ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Білім Қоғам
31 Views

Жыл сайын желтоқсан айы кіре салысымен басылым беттерінде жиі жарық көретін мәселе бар. Ұлттық рухымызға қозғау салатын бұл ұлттық мәселе – Тәуелсіздік күнінің өз деңгейінде аталып өтілмеуі. Қазақ елі үшін ең қасиетті де қастерлі мерекеміз – Тәуелсіздік күні үнемі Жаңа жыл мейрамының тасасында қалып қоятыны жасырын емес. Биыл жағымсыз үрдіске айналған сол дәстүрімізге өзгеріс ендірмек ниетпен Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайханның түрткі болуымен бүгінде мерекеге дайындық қызу да қарқынды жүргізілуде екен.

– Тәуелсіздік – ұлттық рухымыз, бұл біздің ең ұлық мерекеміз. Тәуелсіздік бәрінен қымбат ұғым. Сол себепті оны жоғары деңгейде атап өтуіміз керек, – деген қаланың бас педагогының бірқатар ізгілікті де игілікті шараларды қолға алып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Алдымен 27 қараша күні ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының 12, 13, 14, 15-баптарына сәйкес басқармаға қарасты барлық білім мекемелеріне заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл болу мақсатында хат жолданды. Онда: Білім беру мекемелерінде түрлі себептермен кез келген мерекелік іс-шараларға, мекемеге қажетті кеңсе заттары мен шаруашылық заттарын сатып алу және тағы басқа мақсатта ата-аналардан, ата-аналар комитеті атынан сыбайлас жемқорлыққа жол беруге қатаң түрде тыйым салынатынын, педагог қызметкерлердің біліктілігін көтеру мақсатында оларды аттестаттаудан өткізуге, марапаттауға байланысты мұғалімдерден ақша жинау мәселесі қатаң түрде тыйым салынатынын, мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, белгілеген жоспарға сәйкес ай сайын жемқорлыққа қарсы жиналыстар тұрақты түрде ұйымдастырып тұруын, сауда орталықтарында орналасқан ойын-сауық алаңдарына оқушыларды мектеп әкімшілігі тарапынан ақша жинау арқылы ұйымдастырып апаруға қатаң тыйым салынуы, алдағы келе жатқан мерекелер тоқсанаралық демалыс қарсаңында ақша жинап өткізетін іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілмеуін тапсырған болатын. Сонымен қатар жіберілген хатта Шымкент қаласы білім басқармасының сенім жәшігін орналастыру, келіп түскен арыз-шағымдар тіркеу кітапшаларының арналуын, Жаңа жыл мерекесіне өткізілетін іс-шаралар тізімін, өтетін орын туралы ақпараттардың «tarbue-2016@mail.ru» электронды поштасына жолдауын жедел тапсырған еді. Осы тапсырмалар орындалмаған жағдайда білім нысандарының бірінші басшыларына аса қатаң түрдегі тәртіптік жазалар, тіпті атқарып отырған лауазымынан босатуға дейінгі шаралар қолданылады деп қадап айтылған.

Басқарма басшысы Ақерке Абылайхан Шымкентке келіп, білімді тізгіндегелі бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиындар мен іс-шараларды үздіксіз өткізіп келе жатқанына біз де куәміз, мұны ұстаздар қауымы да жақсы біледі. Бұған дейін қала мектептерінде ата-аналардан түрлі себептермен қаражат жиналып келсе, жаңа басшы келгелі мұндай әрекеттерге тоқтам қойылып, егер жиналып жатқан жағдайда мекеме басшысы тез арада қызметтен босатылатынын баса айтып, әр жиналыста ескертіп отыратынын басқарма өткізген іс-шараларға барып жүрген БАҚ өкілдері, яғни біздің құлағымыз есітіп, көзіміз көріп жүр. Шындық.

Жаға жағымпаздық емес, «ақты ақ, қараны қара» деп жүрген басылымның бірі ретінде әділдігін айтқанда, білімнің бәйтерегін орнатуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген білім басқармасының басшысы Ақерке ханым бүгінде шетелдерден де қонақтар шақырып, білім көкжиегін кеңейтуде аянбай еңбек етіп жатқаны да құптарлық іс. Алдағы келе жатқан бабалар аңсаған Тәуелсіздік күні мерекесіне мейлінше көңіл бөліп, Жаңа жыл мейрамына асықпау жайында ауқымды жиын өткізгенін де көріп қайттық. Бұл деген – елжандылық, отансүйгіштік емес пе?! Ал енді осы саланың дамуына ел болып қолдау білдірудің орнына керісінше, бүгінде бас ұстаздың жұмысына кедергі келтіріп, сүріндіруге, тапсырыспен сынауға, оның орынтағынан дәметіп жүрген жандар да жоқ емес екен. Пендешілік қой, әрине.

Білім сапасына, оқытушылардың біліктілігіне, білім ошақтарының жай-күйіне үнемі алаңдаушылығын білдіріп, кем-кетік тұстарын жіті назарға ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуін жиналыс сайын тәптіштеп келе жатқан қаланың бас ұстазының жоспарлары мен мақсаттары көпшілік көңілінен шығуда. Білімін шетелдерде шыңдаған тәжірибе алмасу мақсатында Астана мен өзге елдерден келген мамандар шымкенттік ұстаздармен жүздесіп, жиі бас қосып, ой бөлісіп тұратын басшыға келешекте білімнің биік белестерін бағындыра отырып, біліммен сусындап жатқан шәкірттерін ел тәуелсіздігі жолында заңғар шыңдардан көретінімізге шүбәміз жоқ. Ендеше, қолға алған істеріне береке беріп, қит етсе қылышын ала жүгіретін кейбір сыншыл жандарға керісінше, білім саласына қолдау көрсетіп, ынтымақтық білдіріп, күрмеуге келмейтін түйткілді мәселелерді бірге ой таразысына салып, нәтижелі көрсеткіштерге жете берейік, ағайын демекпіз!

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *