ҚАБАНБАЙ БАТЫР БАБАМЫЗДЫҢ АТЫ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?!

Рухани жаңғыру
121 Views

Жалпы қазақта Қабанбай батырды білмейтін жан жоқ десек, артық айтқандық болмас. Дегенмен, батыр жайлы жазылған деректерге бір тоқталып өтсек дейміз.

Батырдың өмірі мен ерлік күресі Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара сияқты қаншама ақын-жыраулардың шығармашылығына арқау болғаны, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің “Дарабоз” атты тарихи романы жарыққа шыққаны белгілі.

Жасаған ерліктеріне орай Қабанбай Қожағұлұлы – Қаракерей Қабанбай, Дарабоз батыр атауларымен бірге талантты қолбасшы атанған. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл болған. Ол 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 жылы сонда дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан тараған деп жазады шежірешілер.

Ол басқалардан қайраттылығымен ғана өзгеше болмаған, сонымен қатар арқасындағы қалың қылдай түктерімен ерекшеленеді екен. XVIII ғасырдың бас кезінде Барлықтағы алғашқы айқаста әкесі Қожақұл батыр аз адаммен қоршауда қалып, ақыры ауыр жарақаттан мерт болады. Бұл Ерасылдың он бірге жаңа толған кезі екен. Қожақұл батырдың көзі жұмылған соң бас иесінен айырылған Мәмбет ауылдарына жыл сайын ойраттар шабуыл жасап, тал түсте жылқыларын айдап әкете беретін әдет табады. Сондай бір кезекті шапқыншылық кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Қабанбайдың ағасы Есенбайды қолға түсіріп, қорлап өлтіреді. Жауыздар қанжармен жас жігіттің қарнын жарып, шалажансар күйінде далаға тастап кетеді. Есенбай жалғыз інісі Ерасылды маңдайынан шертпей, қатты еркелететін. Ағасының арқасында әкесінің де жоқтығы білінбей, жетімдік көрмей, он алтыға жаңа толған, әлі оң-солын танып үлгермеген бұла боп өскен бозбала аға өлімінен кейін көзге қамшы тигендей мәңгіріп қалады. Әсіресе қорлағаны, азаптап өлтіргені жанына қатты батады. Есенбайдай азаматтың қаны текке кетпес, қалмаққа қолма-қол аттанармыз, қарымта қайтарармыз деп ойланғанмен олай болмайды. Бәрінен де елдің етекбастылығы, асықпайтын ағайынның керенаулығы көңілін қалдырады. Не керек, әйтеуір, іргедегі қалмаққа аттанып кек қайтаратын, тым құрыса жауға қыр көрсетіп, азаматтың құнын сұрайтын бір пенде табылмайды.

Күте-күте төзімі таусылған Ерасыл ақыры тәуекелге бел байлап, ағасы үшін кек алмаққа қалмаққа жалғыз өзі аттанады. Қанға – қан, жанға – жан! Ағасынан жаны артық па? Осы жолы не Есенбайды өлтірген қалмақты тауып қанын ішуге, не болмаса ағасының артынан бұл да мерт болуға белді бекем буады. Ақыры кек алмай жаны жай таппасына көзі жеткен соң жылқыдан төл аты – Ардакүреңді ұстап мініп, ешкімге жөнін айтпастан, шығысты бетке алып тартып отырады. Мөлшерлегеніндей-ақ, Сарыбелдің шығыс қапталына қалмақ ауылдары сұғына кіріп отыр екен. Ерасыл мал іздеп жүрген адам болып алға қарай ішкеріледі. Қолында қаруы – әкесінен қалған төрт қырлы қаратамақ найза, қайқы қара қылыш пен екі жүзді алмас қанжары бар. «Жалғыздық жары – Құдай деуші еді. Уа, пәруардігер, өзің жолымды оңғара көр!» деп тіледі ішінен. Сол күні ағасын өлтірген Өлжеден кегін алып, астындағы Ардакүреңінің басын Ерасыл із жасыру үшін Ертіс бойына ұзатылған әпкесіне қарай тартып, Керей еліне бет түзеп, мұндағы апа-жездесінің қолында бірнеше жыл тұрып қалады. Бір күні Зайсан көлі жағасында жылқы қайырып жүргенде ойда жоқта қамыс арасынан шыға келген құнан өгіздей қара қабан Ерасылға қарай оқтай атылады. Ерасыл да найзаны бар күшімен сермегенде қара қабан серең етіп құлап түседі. Ерасылдың аман екенін көріп, қуанған Бердәулет жездесі: «Батыр деп мына сені айтсын! Өзің нағыз қабан екенсің ғой! Уа, жарандар, бүгіннен бастап атын Қабан батыр деп атайық!» дегеннен кейін «Қабанбай батыр» атанады.

Содан Керей арасында бес жылдай тұрып, Ханбибіге үйленіп, кейін Байжігіт ішіне қайта оралған соң да бұл ат қалған жоқ. 1718 жылдың күзі, арада жеті жыл өткенде, Аягөз өзенінің бойында қалмақ батыры Арсалаңмен кездесті.

– Қапы қалма, Арсалаң! Мен – қазақтың Қабанбай деген батырымын. Осыдан жеті жыл бұрын, он алты жасымда ағаң Өлжежырғалды о дүниеге аттандырып едім. Міне, Құдайдың құдіретін көрдің бе, сенің де ажалың менен болайын деп тұр… Ал енді шамаң болса, қорғанып бақ! – дейді де найзаны қолына мығым ұстаған Қабанбай кіндік тұстан, не қазан толмастан қадайтын кісіше, еңкейе шауып келді де, дәл қасына таяған кезде көз ілеспес жылдамдықпен өндіршекке ұрып кеп жіберді. Найзамен бауыздалған Арсалаң кескен теректей болып, ат үстінен сұлап түсті де қорқырап қала берді…

Кейін ойрат қолын ойсырата жеңіп, Шаған шатқалынан айдап шыққанда ақбоз атқа мініп дара шауып, қол бастаған батырдың Қабанбай екенін біліп, Абылай хан қатты разы болған екен.

– Қайраусыз өтер қара қылышым-ай! Даңққа жеткізген дарабозым сен екенсің ғой! Егер, биікке бекініп алған жау қамалына қалың қолды көтеріп сен шаппағанда, бүгінгі шайқастың немен бітері неғайбыл еді. Бүгіннен бастап Қабанбай атың хан ұранына айналып, жорықтағы есімің Дарабоз болсын! – деп құшағына алып, үстіне алтын зерлі тонын жапқан екен.

Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қабанбай батыр ат үстінен түспей, 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға атсалысты. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласты. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Кеген, Нарынқол өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысқан. Қытаймен бітім жасалғаннан кейін 1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап береді.

Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап қарсы шығып, Қабанбай жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшыраған. Осы айтылған әңгімелерден ұққанымыз, Қабанбай батырдың өмірі ат үстінде өткенін білуге болады. Тірі кезінде аттан түспеген батыр бабамызды өлгеннен кейін атсыз қалдыру қазақтығымызға, қала берді елдігімізге сын емес пе?!

Менің бұл мақаланы жазуыма түрткі болған жайт – Шымқаламыздағы Тәуелсіздік саябағына кіреберісте үлкен көшенің бойына орналасқан бас батырларымыздың бірі болған Қабанбайдай батыр бабамыздың ескерткіші еді. Иә, онда тұрған не бар дерсіз? Мәселе ескерткішінде емес, батыр бабамыздың атсыз қалып, қамшысын көтеріп тұрған бейнесінде. Мына дамыған заманда батыр бабамыз көліксіз жаяу қалып, такси күтіп тұрған адамның бейнесін көз алдыңа елестетеді екен. Мүсіншінің батырды неге атсыз бейнелегенін әлі күнге дейін түсіне алмай келемін. Кезінде ел арасында біраз гу-гу әңгімеге арқау болды да, сап тыйылды. Өйткені, ол кезде көпшілік қарабастың қамымен болып кетті де, бұл жайлы ойлауға шамалары да келмеді. Енді, міне, Құдайға шүкір, етек-жеңімізді жиып ел болып, еліміздің әл-ауқаты жақсара бастағанда жан-жағымыздағы тірліктерге көз тастап, қателіктерімізге сын көзбен қарай бастадық. Рухани жаңғыруға байланысты облысымызда көптеген ізгілікті де игілікті тірліктер қолға алынуда. Соның бір парасы ретінде өткен тарихымызға көз жібере отырып, атсыз қазақты атқа мінгізуге септігі тие ме деп, мұның үстіне қарапайым көптің бірі емес, ел қорғаған батыр бабамызды атсыз қалдырған қателігімізді түзетуге қозғау салу үшін кеш те болса қолыма қалам алып отырған жағдайым бар.

Өткен ғасырларда, қазіргідей техника болмаған заманда қай бабамыз атсыз, жаяу жауға шауып батыр атанып еді? Қалай болғанда да қай қазақты атсыз елестете аласыз? Тарихқа үңілсек, ең алғаш рет жабайы жылқыларды қолға үйрету де біздің бабаларымыздың үлесіне тиген екен. Олай болса, атты – қазақсыз, қазақты – атсыз көз алдыңызға елестету мүмкін бе?! Мұның үстіне батыр бабамызды атсыз елестету мүмкін емес сияқты. Былайша айтқанда, жылқы малы қазақтың бір бөлшегіне айналып кеткелі қаш-а-аааан. Әлі күнге дейін қымызын ішеміз, етін сүйсіне жейміз, өзін көлік ретінде пайдаланамыз.

Қазақ пен жылқы атауының етене жақындығын білдіретін «Ат – ер қанаты», «Жылқы ерді сақтайды, ер жерді сақтайды», «Жақсы атын мақтар, Жаман қатынын мақтар», «Жақсы аттың жалын сатқанша, жақсы жігіттің арын сақта», «Жақсы аттың терісі, қайыс болар, көн болмас. Жақсы адамның баласы, ғарып болар, құл болмас», «Жақсы айғыр үйірін бөріге алдырмас, батыр жігіт ауылын ұрыға алдырмас», «Жақсы жігіт пен жақсы ат – көптікі», «Жақсыдан жаман туады, жүйріктен шабан туады», «Жомарт жоқтығын білдірмейді, жүйрік ат тоқтығын білдірмейді», тағы басқа мақалдарды халқымыз бекер айтпаса керек.

Қабанбай бабамыз Ұлы Отан немесе Ауғанстан соғысына қатысқан батыр емес, қолына автомат, гранат ұстатып, қырдың төбесіне шығарып немесе окоп ішінде отырғызып бейнелей беретіндей. Сондықтан, бәрін өз орнымен жасап, келешек ұрпаққа дұрыс тәрбие бере алсақ, жастарымыз тарих тағылымынан үлгі алса, бабаларымыз жайлы жазылған дүниелер немесе жасалған ескерткіштер болсын, ләжі болғанша өз кезінің бояуымен берілсе, құба-құп болар еді.

Мақаланы оқығандар батыр бабамыздың жазылған өмір тарихын несіне қайталап, көшіріп жаза береді деуі де бек мүмкін. Десе дей берсін, Елбасының рухани жаңғыру аясында жүргізіп жатқан тірліктерінің өзі осы тарихымызды түгендеу, санамызды қайта жаңғырту, кем-кетігімізді түзей білу – біріншіден, жастарымыздың рухын көтерсе, екіншіден, ел үшін ерлік жасаған жандардың ел есінде мәңгілік қалатынын жұрттың есіне салып отыру емес пе?

Олай болса, халқымыздың азаттығы үшін қаншама шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналған, Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанған, өмірінің соңғы күніне дейін аттан түспей, ат үстінде өмірден өткен адамды қалай атсыз қалдырамыз?

Қабанбайдай батыр бабамыздың аты қайда, ағайын?! Бұған Сіздер не дейсіздер?!

Еділбай КӨШЕРБАЙ,

ақын,

Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *