ТОҚАБАЙ БАТЫР

Тарих
26 Views

Қазақ хандығының атақты тұлғаларының бірі Төле би дүниеден өткен соң, Орта Азияның жүрегі Ташкентте саяси қарым-қатынас өзгере бастады. Ташкент билігіне ұмтылушылар көбейді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қаланың қай жағынан да стратегиялық маңызы зор екендігіне ерекше назар аударылды. Бұл қала үшін Ақназар, Тәуекел, Есім, Тәуке, Абдолла, Жолбарыс хандардың тұсында қаншама тартысты күрестер жүрді. Сол қилы кезеңнің аласапыранында атақты Құдайберді бидің ұрпақтары да «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» атқа қонып, жасындай жарқылдаған еді. Құдайберді Еңсегей бойлы Есім ханның замандасы, атақты Ағынтай, Қарасай, Алатау, Жақсығұл, Жиембет, Елтінді батырлардың тұстасы. Оның аты шежіре мен жырларда, халық жадында сақталып, өшпей келеді.

Дулаттың Жаныс тармағынан өрбіген бұл атаны кезінде Майлықожа ақын «он екі ата билігі үзілмеген текті әулет» деп, сөзге қосқан болатын. Сол Құдайбердінің бәйбішесінен Түгелбай, Данай атты ұлдары болған. Олар Есім хан мен Жәңгір хан майданында ат ойнатқан батырлар екен. Түгелбайдың бәйбішесінен Әбдірахман, Қараман, Сарыбатыр, Бозбатыр деген біз білетін балалары болған. Екінші әйелден тараған ұрпақтар негізінен Алматы, Жамбыл облыстарын қоныстанған. Әбдірахманды қысқартып, Әбді атап кеткен. Қайсыбір шежірелерде Әбдіні Мырзакелдінің баласы етіп көрсетеді. Бұл жаңсақ ұғым. Бұрынғы шежірелерде көптеген шатасулар, жаңылыстар орын алған. Адам аттары ауысып, қайсыбір аталар шежіреден түсіп қалған. Бұл Түгелбай балаларына да тікелей қатысты.

Мен зауалды заманның құрбаны болған, тарихи тұлғасы әлі танылмай келе жатқан Түгелбайдың үлкен ұлы Әбдінің (Әбдірахман) төртінші ұрпағы – Тоқабай Бисарыұлы туралы сөз етпекпін. Тоқабай батырдың балалық, жастық шағының шындығын, көрсеткен дерек жоққа тән. Дегенмен жалпы оқиғалар, ауызша тарихтың жүйесі, түрлі деректер батыр өмірінің кезеңдерін анықтауға мүмкіндік береді.

Тоқабай Бисарыұлы 1784 жылдың шамасында бүгінгі Ташкент облысының шұрайлы Көкарал өңірінде дүние есігін ашады. Әкесі Бисары аймағына белгілі ауқатты жан болған деседі. Жаугершілік қиын заманда туған ұлына бай, ер болсын деп, азан шақырып Толабай деген есім беріпті. Құрдастарының ат таңуы ма, қария әжесінің ат қоюы ма оны барлығы Тоқабай атап кетіпті. Қазақ дәстүріндегі мұндай жағдаяттарға (Бошатай-Пошатай, Ерсары-Қабанбай, Зәуірбек-Шымшықбай, т.б.) таңғалуға болмайды.

Баба есімі Қоқан жазбаларында нақты Толабай атымен кездеседі. Баба туралы шындықты Кеңес дәуірінде шежірелі қарттар (Пошатай Бишымырұлы, Мыңбай Омарұлы, Пансатбек Төребекұлы, Садырбай Қамбарұлы т.б.) Тоқабай Қоқан хандығында уәзір болған екен деп, тарихтан сырлы әңгімелер шертетін. Кезінде бай — кулактың баласы дегеннен зәрезап болған ел мұндай мәселелерді ашық айта бермейтін. Ал кеңестің қатаң саясатымен тәрбиеленген ұрпақ бұл әңгімелерге ден қоймады. Баба туралы айтылған сөз айтылған жерде қалып жатты.

Тоқабайдың Тоғанас атты інісі де сол Қоқан дәуірі кезеңінде қызмет жасаған, бірақ бұл тұлға жөнінде мәліметтер өте жұтаң.

Тоқабайдың әкесі Бисары Ташкент өңірінде қайдан жүр деген сұрақ бүгінгі ұрпақтарын да толғандыруы мүмкін. Бисарының бабалары да басқаларымен бірге «ақтабан — шұбырындының» сүргінінде Ташкент, Ходженд тарабына жосыған ғой. Олардың қай жерге барып тоқтағанын бір Алла біледі. Біздің білетініміз жоңғарларды Ташкент атырабынан ығыстырып қуып шыққан соң Бисарының аталары сол Ташкент аймағына келіп қоныстанады. Олар Көкаралға орнығады. Жұртшылық отырықшылық өмірге бейімделіп, саудаға араласа бастайды. Соның арқасында мұнда жиналған ағайынның тұрмысы түзеле бастайды.

Жоңғарларды жойғанымен елде ты-ныштық орныға қоймайды. Бір жағынан Қоқан қоқаңдаса, тағы бір тараптан қырғыздар қиғылық салып жатты. Шаһарда қожалар да билікті иелену үшін қазақтармен қақтығысып отырған.

1763 жылы Ташкент билігіне Төле бидің бауыры Ақботаның немересі Бәйтік келді. Бірақ оның өмірі қысқа екен, ол 1766 жылы қырғыздармен болған шайқаста қаза тауыпты. Одан кейін билікті Қожамжар алған, оның билігі шаһардың Сибзар бөлігіне ғана жүрген. Жетпіс бес жастан асса да Ташкент өңіріне Қойгелдінің ықпалы мен танымалдығы кең тараған еді. Бірақ оны да бұл кезде қарттық жеңе бастаған болатын.

1776 жылы Жүніс қожа қаланың Шайхантаур бөлігін өзіне қаратады. 1778 жылы қала қорғанын бекітіп, қорғанысты арттырады. Біздің тарихшы зерттеушілеріміз әлі күнге дейін Жүніс қожаны Төле бидің атқосшысы және алым — салық жинаушысы (Дәдебаев Ж. Атыңнан айналайын А. 2002) болған деп қателікке ұрынып келеді. Жүніс қожа 1755 жылы туылса қалай ол Төле бидің жанында яғни қызметінде жүреді. Төле би ол кезде 80 жастағы қарт еді. Осындай қисынсыз долбарлар тарихта қайшылықтар тудыруда.

Бұл тұста Жүніс қожаның тіресетін бір ғана адамы бар. Ол Төле бидің кенжесі Қожамжар еді. Бірбеткей, өз айтқанын жөн санайтын адуынды Қожамжар билік айналасындағы адамдармен тіл табыса бермейтін. Мұңдай мүмкіндікті Жүніс қожа дер кезінде пайдалана білді. Жылдарға созылған «көзге көрінбейтін» қақтығыстар Қожамжарды билік аренасынан ығыстыруға әкелді. Оның биліктен кетуіне ең үлкен ықпал жасаған Жүніс қожа болатын. Ол көптеген адамдардың қанаты астында бола жүріп, өзіне жақтастарды да арттыра түскен еді. Ол қала қазы, имамдарымен, қаңлы, шаңышқылы, қият, түрік, сарттардың сөз ұстарларымен тіл табысып, олардың көпшілігін өз тарапына тарта білді. Оларды жақсы, шұрайлы жерлерді ие ететінін жеткізіп дулаттар мен сіргелілерді қала мен оның айналасынан ығыстыруға шақырды. Ол Бадал қожа, молла Шамс аддин және Салих қожаны өз жағына тартты. Сөйтіп Жүніс қожа жақтастарымен 1782 жылы Ташкентте соғыс бастады. «Дулаттар қырғыны» деген атпен тарихта қалған бұл оқиға туралы тарихшы, зерттеушілердің жазбалары толып жатыр. Осы оқиға туралы «Жүніс қожа алдымен Шайхантаур бөлігін бағындырып, кейіннен сол жерде халықтың қолындағы мыс ыдыстарды жинатып, зеңбірек құйып, соның арқасында Сибзар, Көкше, Бесағаш, тағы да басқа қалалық аудандарға иелік жүргізді», – дейді Ташкент тарихын зерттеуші мамандардың бірі Масальский. Ол тұста Ташкент төрт бөлікке (дахаға) бөлініп жатқан еді.

Жүніс қожаның қатыгездігі туралы өткен ғасырларда (ХІХ-ХХ ғ.ғ.) жарық көрген көптеген зерттеу еңбектерде, архив жазбаларында мол деректер сақталған. Деректерде Жүніс қожаның қол астындағы әскерге иісі қазақты қуып, мал-мүлкін олжаға алу туралы нұсқау бергені туралы айтылады. Ол қазақтардың басынан «Келді мұнара» тұрғызады. Мұндай зұлымдықты XVII ғасырда басқалардан да жасағаны тарихтан белгілі.

Осы шайқастардың салдарынан дулаттар Ташкенттен ығысуға мәжбүр болды. Осы кезде сиқым Мәлік бидің баласы Босмойын би Ташкенттің билігіне таласып, оны өз қолына алуға күш салады. Бірақ одан оң нәтиже болмайды. Дулаттар Ташкенттен айырылғанымен Бостандық, Қыбырай, Тұрбат, Шымкент, Сайрам аймағынан айрылмау үшін қарсыласып бақты. Ташкент иелігінің құрылуы Бұхар мен Қоқан хандығын бейтарап қалдырмады.

Қырғыннан құтылған аталар Қазығұрт, Қаратау тарабына, Шымкент, Сайрам, Әулиеата, Аягөз өңіріне бағзы атақонысқа, қайсы бір аталар Қоқан бектігі мен Бұқар әмірлігіне ат басын бұрды. Мәселен, Сиқым биі Асыл (Әсіл) Шымкенттің солтүстігіне қарай 20 шақырым жерге келіп тоқтап, осында егіншілікпен айналысады. «Әсіл арығының» арнасы сол кезден жеткен. Билік қолына толық тиген Жүніс қожа жиырма жылға жуық Ташкент маңындағы қазақтарды аяусыз езіп, жаншыған. Ол өзінің айналасындағы бұрынғы серіктерін де аяусыз жазалады.

Жүніс қожа аярлықпен Сибзар мен Көкшенің басқарушысы Бадал қожаны қазынаға қол салды деген желеумен өлімге бұйырды. Бесағаштың бастығы молда Шамс-ад-дин мен Салих ақсақалды қонаққа шақырып, улап өлтіртті.

Жүніс қожаның қуғынына ұшыраған Бисары Қоқан хандығын паналады. Ол қоқандықтардың Жүніс қожаға қарсы күрес жүргізетінін, Ташкентті бағындыруға күш салатынын ерте аңлап, аталас-туғандарына жасаған қиянатына шыдамай, одан кек қайтару үшін Қоқан хандығының сарбаздарын толықтырды. Онымен бірге қаншама таныс — білістер көш бетін сонда түзеді.

Бисарының баласы Тоқабайдың ерлік жолы қалай өрілді екен. Оған жауапты Қоқан жазбалары мен даланың ауызша тарих айту дәстүрінен табамыз. Тоқабайдың бар ғұмыры Қоқан билігі кезеңімен астарласып жатыр.

… 1801 жылы өз күшімен Қоқан хандығын өзіне бағындыруды көксеп Жүніс қожа шабуылға шығады. Бұл кескілескен шайқаста Жүніс қожаның әскері жеңіліске ұшырайды. Міне осы соғыста Тоқабай ерлігімен көзге түседі. Содан кейін 1807 жылы болған атышулы оқиға «Тарих-и Шахрухи» кітабында тамаша суреттеледі. «Жүніс қожа анди мен қазақтан көп әскер жинап, ұлдарымның сүндет тойын Қоқанда тойлаймын» деп, жорыққа аттанды. Ходженд билеушісі Раджаб қосынбегі де қолдамақшы болып еді, бірақ Қоқан билеушісі Әлім ханның мысы басып, соның жағына шығып кетті. Әлім ханның бұйрығымен Раджаб қосынбегі тәжік Ходженд әскерімен түнді пайдаланып, Самғар мен Қамысқорғаннан асып, Гурум-сарайдың түбіне келді де, осы жерде Жүніс қожаның әскерімен кездесті. Осылармен қатар Сырдарияның сол жағасынан Гурумсарайға қарсы Әлім ханның әскері де көрінді. Раджаб қосынбегі Қоқанның атақты ақ жалауын көтеріп тұрған тубегінің жанына тәжіктің екі мергенін қойды. Жүніс қожа әскерінің құрамындағы қазақ жігіттері туға қарсы шапқанымен жаңбырдай жауған мылтықтың оғынан беттері қайта берді. Екі жақты қыспаққа түскен Ташкент әскерінің қатары бұзылып, шегінді де, ақыры қашуға айналды. Саптың алдына түсіп, бірінші қашқан Жүніс қожа қалған әскеріне мойын да бұрған жоқ. Сонымен қаншама күшпен жинаған әскер айдалада қалды, көпшілігі сол жерлердегі таулы қышлақтағы адамдардың тұтқынына түсті. «Ташкенттіктер Жүніс қожаны наша тартатындығына байланысты «Бәңгі» деп мазақтайтын. Гурумсарай түбіндегі жеңілістен кейін «Бәңгі жан-жағына қарамай қашты» деп парсы тілінде келеке өлең де шығарыпты.

Міне, осы Жүніс қожаға қарсы шайқаста Әлім хан әскерінің бір қанаттағы қолын Тоқабай батыр басқарып, шабуылға шығады. Тоқабайдың бар ойы – қалай болғанда да Жүніс қожаны биліктен тайдыру. Оның бір қуанарлығы Тоқабай келгелі Қоқан әскері әзірше жеңіліп көрмепті. Екі жақтан бір біріне оқ атып, қылыш сермеп жатқан сарбаздардың тоқсан пайызы қазақтар. Қолдан келер не шара. Қайда барса екі оттың ортасында.

Тоқабайдың аты (Толабай есімімен) Әлім хан, Омар хан тұсындағы Қоқан жазбаларында араб, парсы тіліндегі деректемелерде кездеседі. Оның 1801 жылы Тоқсабасы, ал 1804-1806 жылдары Батырбасы дәрежесінде шайқас майдандарында жүргені қысқа да болса жазбаларда көрінеді.

Қоқанда хан атағы 1801 жылдан, Әлім ханның дәуірінен басталады. Осы кезден бастап Ферғана Қоқан хандығы атағына ие болады. Хандық шексіз үстемдікке, жеке адамның әкімшілігіне негізделген еді. Қоқандықтардың зорлық-зомбылығы, ауыр алым-салықтар қазақ халқын әбден қажытады. Бұдан зәрезап шеккен жұртшылық мекендерін өзгертіп, тау қойнаулары мен алыс өңірлерге қоныс аудара бастайды. Қоқан билігі кезінде қырман зекет, қой зекет, түндік зекет, қол пұл сияқты толып жатқан алым-салықтар елдің есін алды. Бойжеткен қыздар үшін де зекет алатын тәртіп шықты. Малын алғанға көнген жұрт жанына қол салғанға шыдамай зекетшілерді ұрып-соғып, оларды өлтіруге дейін барып отырған. Осындай шектен шыққан зорлыққа шыдай алмаған елдің қоқандықтарға қарсы наразылығы 1809 жылы күзде ашық күреске айналады. Наразылықтың өрши түсуінен қауіптенген қоқандықтар оларға қарсы жазалаушы әскерін аттандырады. Қыстауда бір-бірінен алшақ отырған қамсыз қазақтар Қоқанның жасанған әскеріне қарсы қайрат көрсете алмайды.

«Ақтабан шұбырындыда» Сырға, Бұхара, Жиделі — Байсынға ауған жұрт, енді қоқандықтардың зәбірінен шығысқа, Шу мен Жетісуға, Аягөзге қарай жылжи бастайды. Қоқандықтардан ықтаған қазақтар Чин патшалығы иелік етіп отырған өңірлерге де көше бастаған. Сол тұста Қоқан билікшілері Чин патшалығының Іле генералына кісі жіберіп, Қарауыл маңындағы қазақтарды қуып жіберуді талап етеді және оған «қазақтарға 20000 қол жіберіп, олардан алым-салық жинайтынын» айтады. Бұл хабарды естіген Чин патшалығы ордасы: «Олардың қара ниеті әбден қабынған екен. Ежелден бері сыртқы бұратаналарға жанамалай басқару саясатын қолданып келген едік. Енді қоқандықтар дандайсып, бас кесетін қылмыс жасап отыр. Олардың жерін алғанымызбен құнарлы емес, халқын алғанымызбен соғысқа жарамайды. Қазақтардың ел болғанына көп жыл болды. Егер қоқандықтар менмендік нышан байқатса, олардың бүлік шығаруына тосқауыл қоямыз» – дейді.

Халықтың Қоқан хандығының саясатына деген наразылығы күннен-күнге арта түседі. Көтерілісшілер Қоқан ханының қазынасына алым — салық төлеуден бас тартады. Әр тарапта көтеріліс ұшқындары өрши түсті. Көтерілісті басу үшін Әлім хан қырға әскер шығарды. Өз туғандары қазақтарға жасалып жатқан қиянатқа төзбеген батырбасы Тоқабай Әлім ханға өзінің сөзін жеткізуді ойластырды. Сөйтіп ол өзін қостайды деген қазақ датқалары мен батырлары болып ханға арза айтуға ұйғарым жасайды. Өзінің ойын аталас-бауырластары Момынбек датқа, Шымырбай датқа, Нұралы төреге жеткізеді. Іштерінен тынып жүрген олар оны бірауыздан қолдады. Мерзімді уақытта барлығы хан қабылдауында болады. Олар «Біз өз қарашымыз мұсылмандарға зәбір көрсетіп жатырмыз, осылай жалғаса берсе бәрі бізге қарсы шығады, сондықтан көпшілікпен араздаспайық, қайта олармен санасайық. Алым-салықты жеңілдеткеніңіз жөн болар», – деп, ойларын ортаға салады. Хан «Бұл мәселені хан кеңесі шешеді, сендердің өз міндеттеріңді біліп, араласпағандарың мақұл» – деген сыңайда келгендерді шығарып салады. Ханмен енді оң мәмілеге келе алмайтындарын білген олар өз жұртының ортасына қайтуды оң санап, ертерек қамдануға кірісті.

Ұзамай Әлім хан дүниеден озды. Қоқан тағына Омар хан (1810 – 1821) отырды. Қазақ батырлары жаңа ханнан жаңаша байлам — үміттер күтті. Бірақ оң нәтиженің ұшы көрінбеді. Омар хан Түркістан қаласын оның айналасындағы жерлерімен жаулап алып, Қоқан хандығының жерін едәуір кеңейтті. Оның кезінде қазақ жерінде Жаңақорған, Ақмешіт, Күмісқорған, Шымқорған бекіністері салынды. Өз аумақтарын қазақ жерлерінің есебінен кеңейткен Қоқан хандығы айтарлықтай қуаттылыққа жетті. Мұрағат материалдары бойынша, ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарында Қоқан хандығының билігінде шамамен 150 мыңдай қазақтардың отбасы болған.

Қоқан билеушілері қазақ ортасындағы билігін нығайту үшін, ел ішіндегі беделді сөз ұстарларды өз жағына тартып, шен-шекпен, марапаттар ұсынып отырды. Олар қарудың күшімен жете алмаған мұраттарына соларға қызмет еткен бедел иелерінің арқасында да жетті десе болады. Омар хан көп адамдарға датқа, тоқсабасы, т.б. атақ-лауазым беріп, хан мен халық арасындағы дәнекер боларлық жағдайларға көңіл аударды.

Қоқан хандығының іш тартуына, берген шен-шекпеніне қарамастан Тоқабай батыр елінің бостандығы үшін өз ойынан қайтпайды. Әйтсе де әскери қуаты, әкімшілік саяси тұтастығы жағынан нығайған Қоқан хандығына жалғыз шабу, арыстанның аузына өзің барып түсу деген сөз. Содан да ол Қоқан билеушілерінің ықпалында біршама уақыт қалып қояды. Омар ханның тұсында Қоқан қыспағы арта түспесе кеміген жоқ. Тоқабай батыр Әлім хан мен Омар ханның көзін көріп, олардың сарбаздар сапында аянбай қызмет атқарды. Қаншама рет оқ пен оттың ортасында болып, жауларына қарсы көзсіз ерліктер жасады. Бірақ Қоқандықтардың үстемдігі қанды лаңға айналып барады. Осыдан шошынған Тоқабай олардан кері бұрыла бастады. «Не істеу керек?» деген сұрақ оны күні-түні мазалайды.

Ол Момынбек (Жаныс-Жолан) және Шымырбай (Жаныс-Данай) датқалардың араласуымен Омар ханға өтініш жасап, Қоқан хандығының өкілі ретінде Сайрам, Қаражұрт (Қарамұрт) өңіріне барады. Мұнда да сүреңсіз тіршілік. Бұл кезде әкесі Бисары да өмірден озған еді. Мұнда келгенде оның Райымқұл атты 5 жасар ұлы бар еді. Алғаш өз отбасымен орныққан соң ағайын-тумаларын да алдыра бастады. Қоқан зекетшілері халықты сүліктей сорып келеді екен. Тоқабай Қоқан белсенділерінің іс-әрекетіне қатты ашынды. Бұрын сарбаздар сапында жүргенде көп нәрсеге назар салмаған соң, уайым-қайғысы аздау болатын. Енді өмірдің ащысын өз көзімен көріп, қамығып, көп айналып-толғанатын болды. Қоқандықтардың түрлі салық түрлерін ойлап тауып, елді қанап жатқанына көз жұма қарай алмады. Ол ел жағының мұңын мұңдаймын деп, осында көшіп келді емес пе? Еліне араша түспесе оның азаматтығы мен адамгершілігі қайда? Ол ел мүддесін алға қойып, Қоқан белсенділерінің озбырлықтарына қарсы шықты. Қоқан хандығының жергілікті өкілі болса да талай жүгенсіз зекетшілерді Сайрамсудың тастай суына жалаңаштап байлап қойған кездері де болған. Ол бұл төс елінен қыз зекетін бергізбеген, тікелей бұл салық түріне қарсы шыққан азамат екен. Ол әділеттілікті қалады. Оның бұл әрекеттерін белсенділер Омар ханға асыра жеткізген. Бұрқан-талқан болған Омар хан Тоқабайды алдына жеткізуді бұйырған. Жанашыр адамдары арқылы хабар алған Тоқабай батыр көтерілісшілер жағына шығуды ұйғарды. Өзінің сенімді 20 шақты адамымен кеңесе отырып, Қоқан хандығынан ат құйрығын үзуге келіседі. Жан-жақты қысым мен әділетсіздікке төзбеген Тоқабай батыр Тентек төренің қолына қосылады. Бұл кезде Шымырбай датқа да көтерілісшілер жағына шығып кеткен болатын. Тоқабайдың бұрыннан Рүстем Аспандиярұлымен таныстығы бар еді. Тоқабайға көтерілісшілер қатарын толықтыру үшін адамдарды ұйымдастыру міндеті жүктелді. Тоқабайдың батырбасылығы арқасында еріктілермен қатар Қоқан хандығының әскерлер сапында жүрген бұрынғы жорықтас-серіктері, қылшылдаған жігіттер көтерілісшілер санын арттыра түсті.

Қоқан билеушілерінің қазақ сарбаздарын өздерінің жауларына қарсы соғыстарға тартқанына қарамастан, қазақтар малдан – зекет, егіншіліктен – харадж салықтарын төлеуге мәжбүр болды. Мұндай жағдай 1821 жылы Түркістан, Шымкент, Сайрам және Әулиеатаның қазақтары қатысқан үлкен көтеріліске алып келді.

В.Наливкиннің мәліметтері бойынша: «Қырғыздар (қазақтар — авт.) Қоқан хандығынан бөлініп шығуды ойластырды, сол себептен Тентек төре деген біреуді оларға басшылық жасауға және Омарға қарсы әскери қимылдарды бастауға шақырды.Түркістанның жанында Тентек төреге 12000-ға жуық қырғыз (қазақтар — авт.) жиналды». Ұзақ қарсыласудан кейін қазақтардың бұл көтерілісі күшпен басылды. Сол жылы Сайрам өңірінде де халық көтерілісі бұрқ ете түсті. Бұл көтерілістің басы – қасында Тоқабай, Шымырбай батырлар жүрген. «Таңертең басталған соғыс кешке қас қарайғанда аяқталады. Шыңғырған адам дауысы мен кісінеген аттардың, жанұшыра арпалысып, кескілескен адамдардың ащы дауысынан дала күңіреніп, аспанға көтерілген шаң-тозаңнан күн көзі көлегейленіп, әлем ақырзаманға айналғандай еді» – деп жазады сол кезең жазбагерлері. Екі жақтан да қаншама адамдар опат тапты. Көтерілісшілер қатты жеңіліске ұшырады.

Көтерілістің жеңіліске ұшырауына Қоқан билігінің күйреуіне мүдделі емес, олармен бірлесіп қарапайым қазақ көшпелілерін қанап отырған қазақтың ру басылары да ықпал етті. Осы қырғында ат ойнатып атойлаған Тоқабай бұрынғы өзі қатарында болған қоқандықтармен жан алып, жан беріп, шайқасқа түседі. Бұл соғыста ол қатты жарақаттанады.

Көтеріліс жеңіліске ұшыраған соң қоқандықтар озбырлықтарын одан әрі өршіте түсті. Омар хан Үлкен Орда қазақтарына көп мөлшерде алым-салықтар салды. Оның тұсында Шымкент уалаятынан жылына 80 мың сом (күміс) жиналып отырды. Ю.Южаковтың көрсетуі бойынша әр жылы зекет мөлшері өзгеріп отырған. Мысалы, Бестамғалыдан 8 — 10 мың қой, Сіргеліден 6-8 мың қой, сиқым, шымыр, жаныстан 2-2,5 мың қой жиналатын. Құжаттарда көрсетілгендей, салық жинау науқаны халықты ашықтан — ашық тонау болды. Тіпті құжаттар жинағында жарияланған істер аталымының өзі көрсетіп отырғандай: «Қоқан хандығының халыққа салған ауыр алым — салықтары туралы бұхарлық Я.Ізбердиевтің берген көрсетулері», «Сүйік Абылайханов сұлтанның 1832 жылғы 18 маусымдағы Омбы облысының губернаторына Қоқан хандығы тарапынан қазақ тұрғындарының тоналуы туралы» жазған хаттардан және тағы басқалардан байқауға болады.

Харадж егіншілікпен айналысатын халықтан жиналатын. Харадж жиналғанда Қоқан жандайшаптары осы салықтардың белгіленген мөлшерін ешқашан ұстанбаған. Қоқан бекіністері маңайында көшіп-қонып жүрген көшпелілерге қоқандықтардың әскери бөлімдерін ас-сумен қамтамасыз ету, әскери бекіністерді жөндеу және кеңейту тәрізді міндеттер жүктелетін.

Тоқабай елге келген соң Әлібек, Байназар деген екі ұл және екі қыз сүйеді. Үлкен ұлы Райымқұл әкесі сияқты қоқандықтармен алысып өтсе, Байназар патша отаршылдарымен тартысып өтіпті.

Қоқан хандығының бодандығында болғанда Оңтүстік халқы талай рет бас көтерді, қарсылық көрсетті, құрбандықтарға барды. Олар туралы Зиябек Рүстемовтің кітабында және шежіреші, ұстаз Шералы Артығалин қарияның сандықта сарғайып жатқан жазбаларында айтылады.

1845 жылы жазда Сарыарқадан Кенесары бастаған әскерлер, әлі патша үкіметінің ықпалына түсе қоймаған Оңтүстік өңіріне келді. Ол қоқандықтармен күресу үшін осындағы батырлармен бірлесе ұйымдастыру шараларын жасай бастайды. Үлкен, Кіші орда батырларына хат жолдайды. Қоқандықтарға қарсы өшпенділіктері өршіген Тоқабай, Шымырбай батырлар Кенесары шақыртуын құп алады. Өз жасақтарымен ханға қолдау білдіретіндіктерін жеткізеді. Бұлардың біріккен күштері қоқандықтар қарауындағы Жаңақорған, Созақ сынды қамалдарды қоршап, қоқандықтарды талқандап, оларды қамалдан қуып шықты. Осынау ұрыс майданында Тоқабай мен Шымырбай ерлік көрсетеді. Кенесары олардың батырлығына тәнті болады.

Осы кезеңде сарбаздар арасында жұқпалы аурудың таралуына байланысты және барлаушылары арқылы Қоқан мен Бұқар хандықтарының бірігіп, қарсы шабуылға дайындалып жатқанын естіген Кенесары жігіттерін шығынға ұшыратпау үшін Балқаш, Іле өңіріне қоныс аударады.

1845 жылы күзде қоқандықтар жаңа күшпен қазақтарды жазалауға аттанады. Оларға қарсы тұру үшін Тоқабай бастаған сарбаздар да дайындық шараларын жүргізеді. Қазығұрт арқылы Сұлтанрабат, Жаңақорғанға бет түзеген қоқандықтардың біржарым мың қолына қазақтардың 600-ден астам жауынгерлері қарсы ат қояды. Осы аймақта қым-қиғаш соғыс майданы орын алады. Алдыңғы сапта Қарагер атымен арындаған Тоқабай батыр жалаңдаған алдаспанмен қанша жауын ат бауырына түсірді. Қазақ сарбаздары аянбай шайқасады. Осынау сұрапылда Қарагерге оқ тиді, ышқына кісінеген жануар омақаса құлады. Аттан ұшып түскен Тоқабайға тұра беріп алға ұмтылғанда кеудесіне бір емес, бірнеше оқ келіп қадалады.

Бұл шайқаста қоқандықтар кері шегінуге мәжбүр болады.

Тоқабай баба ұрпақтары бүгінде бір қауым ел. Мемлекет қайраткері Амалбек Тшанов, Шымкент қаласындағы әлеуметтік — инновациялық университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Момбек Қозыбақов, полиция полковнигі Тұрлыбек Өмірбекұлы мырзалар осы текті әулеттен.

Ұрпақтың бүгінгі асыл мұраты, бабалар ерлігін, атын ұмыт қалдырмай, оны келешек ұрпаққа насихаттау болып табылады.

Бұл мақаланы дайындауда өзбекстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хайдарбек Бабабеков және қазақтың азаматы, өнертанушы Ералы Оспанұлы мырзалардың шығармалары мен Қоқан хандығына байланысты мәліметтері назарға алынды. Қос азаматқа газет арқылы алғыс айтамын.

Шымкент қаласы.

Редакциядан: бұл мақалада, біріншіден, Тоқабай батырдың өмірі алғаш рет жеке зерттеудің өзегіне айналған. Екіншіден, Жүніс қожа туралы ғылыми дұрыс байлам жасалған десек, артық емес. Үшіншіден, Қоқан хандығы тұсында қазіргі Төле би ауданында Жаңақорған, Жекеқорған деген қыстақтар болғаны да алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *