ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ СПОРТЫ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

Спорт
60 Views

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын көгілдір экран арқылы асқан ықыласпен тыңдадық. Газеттен де оқып-танысудамыз. Шынтуайтында да қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі табыс пен тұрмыс сапасына тікелей байланысты екені баршаға белгілі. Жолдауда жақсы өмір сүру үшін ерінбей еңбек ету қажеттігі баса айтылды. Тұрмыс сапасын арттыру үшін білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандықтың отбасына қатысты екені де тілге тиек етілді.

Елбасы ұлт саулығы жайында сөз ете келе салауатты өмір салтын орнықтыруға да жете мән беріп отыр. Осы орайда жаңа спорт кешендерін салу және аула мен саябақтарды арнайы дене шынықтыру құралдарымен жабдықтау жолдары қарастыруды жүктеп отыр. Өз кезегінде мектептердегі спорт ғимараттарын да тиімді пайдалануымыз керек. Онда тұрғындардың қатысуымен сан түрлі жарыстар өткізуге болады. Әрине, мұның бәрі бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыруға оң ықпал ететіні белгілі.

Егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисіне айналған шырайлы Шымкент шаһарында спорт қарқынды дамып келеді. Саңлақ спортшыларымыз республикалық, Халықаралық жарыстарды айтпағанның өзінде, Олимпиада, Әлем, құрлық чемпионаттарынан жүлдесіз оралған емес. Заманауи спорт кешендеріміз де жеткілікті. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Рахметоллұлы Әбдірахымовтың спортшыларға деген жанашырлық көзқарасы мен қамқорлық, қолдауы жайында айрықша айтып өткіміз келеді. Мәселен, Индонезияда өткен XVІІІ Азия ойындарынан жүлдемен оралған жерлестерімізді қабылдап, олардың бәріне орынды сый-құрмет көрсетті. Бұл үшін оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сөз орайы келгенде, Сіздердің бәріңізді Шымкенттегі біздің арнайы спорт мектебімізде бокстан өтетін Кеңес Одағының Батыры Қарақозы Әбдәлиев атындағы Халықаралық жарысты тамашалауға шақырамыз. Келіңіздер, көріңіздер!

Заңғар ҚАСҚАЕВ,

бокстан Олимпиада ізбасарларын дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің №5 арнайы спорт мектебінің директоры.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *