Сарыбағыш Есенқұл батыр мен қазақ Қапсалаң батырдың, тағы басқалардың достығы куә бола алады.

Төле би өмірінің соңғы жылдарында қазақ — қырғыз арасы алшақтай бастаған. Оны Төле бидің «Менде арман көп, себебі, қырғыз, қазақтың бір туғанындай күнінде туылып, енді алаң ашық болып, шілдей бытырап тозып, енші алған күндерінде қайтып өтіп барамын» деген сөзі аңғартады.

Көршілес қонған қазақ — қырғыз арасында жайылым жер үшін тартыс басталып, қазақ қырғызға, қырғыз қазаққа аттанып, екі арада талай ұрыс болып, барымта күшейіп, ел іші бүліншілікке ұшырайды.

Қырғыз шежірешісі Т.Алымбековтің қолжазбасында Абылай сұлтанның қырғызға жорықты жақтамай, үркердей болған көршілес елмен соғысқанымыз жөн болмас деп тоқтау салуға ұмтылғаны былайша баяндалады: «Осындай тыныштық жоқ заман болады Абылайдың дәуірінде. Жапек, Бердіқожа, Үйсін руы Төле биге барады. Төле би екеуін және Талас жақтан арыз айтып барған Үйсін руының кісілерін, барлығын қоса ертіп Әзіреттің Қаратауындағы, Абылай ордасына барады. Абылай: «Осыменен екі келдіңдер, енді Төле биді алып келіпсіңдер деп, бұрынғы арыз айтып келгендерге айтқан сөзін қайта айтып, жайын сұрап, айып, Үйсін, Сіздерде», – дейді. …Абылай бұдан соң, «Бір жағым – Қоқан, бір жағым – Қытай, бір жағым – орыс, азырақ қырғызға қызықпай қоя тұрсақ деп едім, қазақ-қырғыз бір ұрық едік. Бәйтік (Ұлы жүздің биі) пендешілік жасап, Көкім биге (қалмақтар 1740 жылдары басқаруға қойған қырғыз биі) у беріп, осыдан бұзылды орталарың. Оған сендер Бәйтікті ертіп, Ташкентке ие боламыз деп осы себептен қырғыз — қазақ ортасы бұзылған, осыны пайдаланып, бұл істің аяғын ала қалмақ келген. Қалмақтан қашып қазақ Бұқарға кірдің, қырғыз Ысарға (Гисар) кірді, ақтабан шұбырынды болып, атқа қондыңдар. Қалмақтан жаңа құтылып мұны бастап отырсыңдар. Қоқан, Қытай, орыс үшеуінің бірі қол салса, бұрыннан бір тұқым боз үйлінің баласы едік, бір кереге тиер еді, сөйлессек», – дейді. Төле би Абылайдың сөзіне жығылып қайтады. Төле би Шымкентті жайлайтын, әлі де сонда еді. Жапек, Бердіқожа, Орта жүздегі Арғын төресі Көкжал Барақ мақұл деп, Үйсін, Арғыннан 4000 қол алып, жасырынып аттанып, қырғызды көздейді».

Орыс деректерінде қазақ, қырғыз қатынасының шиеленісіп кетуі Көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Шымыр Шынқожа есімімен байланысты айтылады.

Ал мұнда сөз болып отырған Бәйтік би кім? Төле бидің әкесі Әлібектің бәйбішесінен тараған Тыныбектің Ақбота, Ақшора, Абыл (Абдулла) деген ұлдары болған. Ақботадан Ырысбай одан Бәйтік туған. Ташкенттегі Бәйтік қорғаны соның есімімен аталған. Оның атасы Ақбота би де кезінде Ходжентті билеген. Бәйтік Төле бидің көзі тірісінде би — батыр атанып, өзі салдырған қорғанда шаһар айналасына қарасты тұрғындарға үстемдік жасап отырған. Сонымен қатар Өгем, Майдантал жайлауларына дейін иелік жасап, билігін жүргізген. Шөбі шүйгін бұл жайлаулар мен шалғынды, нулы да сулы кең аңғарлар мыңғырған малды сыйғызатын. Табиғаты тамаша бұл алқаптар да қырғыздардың көз құртына айналған еді. Міне, осынау алқапта қазақ, қырғыз байланысынан сыр шертетін Анды — Қарағыз ескерткіші аңыз болып бізге жеткен. Бүгінде бұл өлкені Халықаралық туризм мекеніне айналдыруға күш салу керек.

Бәйтіктің қырғызға қарсы болуының да өзіндік себептері бар. Қырғыздар Бәйтікке қарасты иеліктерге шабуылдап, одан көптеген жылқыларды барымталап, тыныштық бермейтін. Оған жауап ретінде Бердіқожа мен Бәйтіктің жасақтары да күн-түн қатып оларға аттанатын. Міне, екі жұрт арасындағы осындай кикілжіңдердің ақыры жаулыққа әкелді. Қырғыздар бір шеті Қазығұрт, бір шеті Қаратау, Шолаққорғанға дейін шапқыншылық жасап, кеше ғана қалмақтардан азат болған жерлердің талапайын шығарып, талан — таражға түсірді. Түркістан, Иқан, Созақ, Саудакент аймақтарына билігі жүріп тұрған Көкжал Барақ Тұрсын сұлтанның баласы бұрыннан Бәйтік, Бердіқожамен тілектес, ниеттес болатын.

Бұл тұста қырғыз манаптары орыс патшалығымен, Қоқан бектерінің желіктіруіне еріп, іргелес қазақ руларын өзіне бағынышты етуге дәмеленді. Садыр батыр Талас пен Шолаққорған, Созаққа дейін қол созуға әрекеттенсе, Шу өңіріндегі Жайыл, Атеке сияқты манаптары Жетісу жерлері мен Жезқазғанға дейін өрісін кеңейтпек болып арпалысты. Міне, осы әрекеттердің дүмпуі талай жерді жаңғыртқан қазақ-қырғыз ортасындағы жантүршігерлік қантөгістерді туғызды. Біз осы бір күйінішті тарих шындығын тереңдеп түсініп, сараптауда дәйексіз аңыздарға бой ұрмай тарихқа тұжырым боларлық дәлелдерге сүйенсек, пікіріміз жанасымды болып шығар еді деп ойлаймын.

Сол дәуірде өзара қайшылықты асқындырмауды көздеген қазақ ханы Абылай ата — бабаларымыздан келген көршілік, туыстық жосыны бойынша шешуге ұмтылып тежемді ұстаным ұстаған. Бұған дәлел Пиң патшасымен арадағы тиімді байланысқа сүйеніп, қазақ — қырғыз арасындағы қатынасқа Пиң патшасының дәнекер боп жарастыруынан үмітті болған. Пиң патшалығы жылнамасы бойынша 1760 жылы 20 сәуіріндегі жарлығында: «… Сіздердің өз ұлыстарыңызды жақсы ұстап, бейбіт, берекелі тіршілік етулеріңізді әрі жарлығыма құлақ асып, бұйраттармен (қырғыздармен) жарасуларыңызды үміт етемін. Былтыр керуендеріңізді қырғыздардың талағанын айтқан едіңіздер, олардың елшілері Бейжіңге келген кезде заң-ережелерге бағынып бату болмай, тату болып, қараушылық істемеуін оларға ескертейін…», – деп жазылған.

Әрине қырғыз-қазақ қайшылығы мұнымен басталған емес, екі ұлыстың билеушілері өзара аңдысқан шарпысулар бұдан бұрынырақ бой көрсетіп жүргені.

Әйгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың (1835-1865) жазған шығармасында «Найманның сұлтаны жалды Барақ қырғыздарға тиісіп, мол олжаға ие болды. Жеңістен — жеңіске, олжадан — олжаға жетіп желіккен сұлтан қырғыздар әулие тұтып, қастерлеп келе жатқан Қошқар Атаның мазарын қорлайды. … Қырғыз батырлары бұған шыдай алмай, жалды Бараққа түн жамылып шабуылдап, қолын қуып, барлық мал — мүлікке ие болады…», – деген.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1916 жылы жариялаған «Жалаңаш баба» деген шығармасында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Барақ батырлардың қырғыз ауылдарын шауып, көп олжамен қайтқанын айтады. Дәл осы тұста (1750 жыл) Ақсу, Шымкент, Қаратау өңіріндегі Дулат, Сіргелі, Ошақты, Қоңыратты шабуға сайланып қол жиып жатқан қырғыздар Садыр батырдың бастауымен жорыққа аттанып, үлкен дүрбелең туғызады. Ауылдарға ойран салып, көптеген адамды қырғынға ұшыратып бастарын кесіп бір шым, бір бастан қалап, Шу бойында «Келді мұнара» тұрғызады. Сонда қырғыздың Садыр батыры «Көкжарлы Көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым», – деп мақтанған екен.

Бұл оқиға Абылай сұлтанның намысын қоздырып Үш Ордадан қалың қол жинап аттанып, Шу бойында Садыр, Жайыл, Атеке батыр сияқты қырғыздармен соғысуға дайындалады. Сонымен бірге Абылай қоралас ер Жауғаш атты батырын қырғыздарға елшілікке аттандырады.

Соғысты ұтымды пайдаланған Абылай қырғыз манаптарымен толарсақтан қан кешіп соғыс жүргізіп, нәтижеде «Жалаңаш бабаның» тылсым әулиелігінің құдіретімен Жайылды жеті баласымен, оған қоса Садыр батырды өлтіреді. Тек, «тұқым қалсын» деп Жайылдың бір баласына рақым жасап, тірі қалдырғаны сол «Жалаңаш баба» шығармасында да суреттеледі.

Пиң патшалығының Жылнама деректеріне қарағанда 1764 жылы қырғыз манаптары қазақ руларына үш рет шыққандығы мәлім.

Кейіннен күш алған Абылай қырғыз манаптарының ыдыраған қосынын пайдаланып, олардың қайта күш қосуына дес бермей, батыл қимылдап қырғыздарға қатты соққы берген көрінеді.

Осы оқиға жайында ой қорытқан Шоқан Уәлиханов: «Соғыстың дақпырты күшті болған, қырғыздардың оны мен солы түгел қатынасқан Солты мен Саяқ руы талқандалып, атақты Жайыл батыр (Солты руының көсемі)» өлтіріледі де бұл соғыс Жайыл соғысы деп аталады. Бұғы руын Ыстықкөлде қиратады. Алатау қырғыздарының Атеке жырық батыры да сонда болады. Тоқаштың Қаратөбесі қайсақтардың топталып ту тіккен жеріне айналады. Алатау қырғыздары жантүршігерлік қырғынға ұшырайды.

Шоң бағыш руынан тек екі ауыл аман қалады…. Жайылдың қызы Атекенің әйелі Бигежанның жоқтауын қырғыздар осы күнге дейін жырлайды. Үш ұрыстың нәтижесінде Абылайға бітім сұрап, Алатау қырғыздарының барша руларының өкілдері барады… Бұдан былай бір-бірімізді өлтірмейміз деп тұңғыш рет уәдеге келеді…», – деген. Осы баяндау қырғыздардың жерін шарпыған қан майданның болғанынан дерек береді. Осындағы Шоқан айтып отырған Тоқаштың Қаратөбесі бүгінгі Түркістан облысының Төле би ауданындағы қырғыз елімен шекараға жақын орналасқан Қаратөбе ауылы. Сонау ғасырлардан бері бұл жер атауы сақталып келеді. Осы Қаратөбе, Шутөбе, Дарбаза, Ақсу өзенінің бойында қазақ-жоңғар, қазақ-қырғыз арасында талай тарихи оқиғалар болған. Біздің тарихшылардың еңбектеріне қарасаң шайқастардың барлығы Қордай, Алматы облысы аймағында өткендей көрсетеді. Қазақ-қырғыз майданының шебі негізінен Мерке мен Қазығұрт алқаптары аралығында өріс алған. Біз сөз етіп отырған Қаратөбеде сол қилы кезеңнен қазақ арасында қоныстанып қалған қаншама қырғыздың шаңырағы бүгін де осында отыр. Жауғаш батырдың аталастары қораластарда осында отырғанда дүдәмал сауалдарға жауап іздеудің қажеті шамалы деп ойлаймын.

Талас Алатауы сілемдерінен қайнар алған Ақсу өзенінің жоғары, орта ағыстары 1765-1775 жылдары аралығында соғыстың талай зардаптарына ұшырағаны аян. Сол кезеңнен қалған тағы бір белгі Сайрамсу өзенінің өр жағындағы Ботбай қырылған мазары. Қызыл қырғын соғыста қырғыздар сүргінге ұшырады. Абылай хан Жайыл батырды балаларымен бірге өлтіру жарлығын жасағанда ер Жауғаш оның бір баласының қанын сұрап, аман алып қалады. Екінші бір айтылуда арашаға түскен Сиқым Шынет батыр еді дейді. Бұл оқиға туралы қырғыз тарихшысы Б.Солтаноев: «Жауғаш батыр хан жарлығының екі қайталанбайтынын білсе де Жайылдың үлкен ұлы Тегемен қияметтік дос, әкесімен бауырындай сыйлас екенін айтып, әкелі-балалы төртеуінің (Жайыл, Теге, Үсен, Итеге) ең болмаса бір мұның қанын қиып өлтірмеуін өтініп, 13 жасар Итегені арашалап қалған екен. Әзір Итегеден тараған ұрпақ Шалдуар, Қайынды дейтін он бес ауылды алып жатқан көрінеді. Таяу заманға дейін Итеге тұқымдары Ер Жауғаш ұрпақтарына ерекше ықыласты қатынаста болып отырған». Сондағы соғыс болған мезгіл қоңыр күз болса керек. Биік тауларды қар-мұз басып қалып тарихта «Абылай аспас асу» дейтін атпен қалған.

Әңгімеге арқау болып отырған Жауғаш батыр қім? Жаужүрек Жауғаш Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Ол Дулат тайпасы Ботбай руының Қоралас атасынан шыққан Қырбас дейтін кісінің баласы. Абылай ханға ақылшы, мәмілегер, дипломат. Ол елшілік бабымен қырғыз манаптарымен бірнеше кезекті келіссөздер жүргізген, 1779 жылы Сарыарқаға барып, Абылай хан мен Бекболат би ортасындағы кикілжіңді шешуге атсалысқан. Үлкен ордадағы рулар мен қырғыз манаптары арасында болған алауыздықтарды шешуге ақыл қосып отырған. Жауғаш 1772- 1774 жылдарда Абылай ханның баласы Әділ сұлтанның Үлкен ордадағы билік орнын орнықтыруда маңызды рөл атқарған. Пиң патшалығының 1756 жылы 3 қазандағы жарлығында айтылатын Жауғаш дейтін кісі осы. Ол Пиң патшалығының шекараны орнықтырушы қосыны мен қазақ хан, сұлтандар ортасындағы байланысты қалыпқа түсіріп, екі арада елеулі қызмет істеген.

Қырғыздарды атамекеннен ығыстыруда басқалармен бірге Қойгелді батыр да ерекше ерлік көрсеткен. Ташкенттен шыққан Қойгелді Шолаққорған, Созақ, Арыс, Таластан қырғыз манаптарын түре қуалап, Құлан дейтін жерде Абылай ханның жауынгерлерімен қосылып, қырғыздарды таудан шегіндірді.

Қырғыздар қатты жеңіліске ұшырады. Абылайдан келісімге келіп бітім жасауды өтінеді. Сонда Абылай хан: «Қазақ ауылдарын шауып алған мал-мүлкін қайтарасың, содан соң айыбыңа еліңнен таңдап қырық жігіт аламын. Өз балаңды алсам да қолымнан қақпайсың. Әлігі қырық жігіт еліңнен таңдап қырық қыз алады, сол қырық қызды той жасап, отаулап ұзатасың деген шарт қойып Садырды тұтқыннан босатыпты. Келісім бойынша қырғыздардың ру басшылары мен манаптарының балаларынан құралған қырық отауды Көкшетаудағы Бурабайдың күнгей жағына орналастырыпты». Шоқан Уәлиханов былай деп жазады: «Оның (Абылай) тұтқынға айдап әкелген адамдарының көп болғаны сондай, қазір олардың ұрпақтары екі болыс ел болып жаңа қырғыз және бай қырғыз деп аталады», – дейді.

Абылай сұлтан қырғыздармен бітім жасасқаннан кейін Түркістан, Сайрам, Шымкент, Созақ қалаларын қаратып, 1779 жылы Ташкент шаһарын бағынышты етеді. Содан 1780 жылы Ташкенттен келе жатып бірден-бір жазғы қоныс ордасы болған Арыс өзенінің бойындағы Ханқорғанда ауырып, мәңгілік сапарға аттанады.

Қазақ-қырғыз қарым-қатынасында атақты Абылай мен данышпан Төле би, Ер Жауғаш пен Қойгелді батырдың, көкжал Барақ, Бердіқожа, Бәйтік, Шынқожа сынды қаһармандардың орны ерекше.

Біз бұл зерделеуіміз арқылы қазақ тарихшыларын мынадай мәселелерге назар аударар деп сенеміз.

Біріншіден, қазақ-қырғыз арасындағы соғыс картиналары бүгінгі Жамбыл облысының Шу, Мерке, Жуалы аудандары мен Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудан-аймақтары арқылы ішкерілей Созақ, Шолаққорған, Қаратау жоталарында орын алғанын назардан тыс қалдырмаған жөн.

Екіншіден, Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылының кең аймағы. Мұнда қазақ-жоңғар соғысынан мәлімет беретін «Секер-Барақ» мазары менмұндалайды. Өгем жотасында қазақ-қырғыз қатынасынан сыр шертетін Анды-Қарағыз ескерткіші тағы бар. Бұларға қатысты шерлі оқиғалар тарихтан талай сыр ақтарады. Өкініштісі, бұл жерлер елеусіз қалып келеді. Оқиғалар желісі көп жағдайда бұрмаланып жазылуда.

Үшіншіден, қазақ-қырғыз қатынасына байланысты Төле би ғұмырдариясын да анықтауға, оның қаза болған жылын межелеуге болады. Бұл сонымен қатар Абылай өмірінің ашылмаған беттерін парақтауға да мүмкіндік береді. Оның өмірінің соңғы 17-18 жылы Оңтүстікпен тікелей байланысты болғанын біреу білсе, екеу ескермейді. Абылайдың Оңтүстіктегі қызметін терең зерделеу керек. Бұл мәселелер қазақ-қырғыз қарым-қатынасында маңызды мәнге ие. Сондықтан, жаңа деректер арқылы жаңа көзқарас, байыптаулар қажет. Біз де соны күтеміз.

Мұхитхан МИРАЗОВ,

«Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.

 

Ақбөпе ПОШАТАЕВА,

Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *