ТҮРКІ ӘЛЕМІ ТӨРГЕ ШЫҒЫП ОТЫР

Қоғам
78 Views

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қырғызстанның Шолпон-Ата курортттық аймағында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысқаны белгілі. Іс-шараның басты тақырыбы ұлттық спорт түрлері мен жастар саясатын дамытуға арналды. Түбі бір түркі халықтарының басын қосқан саммитке Кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары – Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзірбайжан Президенті Ильхам Гейдароглы Әлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков және бақылаушы мәртебесіне ие Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонұлы Мирзиёев пен арнайы мейман Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан келген еді.

* * *

Дәл осы тұста Шымкенттегі «Мирас» университетінде Түрік Республикасындағы Түркі әлемін дамыту қорының бастамасымен түркітілдес әлемдегі әлеуметтік ғылымдардың «Қожа Ахмет Ясауидің ізімен…» атты гуманитарлық саладағы жыл сайынғы көшпелі XVI Халықаралық конгресі өткізілді. Оны Түркі әлемін дамыту қоры, Халықаралық ТURKSOY ұйымы, Сакария және «Мирас» университеттері ұйымдастырған болатын. Конгрестің жұмысына Түрік Республикасынан Түркия Халықаралық зерттеу қоры, Гази университеті, Халықаралық ТURKSOY ұйымы; Әзірбайжан Республикасынан Әзірбайжан мемлекеттік экономика университеті; Молдовадан келген мәртебелі меймандар; Македония Республикасынан Македония Халықаралық университеті; Қырғыз Республикасынан Қырғыз-өзбек университеті; Ресей Федерациясынан Тюмень мемлекеттік университеті, Самара мемлекеттік техникалық университеті; Қытай Халық Республикасынан Шыңжан Ұйғыр автономиялық районы; Қазақстан Республикасынан Назарбаев университеті, Астана медицина университеті, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Қазақстан халықтар достығы инженерлі-педагогикалық университеті, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, Академиялық-инновациялық институт, «Сырдария» университеті, Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институты, «Сырдария – Түркістан мемлекеттік аумақтық табиғат саябағы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, Оңтүстік – Батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдері қатысты.

Халықаралық конгресті «Мирас» университетінің құрылтайшысы әрі ректоры Болат Мырзалиев кіріспе сөзбен ашты.

Түркістан облыстық әкімдігі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің инспекторы, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Бақытжан Әшірбеков өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған ізгілікті де игілікті жұмыстар жайында баяндай келе облыс атауының Түркістан деп өзгертілгеніне тоқталды. Мұсылман қауымы арасында Екінші Мекке, Рухани астана ретінде дәріптеліп жүрген көне де мәңгі жас қаланы қайта түлету мен түрлендіру жолында жүйелі жұмыстар қолға алынып отырғанын тілге тиек етті.

Халықаралық ТURKSOY ұйымы төрағасының орынбасары Асқар Тұрғанбаев өз сөзінде Түркі әлемінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (бас хатшысы – Бағдат Әміреев) Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы, Халықаралық ТURKSOY ұйымы (төрағасы – Дүйсен Қасейінов), Түрік академиясы, Түрік қоғамы секілді аса беделді ұйымдардың жұмыс істейтінін айтты. Халықаралық ТURKSOY ұйымының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Бұл ұйымның Түркі әлемін бір-біріне жақындастырудағы рөлі ерекше. Бірнеше елде үлкен форумдар мен түрлі басқосулар ұйымдастыруда. Басқаны айтпағанның өзінде Бішкекте, Алматыда, Шымкентте сан алуан ізгілікті де игілікті іс-шаралар өткізуге мұрындық болғаны белгілі. Түркістанда бір жыл бойы «Түркістан – Түркітілдес елдер мәдениетінің астанасы» атты көптеген ауқымды шаралар өткізілді. Осы орайда рухани жаңғыру саласындағы жұмыс кезекті бір науқанға айналып қалмастан, жүйелі түрде жүргізілетін арнайы іс-шаралар жоспарына енгізілгені жөн екенін айтты.

Түркиядағы Ulidag университеті ректорының көмекшісі Мехмет Йосе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Түркі әлемінің ақсақалы деп атады. Бүгінде Түркі әлемі жаңа дүние жасауда. Ізгілік пен игілікті істерді жалғастырып, осылай алға қарай қарыштап дами беруіміз керек. Әбу Насыр әл-Фараби шыққан, Қожа Ахмет Ясауи мәңгілікке тыныстап жатқан киелі өңір біз – түріктер үшін де аса қымбат киелі мекен. Қазіргі таңда цифрлық экономика тренді алға шығып отыр. Олай дейтініміз, бір тонна мақта шамамен алғанда 100 мың доллар тұратын болса, ал бір жаңа цифрлық бағдарлама жасау 1 000 000 долларға бағаланады. Осы орайда біз бакалавриаттар, магистранттар, докторанттар дайындауға әзір екенімізді мәлімдейміз. Студенттермен қатар оқытушылар да дайындаймыз. Біз алыста болсақ та өзара жақын халықпыз. ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен қырым татарларының ағартушы ғалымы, кезінде «Жаһан» атты газетпен қоса-қабат журнал да ашқан Гаспаралы жарықтық: «Біздің тілімізде, сөзімізде, ісімізде бірлік болу керек», – деген екен. Сол айтпақшы, Түркі халықтарының бірлігі арта беруіне шынайы тілектеспін!» – деді.

Әзірбайжан экономика университеті ректорының көмекшісі Анар Ризаев өз сөзінде бүгінде түркизм ұғымы кеңейіп, өркендеп отырғанын тілге тиек етті. Түркия, Иран, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстан елдері арасындағы өзара бауырластық қарым-қатынастар құлашын кеңге жайып келе жатқанын мақтаныш сезімімен жеткізді. Осылайша Түркі әлемінің өзара байланысы мен бірлігі нығая түсуде. Әсіресе ғылым, мәдениет, тарихи байланыстар мен туризм салалары айрықша даму үстінде екенін сөз етті.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бораш Мырзалиев өзінің Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстанда болған сапарларында түркітілдес халықтардың бір-бірін тәржімасыз-ақ түсінетінін тілге тиек етті. Түркия Президенттері – Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирель, Режеп Тайып Ердоған Түркістанға келгенде: «Біз Атажұртқа келдік!» – деп аса бір мақтаныш сезіммен айтатын. Осылайша Түркі халықтарының өзара достық қарым-қатынасы дами беруіне тілектеспін, – деді.

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Акмолдин Ажидинов, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген қадірменді қонақтар құттықтау сөз сөйледі.

Бұдан кейін іс-шараға қатысушылар пленарлық мәжіліс барысында бірнеше тақырыптық секциялар бойынша жұмыс істеді. Онда әлеуметтік-мәдени, экономикалық, саяси ағартушылық бағыттағы бірқатар баяндамалар тыңдалды. Аталмыш іс-шараға қатысушылар тарапынан келіп түскен 180 баяндама Халықаралық ғылыми журналда жарияланатын болады.

Конгрестің екінші күні оған қатысушылар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында өткізілген Халықаралық TURKSOY ұйымының құрылғанына 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысты. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев аталмыш мерейтойға арналған көрмені ашып, көпшілікпен бірге аса беделді Халықаралық ұйымның ширек ғасырда атқарған жұмыстарының барысымен танысып шықты. Арнайы бейнефильмді тамашалады.

Басқосуда облыс әкімі Ж. Қ. Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. Халықаралық TURKSOY ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ өкілетті кеңесінің төрағасы Муса Йылдыз, аталмыш жоғары оқу орнының президенті Болатбек Әбдірәсілов баяндама жасады.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі Ж. Қ. Түймебаев Халықаралық TURKSOY ұйымының «Құрмет» орденімен марапатталды. Өз кезегінде облыс әкімі Халықаралық ұйым басшысының иығына мақпал шапан жауып, құрмет көрсетті. Облыс әкімдігі мен Халықаралық TURKSOY ұйымы арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Халықаралық конгреске қатысушылар Қ. А. Ясауи кесенесіне барып, Түркі әлемінің ұлы тұлғасының асқақ рухына тәу етті. Көне де мәңгі жас қаланы аралап, ондағы мәдени-тарихи орындардың жұмысымен етене танысты.

Үшінші күні қадірменді қонақтар Өзбекстан астанасына сапар шекті. Әлішер Науаи атындағы университетте «Түркі әлемінің ағымдағы проблемалары және оларды шешудің жолдары» тақырыбында жиын өтті. Кейіннен Ташкент қаласына саяхат жасады.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Шымкент қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *