ТҮРКІ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАН ӘЛЕМІН ҰЙЫСТЫРАТЫН ҰЛЫ БАСТАМА

Уақыт
32 Views

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызы Шымкентте шоғырланған. Шаһар еліміздегі жетекші сауда-өнеркәсіп және мәдениет ошақтарының бірі болып саналатынын білеміз. Қаланың осындай мүмкіндіктерін ескеріп, оған республикалық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдадым. Ал облыс орталығы Түркістан қаласына көшіріледі.

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, «Парасат» орденінің иегері, Түркістан облысының құрметті азаматы:

ЕЛБАСЫНЫҢ ЫҚЫЛАСЫ ТҮСКЕН ҚАЛА

Елбасымыздың Түркістанға деген ықыласы ерекше. Соның бір дәлелі ретінде Халықаралық қазақ-түрік университетін ашты. Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізді. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын дүниежүзілік дәрежеде тойлатты. Сонымен бірге Рухани астанамыз деп ат қойып, айдар тақты. Соның барлығы тарихи Түркістан қаласының дамуына игі әсер етті. Көптеген жаңа ғимараттар салынды. Әсіресе Халықаралық университет қалашығы қаланың көркіне көрік қосты. Ең бастысы – қалада жастар және ғалымдар саны күрт артты.

Көне қаланың негізгі жаңалығы әлі алда екен. Елбасы өзінің биылғы жылдың маусым айындағы тарихи Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының атауын Түркістан облысы деп ауыстырып, оның орталығын Түркістан қаласы етуі керемет оқиға болды. Шындығында Оңтүстік Қазақстан деген облыстың географиялық орналасуына қатысты қойылған атау еді. Енді ол Түркістан облысы деген тарихи атауға ие болды. Міне, осы жаңалық қасиетті Түркістан қаласын өте жоғары дәрежеге көтерді. Енді Самарқанд, Бұқара сияқты ірі қалалардың қатарына, ірі туристік орталыққа айналатын болды. Бұның үстіне ендігі жерде барлық түркі халықтары мен мұсылман елдердің назары екінші Мекке атанған қалаға ауатыны белгілі. Осының барлығы Елбасымыздың жеке дара бастауымен, сол кісінің ұйымдастыруымен болып жатқан дүние. Кез келген жаңалықтың уақыт өте келе өз жемісін беретіні белгілі. Түркістанның облыс орталығына айналуы да айналасындағы облыстар мен қалалардың дамуына игі әсер ететініне сенімдіміз. Әсіресе, бір кезде өндірісі тоқырап, бір шетте қалған Кентау қаласының бұдан былайғы жерде екінші тынысы ашылатыны қазірдің өзінде көзге көріне бастады.

Осы мәселелердің барлығына бүкіл Қазақстан халқы, бүкіл Түркі тектес халықтар дән риза болып, ерекше қуанды. Шын мәнінде Түркістан облысы, соның ішінде Түркістанды тарихи қала, қасиетті қала дейміз. Сол атағына дәлме-дәл келеді деп ойлаймын. Әсіресе туризм барынша қатты дамуы керек. Өйткені, туристік қала болуға сұранып тұрған еді. Енді керемет құрылыс жұмыстары жүргізілейін деп жатыр. Баяғы қазақ хандары армандаған астана болған Түркістан керемет, мықты қалаға айналғалы тұрғаны қандай ғанибет десеңіздерші.

Рәбиға ҚУАТБЕКОВА, Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты:

Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенімен және болашағымен байланыстырады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Өзімнің туып-өскен өлкемнің қарыштап дамуын қалаймын. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін ауқымды жоба деуімізге болады. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасының іске асуын бізге тапсырды.

Елбасының шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы, Шымкент қаласы республикалық мәртебеге ие қала болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қазақ тарихының түп тамыры, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, берекелі, халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстанған облысымызға Түркістан облысы деген атауды беруінің өзі біз үшін үлкен мәртебе. Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты екенін мақтанышпен айтуымыз қажет. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналды. Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға әрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.

 

БОЛАШАҒЫМЫЗ ЖАРҚЫН, МАҚСАТЫМЫЗ АЙҚЫН

Халқымыз «Отан отбасынан басталады» дейді. Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Елбасы білім, ғылым, зияткерлік қабілет және сапалы еңбек арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыру керектігін міндеттесе, сол тапсырмаларды орындау мақсатында біздің университетіміз 30 бакалавр, 14 магистратура, 2 докторантура мамандықтары бойынша мамандар дайындауда. Әрбір студент, магистрант, докторант өз тарихын терең біліп қана қоймай, заман талабына сай қасиеттерге де ие болады. Университетте қазір «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Елбасының салиқалы саясатын қолдау, киелі Түркістан облысын өркендету мақсатында Қуатбековтер отбасы Түркістан қаласынан «Керемет» бастауыш мектеп-балабақшасын бүлдіршіндеріміздің игілігі үшін пайдалануға берді. Студент жастарымыздың сапалы білім алуы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, заманауи үлгідегі жатақхана салу жұмыстарын да бастадық.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары негізінде университет өзінің Стратегия-2025 жоспарын іске асыруда. Университет күн сайын бәсекеге қабілеттілікті арттырып, жан-жақты дамуда. Дегенмен, ең бастысы – жаһандық өзгерістер кезеңінде біз ұлттық ерекшелігімізді, құндылығымызды сақтай білуіміз керек. Шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, заман талабына сай мамандар дайындау жолында тынымсыз ізденумен еңбек етіп жүрген профессор-оқытушылар құрамы мен ұстаздарды алда келе жатқан төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбастарыңызға бақыт, Мәңгілік Елдің туын жоғары көтеретін бәсекеге қабілетті мамандар дайындауларыңызға тілектеспін!

 

ЕЖЕЛГІ СӘУЛЕТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ

Түркістанның ежелгі сәулеттік келбеті қалпына келтіріледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде туристік саланы дамытуға арналған Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

«Түркістан бойынша ТОП-10 туристік карта нысандары аясында жұмыстар жүргізілуде. Елбасы айтып өткендей: «Түркістан ежелден бері біртұтастық функциясын жоғалтқан жоқ. Бұл түркітілдес елдерді біріктірудің негізі болып табылады». Осыған байланысты қаланы дамытудың сәулеттік тұжырымдамасы туристік мүдденің магниті болып табылатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы Жібек жолы дәуірінің ежелгі ұлылығының түпнұсқалық бейнелерін қалпына келтіруге бағытталған», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемде танымал еліміздің бренді болуы тиіс.

 

ШЕТЕЛДІК ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАБЫТ БЕРДІ

Түркістан шаһары – орта ғасырдағы мәдениет пен руханиятты біздің заманымызға қаз-қалпында жеткізген үлкен өркениеттің ордасы. Бұл Түркістан облысында болып, өңірдегі киелі жерлерді аралап көрген белгілі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің пікірі. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен келген делегация Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне аялдап, алған әсерлерімен бөлісті. Ұлыбритания, Италия, Индонезия, Қытай, Корея және Польшадан келген 7 журналист Түркістан облысына жасаған сапары барысында Арыстанбаб кесенесінде болды. Көне жәдігердің архитектуралық ерекшелігі мен тарихи мән-маңызы журналистердің қызығушылығын оятты.

 

Джон НАЙМЕН, журналист /Ұлыбритания/:

– Қазақстан жайлы теледидардан көріп, естігеніміз болмаса, алғаш келуім. Тарихи-мәдени орындарды көзбен көріп, жан-дүниеңмен сезіну мүлде басқаша әсер береді. Оңтүстік Кореядан шығатын Халықаралық журнал тілшісімін. Барған соң Қазақстан, соның ішінде Түркістандағы мына ғажап ғимараттар жайында міндетті түрде жазатын боламын.

Шетелдіктер Қазақстан жайында көбірек білетін болады. Одан кейін шетелдік журналистер Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бас сұқты. Ішін аралап көрді. Әр бөлмеге бөгеліп, қызықтырған дүниелерге назар аударды. Кесене тарихын терең тани түскілері келді. Тайқазанның тамашасына таңдай қағып, таңырқаумен болды. Кесенеден шыққан соң шетелдік меймандарды этноауылда ұлттық нақышта киінген қыз-жігіттер күтіп алды. Арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Шұбат ішіп, бауырсақ жеді. Киіз үйдің құрылысымен танысты. Түркістан облысы аумағындағы тарихи орындардан алған әсерлерімен бөлісті.

 

Павлин ГАВРИЛОВИЧ, журналист /Франция/:

– Орталық Азияға алғаш келіп отырмын. Түркістандағы тарихи ескерткіштер маған өте қатты ұнады. Бұл жердегі көріністің өзі бір ғажап. Жанға еркіндік, жүрекке тыныштық сыйлайды. Керемет әсер алдым.

* * *

2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан қаласына келушілер саны 700 мыңнан асып, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 60%-ға көбейген. Мәдениет және өнер тақырыптары бойынша маманданған шетелдік журналистер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысына, сән-салтанатына ерекше қызығушылық танытты.

 

ШЫН МӘНІНДЕ ТАРИХИ ШЕШІМ

Танымал саясаттанушы Ерлан ҚАРИН Елбасының Түркістан облысын құру туралы Жарлығы – шын мәнінде тарихи шешім, бар қазақ сүйінші сұрайтын айшықты оқиға екенін атап өтті.

«Жарлық елорданы Арқаға көшіріп, жаңа Астана салу, еліміздің шекарасын бекіту, латын әліпбиіне көшу секілді ұлт тарихында ерекше орын алатын тағы бір тарихи-саяси шешім.Түркістан облысының пайда болуы – барша қазақ үшін тарихи-сана сезімді жаңғыртатын жаңа белес. Себебі қазақ тарихында киелі орынға ие болған Түркістанның дамуындағы жаңа кезең басталып, ол қазақ елі мен түркі әлемінің дамуындағы маңызды орталыққа айналмақ. Бұл шешім біздің еліміздің демографиялық дамуындағы жаңа кезеңді айғақтайды.

Бұл ұлтымыздың ұлт болып ұйысуы жолында, бірлік пен ынтымақты дамытуда үлкен символикалық мәнге ие оқиға. Бұл шешім – ұзақ уақыт бойы сарапталып, талданып, ойластырылып қабылданған шешім» – деді Ерлан Қарин.

 

ЕЛІМІЗ ҮШІН ҮЛКЕН ЖАҢАЛЫҚ

Өз кезегінде белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМ Президент Назарбаевтың Түркістан облысын құру туралы бүгінгі Жарлығы – еліміз үшін үлкен жаңалық екенін жеткізді.

«Оңтүстік Қазақстан облысы – біздегі халқының өсімі және еңбек ресурстары жөнінен ең үлкен аймақ. Осы уақытқа дейін ол өзінің ішкі резервтерінің басым бөлігін пайдаланып болды. Түркістанды жаңа мәртебесіне лайық қалаға айналдыру – ЭКСПО секілді үлкен ұлттық жоба деп атай аламыз. Түркістанның өзінде көші-қон, инфрақұрылым сияқты салалар бойынша 40-50 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға болады. Естеріңізде болса, ЭКСПО ғимараттарын салу, оны өткізуде шамамен осынша жұмыс орны ашылған еді. Еліміздің жаңа астанасы салынғаны сияқты, бұл түркі әлемінің рухани астанасын салу деп атауға болатын үлкен жоба. Ең бастысы – қала салу барысында оның тарихи келбетін жоғалтып алмауымыз керек. Бакудің ескі қаласы, Риганың ескі қаласы деген сияқты Түркістанның да тарихи бөлігі сақталуы тиіс. Мұндай қала салу үлкен өнер. Сондықтан ол біздің көзіқарақты, рухани білімі бар, тарихты білетін мамандарымызға сын болғалы тұр» – деді А.Сарым.

ШЕЖІРЕЛІ, КИЕЛІ МЕКЕН

Түркістан – қилы тарихи оқиғалар мен тарихи сындарды бастан өткерген мекен. Орта ғасыр заманының өзінде оның мәдениеті мен әдебиеті қалыптасқан қала болғаны тарихтан белгілі.

Ағымдағы жылдың 19 маусымында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан құрылған Түркістан облысының орталығын Түркістанға ауыстыру туралы шешімін мәлімдеп, ел өркениеті мен мәдени-рухани дамуына жаңаша серпін берді. Елбасы өз сөзінде: «ХХ ғасырдың басында қазақтың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын білеміз. Шежірелі өлке мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналады», – деп атап өтіп, шаһардың маңызын айшықтап берді.

Шаһар төрінде ұлт тарихында есімдері мәңгі өшпес әділетті патшалар, қасиеті әлемге аян әулиелер мен абыздар, тау тұлғалы батырлар мен қолбасшылар, елдің ауызбірлігін сақтар билер, данагөй ақындар мен ғалымдар шоғырланып, сакралды нысанға айналдырған.

Қасиетті мекенде иман жолынан ауытқымай, әулие биігіне көтеріл­ген Қ.А.Ясауидей Ислам дінінің ғұламалары мен қайраткерлері бар. Ислам діні Ұлы даламызға VIII ғасыр ортасынан тарай бастады. Демек, діни сакралды география хро­нологиялық тұрғыдан соңғы он үш ғасырды қамтып жатыр.

Түркістан туралы жазылған ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар, сондай-ақ алыс және жақын шетелдердегі жазба деректер жинақталып, жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізілуі қажет деп есептеймін. Мұндағы мақсат – көне қаланың тарихи тағдырын зерделеу, көне шаһарды сакралды қала ретінде әлемге таныту. Көне шаһар Түркістан орта ғасырдан-ақ бәсекеге қабілетті қала болғанын ғылыми негізде айшықтау – тарихшы ғалымдардың парызы.

Тарихшы-ғалым Х.Әбжанов: «Түркістан сакралды қала деген мәртебеге жетсе, онда жағымсыз қылықтар, ұрлық-қарлық, маскүнемдік сияқты кейбір келеңсіз әрекеттер тыйылар еді. Бұның Қазақстанға үлгі болатыны да сөзсіз» деп ойын білдіреді.

Киелі мекеннің Түркістан облысының орталығы болып ауысуы – Түркістанды дүниежүзіне әйгілі етуге жасалған іргелі қадам деп білеміз.

Ақнұр ОРАЛОВА,

тарих ғылымының магистрі.

 

ТАҢДАНДЫРҒАН, ТАҢҚАЛДЫРҒАН ТҮРКІСТАН

Осынау құдіретті сөзді әрбір қазақ баласы асқақ сезіммен, керемет көңіл күймен сан рет айта алары мәлім. Кішкентай ғана жүрегім әрқашан Отаным деп соғады. Отан деген сөздің өзі қасиетті ұғым. Бұл сөз әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиері сөзсіз. Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші. «Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды». Ал менің Қазақстаным – бейбітшілік пен берекенің ұясы. Тарихтың қойнауына үңілсек, ата-бабаларымыз бар күш-жігерін арнап, ел үшін аянбай күрескенін сезінеміз. Бабаларымыз өсиет-үлгілерін тасқа қашап жазып, ескерткіш етіп қалдырды. Халқымызда атамекенді құрметтеу, ардақтау сезімі өте терең. Еліміздің көгінде тәуелсіздік туы желбірегеннен бері өшкеніміз жанды, халықтың еңсесі тіктеліп, жарқын болашаққа қол созды.

Туған жер адам өмірінде киелі орын болып саналады. Оны елімен, өткенімен және болашағымен байланыстырады. Міне, сондықтан адамда балалық шақтан-ақ патриоттық сезім ояна бастайды. Халқымыз «Туған жер – алтын бесігің», – деп бекер айтпаған. Жалпы, біздің әрбіріміз үшін Отан отбасынан басталады. Біздің елімізде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі жастардың болашағы үшін Елбасымыз жолдаған Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында мен өзімнің армандарыма бір қадам болса да жақындағандаймын.

Былтырғы жазғы демалысымды ертегідегідей өткіздім. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының ұйымдастыруымен өткізілген «Туған елге саяхат» атты экскурсия турына қатыстым. Сол саяхат барысында Отанымыздың небір көрікті қалалары мен мәдени ошақтарын араладым. Саяхаттауды ең бірінші болып Арқа төрінде орналасқан еліміздің жүрегі – Астана қаласынан бастадық. Астанамыз өркен жайып, тағы да жаңа белестен көрінді. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін көріп тамашаладық. Дүниежүзінен келген қонақтар қазақ жеріне таңырқай да, тамсана да қарады. Таңырқай қарағаны – жазиралы кең даласы, тамсануы – зәулім, биік ғимараттары мен көл — көсір қонақжайлылығы.

Астанам – асқарымдай көрінесің,

Өлең боп көкірегімнен өрілесің .

Бойыма рух беріп тұрғаннан соң,

Анық-ау ұтылмасым, жеңілмесім, – деп ақын ағамыз жырлағандай, Астана қаласы бізге ерекше әсер қалдырды.

Келесі саяхатымызды Байқоңыр қаласында жалғастырдық. Бұл қалада ғарышкерлер оқитын мектепті, «Отырар» этникалық мұражайын аралап, ғарыш айлағын тамашаладық. Ғарыш кемесін алғаш көргенімізде өзімізді аспан әлемінде жүргендей сезіндік.

Түркістан екі дүние есігі ғой,

Түркістан Ер Түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп, ақын Мағжан Жұмабаев жырлаған тарихи Түркістан қаласына да аяқ бастық. Қасиетті мекенде тарихымызға, кемел келешегімізге көз жеткізіп, тұла бойымызды туған елге, туған жерге деген мақтаныш сезімі биледі. Тарихи қалада ұлы бабаларымыздың кесенелерін аралап, әруақтарына тағзым еттік.

 Шетсіз-шексіз жатқан дарқан даламыздың солтүстігінен орталығына, орталықтан шығыс бағытына бет алған жүрдек пойыздан кең даланы тамашалай отырып, санамызға көптеген сұрақтар келді. Расында, біз өсіп-өркендеп келе жатқан елдің азаматымыз ба? Болашағым қандай болар екен? Бізден үміт күтіп отырған ата-анамызға, туған елімізге, жерімізге қандай жақсылық көрсете аламыз деген ой мазалады. Мен Меркі өңіріндегі Кеңес ауылының перзентімін. Ауылымыз күннен-күнге өркендеп келеді. Мектеп, мәдениет үйі жұмыс істейді.

 «Болашақ ұрпағына жасалған жақсылықтың соңы баянды болады», – деген екен дана халқымыз. Отан – әр адамның ортақ мекені, қасиетті жұмағы. Отан – ұлы сезім. Отаным – сүйенер ордам. Бүгінгі және келешек ұрпақта арман жоқ. Тек қана терең білім алып, жақсы азамат болып өсу керек. Егемен елім үшін бір кірпіш болып қаланып, еңбек еткіміз келеді. Сол себепті кең-байтақ Қазақстанда тұратын барлық отандастарыма жанымның жылуын, жүрегімнің жалынын сыйлауға дайынмын. Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!

Аяжан ӘЗІМХАНОВА,

№6 жалпы орта білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *