ҚАЗАҚ ИМПЕРИЯСЫ немесе қазақ мемлекеттілігі туралы әр кезеңде айтылған пікірлер

Көзқарас Рухани жаңғыру
62 Views

Қазақ хандығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Сонымен бірге алыс, жақын шетелдердегі архивтерде сақталып қалған құжаттарға зер салып қарасақ, тіпті кешегі социализм, бүгінгі егемендік жылдарында баспасөзде жарияланған мақалалар мен кітаптарды оймен оқысақ, қазақ мемлекеттігінің құлдырауымен бірге шарықтап өсу дәуірлері болғаны да ара-тұра айтылып қалады. Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білу», сондай-ақ «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген сөздері де тегіннен тегін айтылмаса керек.

 

Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ: РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТІ ҚАЗАҚТЫ ТӨРТІНШІ ИВАННЫҢ КЕЗІНЕН-АҚ ЗЕРТТЕЙ БАСТАҒАН

Қоғам қайраткері, кезінде социалистік Қазақстанның ұлттық идеологиясын қалыптастыруда жемісті еңбек еткен жоғары лауазым иесі, тарихшы-этнограф, өнертанушы ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың «Жолайырықта» (1995, Алматы) атты кітабы бар. Онда негізінен қазақтың ұлттық сәулет өнері туралы әңгіме өрбиді. Өзбекәлі ағамыз ұлы даладағы киіз үй, қазақы қоржын там, тағы басқа да құрылыстар тарихынан сыр шерте отырып, ара-арасында әңгіме ауанына қарай Қазақ хандығының қатардағы көп жұрттың бірі емес, күшті мемлекет болғанын тарихи деректерге сүйене отырып, қысқаша баяндап өтеді.

1992 жылы Алматыда басылған «Чингисхан как полководец и его наследие» атты кітапта (авторы Э.Хара-Даван) «Бату заманында-ақ Алтынорданың құрамында «Қазақстан» деген аймақ болған» деп жазылыпты. Ал біздің тарихшылар күні кешеге дейін Жәнібек пен Керей сұлтандардың Шу бойында жеке хандық құрғандарынан ары аса алмай келді емес пе. Соңғы кезде ғана қазақ мемлекеттігінің тарихын Ақордадан бастау керектігін алға тартып жүр. Шындық одан да әріде, одан да тереңде жатқанын жоғарыдағы қысқа ғана бір сөйлем айқайлап жеткізіп тұрған жоқ па! Алтынорданың құрамында «Қазақстан» аймағы болса, қазақтарды сол империяның титулды ұлты деген дұрыс шығар. Себебі империяның негізгі аумағы қазақтарға мұра ретінде қалды ғой. Басқаша айтқанда, әу бастан-ақ қазақтардың жай хандық дәрежесін місе тұтпағаны көрініп тұр.

Жоғарыдағы осы пікірді Ө.Жәнібеков аталған кітабындағы «Қазақтану керек пе?» деген мақаласында одан әрі шегелей түседі. «Ресей мемлекеті қазақты Төртінші Иванның кезінен-ақ зерттей бастаған, – деп жазады қазақтың ұлы идеологтарының бірегейі Өзбекәлі Жәнібеков. – 1534 жылы Ноғайлы ордасында болған орыс елшісі Даниил Губиннің патша ағзамға жазған хабарламасында: «Қазақтар, әміршім, құдіретті де батыл құсайды, жұрттың айтуынша, әмірші Ташкентті жаулапты, тіпті ташкенттік ханзадалар, менің естігеніме қарағанда, екі рет шайқасып, қазақтардан соққы жепті» дегені кезінде европалықтар үшін құлақ түрерлік мағлұмат болған екен. Бірінші Петрдің, Екінші Екатеринаның патшалық құрған тұсында, онан кейін де, табиғи байлығы мол ұлан-ғайыр кеңістікке иелік еткен қазақтың құдіреті мен осал жақтары оның рухани болмысымен, әлеуметтік қатынастарымен, тұрмыс-салтымен қоса зерттеле берген. Отаршылық қармалауышын Шығысқа қарай созған Ресей мемлекеті жіберген зерттеушілердің арасында өрісі кең, демократтық көзқарастарымен белгілі болған ғалымдар да, бұратана халыққа паңдана қарайтын лауазымдылар да, жергілікті мықтылар жөнінде ұсақ-түйек мәлімет, сыбыс жинаған жансыздар да болған. Өйткені, қазақ жерін мейлінше бытыраңқы, әр тілде сөйлейтін, сан жағынан шамалы Сібір халықтары сияқты қарулы казактардың аз ғана тобының күшімен бағындыра алмайтыны көптен белгілі болған».

Ресей деген алып империя, кіммен де болса, екі сөзге келмей соғыса кетуге дайын тұрған әскери империя ұлы даланы бодандыққа түсіруге келгенде тым көп ойланып, бір емес, екі ғасыр бойы алыстан орағыта әрекет етіп, қазақ мемлекетінің ғасырдан ғасырға созылған үздіксіз соғыстардан әлсіреген, халық саны азайған, дұшпандары көбейіп, жан-жақтан анталаған кезде ғана бөлшектеп, бөліп барып, шетінен өз құрамына ала бастағаны көрінеді.

«Жолайрықта» кітабынан,

1995 жыл. Алматы

 

Мирас АСАН: ТҰЛПАР ТҰЯҒЫМЕН ЖАЗЫЛҒАН ТАРИХ

… Сығанақ қаласы Сырдария бойында орналасқан ортағасырлық ірі сауда орталығы екені белгілі. Одан бөлек, біз Сығанақты Қазақ хандығының алғашқы астанасы ретінде танимыз. Сығанақтың жалтөбесіне шығып, солтүстік-шығыс қақпасында тұрған уақытта табанымыздың астындағы тарих түбі бір түрік жұртының соншалықты асқақ – өр рухты екенін сездіреді…

… Ұлттың ұстынына айналған атақты «Қыз Жібек» фильмі, негізі, түпнұсқада ұзақтығы 3 сағаттан асатын көркем туынды екен. Киноның 500 метрлік лентасы түрлі себептермен қиылып қалған. Жалпы, Кеңес өкіметінің кердең саясаты қазақтың көсегесін ешқашан көгертпеген ғой. Сөйтсек, «Қазақта жер болмаған, ел болмаған, мұншама самсаған қол болмаған» деп түмен-түмен әскерді көрсететін кадрларды қасақана қиып тастаған көрінеді. Бұл сөздің және біреуін тарихшы Таласбек Әсемқұлов өзінің «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» деген еңбегінде жазады. Ермұқан Бекмаханов тергеуде отырғанда, тергеуге қатысып отырған бір тарихшы «Осы, сендер қазақтар, неменеге кеуделеріңе нан пісіп, неменеге кергисіңдер? Бір-ақ беттік тарихтарың бар, неменеге кісімсисіңдер?» депті. Сонда Ермұқан ағамыз жымиып тұрып: «Қондыгердің сол жалғыз-ақ беттік тарихына бүкіл әлем сыйып кетті емес пе» деп жауап беріпті. Бұл ойлардың астарында біз бара жатқан «Ташкент те Алаштың қаласы болған, әйтпесе Төле би бабамыз ол шаһарда неге жатыр? Әйтеке би қорымы қалған маң дала да кезінде қазақтың жайлаған іргелі қонысы болған» деген арман бұлдырайды. Осынау ұлан-ғайыр даланы найзасының ұшымен, білегінің күшімен қорғап, шекараның шеңберін сызған уақытта бабасының қорымы дәлел болғанын қалай ұмытамыз? Бабамыздың бұл өлкеде не үшін барақат тапқанын енді бағамдай беріңіз дейміз бір-бірімізге…

«Егемен Қазақстан» газеті,

13 қыркүйек 2017 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *