ҚАЗАҚТЫҢ ҚИЛЫ ДА ҰЗАҚ ТАРИХЫ БАР

Тарих
193 Views

(Жалғасы. Басы өткен санда).

Л.Н.Гумилев Ұлы Даланың тарихын сонау ғұндардан, түркілерден бастап хазарларға дейін қуалай баяндап шықты. Ол алғашқы еңбегі «Хұндар», «Көне түркілер» және «Қиял патшалығын іздеу» деген үш кітаптан тұратын «Ұлы Дала» трилогиясын жазды. Ежелгі түркілер қысқа уақыт ішінде әлемдік мәні бар мемлекеттік құрып, Батыс пен Шығыс арасын жалғастырды. Түркілер құрған мемлекет адамзат тарихындағы бетбұрыс кезеңі болды, өйткені сол уақытқа дейін Жерорта теңізі мәдениеті мен Қиыр Шығыс мәдениеттері, бір-бірінің өмір сүріп жатқанын білсе де аралары қосылмаған еді, – дейді Л.Н.Гумилев [5, 12].

Л.Н.Гумилевтің отандық және әлемдік тарих ғылымның алдындағы еңбегі орасан зор. Ол Батыста қасаң қағидаға айналған еуроцентристік көзқарастың қабырғасын сөкті. Еуропа мен Ресей тарихшыларына көшпелілердің кемел тарихын ұсынды. Шығыста, атап айтқанда, Ұлы Далада, Қытайда, Үндістанда, Иранда дамыған өркениеттер қалыптасқанын баяндады. Ежелгі ғұндар мен көне түркілердің ұрпақтарына ата-баба тарихын жазып, қолдарына ұстатып кетті. Оның «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» еңбегі (1989 жыл) Мемлекеттік сыйлық алды. «Көк түріктер мен Алтын Орданың айбарын айтпағанда, Қазақ хандығы – біздің елдігіміздің түп-тамыры», – деді Н.Назарбаев[1, 1].

2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толды. Соншама жыл бұрын халық тарихында ұлы бетбұрыс болды. Бірақ бұл дата – қазақтың қилы да ұзақ тарихын тым қысқарту емес, керісінше халық тарихының хандық дәуірінің құрылу мерейтойы. Біздің дәуірімізден он мың жыл бұрын да бүгінгі Қазақстан жерінде мық елі болған. Археологиялық мәліметтер бойынша адамзат тіршілігі тас дәуірлерінде де болған. Неге осы халықтар туралы жазбасқа. Тастағы суреттерде адамдар жылқы мініп, түйе жетелеген. Ғалымдар бұл суреттердің ертеде, тым ертеде салынғанын айтады. Кей суреттердің тарихы жиырма бес мың жылғы деп танылған.

Жазылған деректер мен мәліметтер бойынша халық тарихы ұзақтығы үш мың жыл. Ал тау-тастардағы суреттер бойынша ата тарихымыз бірнеше мың жылдарға барады. Тұлпар баптап, бала өсіріп, төрт түлік малды өрбітіп, көшпелі елдің шаруашылық мәдениетін қалыптастырды. Қуатты жауынгерлік рух, тіршілікке құштарлық көшпелілердің Енесай мен Дунай арасын көктей өтіп, батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғастыруына жол ашты. «Ұлы Далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ең жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген», – дейді Н.Назарбаев[1, 2].

Қытайдың ең ескі жазуларында (шигун) ғұндар тарихы туралы анық та айқын жазылған. Ғұндар оңтүстігіндегі тайпалар Лобнор Күншығыс Түркістан, Ман (Үндістан) елі мен көршілес, күншығысында – Қытай тоғыз тайпа, Солтүстік шығысында – тұңғыс пен корейлер, күнбатысында – алты тайпа ғұндар (Си-Жүн), солтүстігі – түгелімен Хұн тайпалары. Сондай-ақ Бичуриннің басқа жазбаларында ғұндар Ортос пен Кансудан бастап Жайық өзеніне, Каспий теңізіне, одан әрі де қоныстанып отырған дейді. Бұл мәліметтер біздің заманымыздан бұрынғы 800-400 жылдарды қамтиды деген. Демек осы мәлімет бойынша 2800-2400 жыл бұрын аталған аймақтарда ғұндар тіршілік еткен. Бүгінгі қазақтар – сол бабалардың заңды мұрагері, – деген пікірді Әлкей Марғұлан дәлелдермен жазған.

Жазба мәдениетіміздің кенжелеуі – тарихымыздың көмескіленуіне алып келді. Дегенмен жазу мәдениеті ертерек қалыптасқан Қытай мен Латын тарихшылары қалдырған тарихи еңбектерде төл тарихымыз ертеден мәлім болған. Византия жазушысы Фиофилакт Симокатта «Күншығыста тұратын скифтерді біз түріктер деп айтамыз», – деген [3, 8]. Демек бүгінгі Қазақстан жерінде ең ежелгі түркілер скиф атымен біздің заманымыздан бұрынғы Х ғасырда өмір сүрген. Еуропа ғалымдары скиф деп сақ халқын айтатын болған. Батыс пен Шығыстың жиһанкездері мен тарихшылары жазып қалдырғандай, Қаратеңіз шығысында скифтер (сақтар) өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан, Шығыс Түркістан және Алтай таулары аймағында скиф-сақтар мол мұра қалдырған. «Сақ қорғандары» арқылы жеткен дүниелер Ұлы далада ғаламат мәдениет қалыптастырған халықтар өмір сүргенінің дәлелі.

Сақ, ғұн түркі тарихын, мәдениетін, тұрмысын зерттеп ғылыми айналымға түсірген және осы мәдениеттің араларында тарихи сабақтастықтың барын қаузап жазған авторлар көп. Солардың қатарына Н.Я.Бичурин, В.В.Радлов, В.В.Бартольд, Ф.Хирт, Грот, И.Дегин, Дионисий Перигет, Клавдий Птоломей және кеңес ғалымдарынан аса көңіл қоя зерттегендер – Г.Е.Грум – Гржимайло, К.Иностранцев, С.И.Руденко, С.В.Киселев, А.Н.Бернштам, С.П.Толстов, Л.Н.Гумилев, тағы басқаларды жатқызуға болады. Түркі халықтарының ежелгі тарихы туралы мол дүниелер жазылған, оны алғаш зерттегендер де Батыс пен Шығыс, әсіресе Қытай ғалымдары.

Ұлы Далада әлемге аты кең тараған ғұндар тарихы қалыптасқан. Ғұндардың аса күшейген, кемеліне келген кезі біздің заманымыздан бұрынғы IV-III ғасырлар еді. Бұл кезеңде ғұндар қытайлармен жауласып өтті. Ғұн елі бұл кезде алып та білге қағандар Тумын, оның ұлы алып ер Модэ билеген. Қытай жағы ғұндарды өздерінен кем санап, ғұндардан алым-салық алып тұратын бағынышты елге айналдырғысы келеді. Модэ қаған Қытайдың сұрағандарын береді. Бірақ жер сұрағаны үшін жойқын соғыс ашып, қытай әскерін талқандайды. Ғұн тарихының жарқын беттері осылай ашылады. Ғұндар туралы мәліметтер қытайлық шежірелерде мол кездеседі екен.

Ғұндар жүздеген жылдар ұлы сахарада өмір сүріп, артына көп ұрпақ, бай мәдениет, сәулетті қалалар қалдырған. Олардан қалған ұрпақтар үйсіндер, қаңлылар, оғыздар, қыпшақтар, арғындар, қоңыраттар, қияттар, наймандар, керейлер, уақ-үңгіттер, латтар. Ғұндардан қалған көркем қалалар Сыр бойында, Жетісуда, күнбатыс Қазақстанда, Маңғыстауда орасан көп, – деп жазады Ә.Марғұлан. Ежелгі ғұндар, үйсіндер, қаңлылар Қазақстан сахарасын мекен етіп, өмір сүрген. Соның арқасында қалалар соғып, гүлденген мәдениетке де қолы жеткен.

Орта Азияда ғұндардың мәдениет орталығы болған жерлер Жетісу, Іле, Шу, Талас аймақтары. Қазақстанның барлық аймақтарына ғұндар Жетісудан көшіп келген, – деп жазады. С.П.Толстов. Ежелгі дәуірлерде Каспий атырабына ғұн тайпаларынан абдал (эфталит), кердары (кердері), дай (адай) қоныстанған. Бүгінгі күнге дейін ежелгі тайпалардың ұрпақтары тұрып жатыр. Ол елдердің ерте заманнан қалдырған ескерткіш белгілері мол. Сондай-ақ өз алдына ғұрыптық заңдарын жасаған. Солардың бірі үйсіндер – ғұн мен қаңлылардың бір тармағы ретінде Жетісуда өсіп-өркендеді, артында ескерткіш қалдырды.

Ғұндар дәуірі ұзақ жылдарға созылған қытай мен ғұндар соғысымен ерекшеленеді. Әлемдік мәдениетте орны бар, Ұлы Қытай қорғанын қытайлар жауынгер ғұндардан қорғану үшін тұрғызған. Демек Ғұн империясы Қытайға қауіп төндірген бірден — бір күш болған. Ежелгі ғұндардың бір тармағы Монғолия жерінде тұрған. Оның дәлелін Ә.Марғұлан өз еңбектерінде келтірген. Жалпы ежелгі монғол мен ежелгі түркі, ғұндардың онша айырмашылығы жоқ. «Монғолияда туған Шыңғысханның елі түркілердің бір бөлігі. Ғұндар ең ескі түркілер», – дейді [3, 9]. Ә.Марғұлан, сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылардың қазақ даласында, қала мәдениетін қалыптастырған мықты мемлекеттері болған.

В.В.Бартольдың айтуынша, Азия сахарасына ғұндардың Еуропаға қоныс аударуы, біздің заманымыздың бірінші ғасырының аяғына тап келді. Қытай тарихында ғұндарды VI ғасырдағы түркілердің атасы еді, – дейді. Бүгінгі Орал өзенінің аты бұрын Жайық деп түрікше аталған. Қоныс аударушы ғұндар VI ғасырда Дон өзеніне аяқ тіресе, V ғасырда Еуропаға кірді. Еуропада Еділ патша жойқын империя құрды, ондағы халықтар мен мемлекеттер тарихында ғұндар мәңгілік қалды. Ғұндардың ұрпақтары еуропалықтармен араласып, еуропалық халықтардың антропологиялық және этнографиялық картасында өз қоспаларын қалдырды. Рим империясының болашақ тағдырын айқындады…

Ғұндар Еуропаға қоныс тепкенде жаңа қоныста мәңгі қалған жоқ. Бір халыққа (Хунгария) атын берсе, екіншілерінің тарихында қалды, үшінші халықтардың эпостық жырларында, қария сөздерінде, аңыздарында жақсы сақталды. Француз ғалымдары – Блеер мен А.Тьерри: «Еділ патша есімі адамзат тарихындағы парасат иелері – Александр және Цезарь есімдерімен қатар аталады», – депті. Еділ батыр туралы естеліктер герман және Скандинавия халықтарының жыр-дастарында көркем түрде сақталған. «Үлкен Эдда», «Кіші Эдда» дастандарының бас кейіпкері Шығыстан келген алып ер. Ол жылқы өсіреді, бие байлап, қымыз ішеді. Еуропада кермеде жылқы байлап, қымыз ішетін халықтың жоғын еске алсақ, жырдың бас кейіпкері ғұндардың батыры екенінде дау жоқ.

Еуропаға ауып барған ғұндар өздерін ауарлар деген. Ауып бару, ауып келу дегеннен – аварлар-ауарлар сөзі шыққан. Ғұндар Дунай өзеніне жеткенде өздерін ауарлар деп атаған. Орыс тілінде ауарлар сөзі – переселенцы. Сондықтан да түркі тілінде «аварлар» деген атау сақталған. Ғұн аталған түркілер Еуропаға қоныс аударғанда ата жұрттағы ел VI ғасырда орхон қағанатын – көктүркілердің ұлы империясын құрды. Ғұндар мен түркілер тарихын терең зерттеген В.В.Бартольд: «Түркі халықтары біздің заманымыздың I ғасырында ыдыраған ғұн империясының құрамдас бөлігі еді», – дейді. Қытай тарихшылары да VI ғасырдағы түркілердің ғұндардың ұрпақтары екенін жазып қалдырған.

Батыс Еуропада Еділ патша құрған ғұндар мемлекеті ыдыраған соң негізгі көш атақонысқа, Күншығысқа кері көшеді. Қайтқан ғұндардың азырақ бөлігі Қырым мен Солтүстік Кавказға қоныстанды. Қырымда, Солтүстік Кавказда тұратын түркі тілді халықтар солардың ұрпақтары. Қайтқан көштің негізгі құрамы Орта Азияға барып, бұрынғы ғұн-түркі тайпаларымен бірікті. Еуразия құрлығындағы көк түркілер мемлекетінің әскері – атты жасақ болды. Жылдам да қуатты атты әскер түркілердің мақтаныш еді. Нәтижесінде бүгінгі Алтай, Ертіс, Жетісу, Сырдария және Каспий, Дунай өзені аралығында түркі мемлекеттері құрылды. Түнсібір мен Араб түбегіне дейінгі жерлерде түркілердің атының ізі қалды, алып аймақтарды осылай иеленеді.

(Жалғасы бар).

Жұмаділ ӘБУОВ,

қоғамтанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *