СУДЬЯ ӘДЕБІНІҢ САҚТАЛУЫ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІНІҢ КЕПІЛІ

Кездейсоқ жаңалықтар
50 Views

СУДЬЯ ӘДЕБІНІҢ САҚТАЛУЫ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІНІҢ КЕПІЛІ

Ел Президенті Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында заң үстемділігін қамтамасыз ету бағытындағы 19-қадамда «Судьялардың есеп беру тәртібін күшейту. Судьялардың жаңа этикалық кодексін жасау, соның негізінде азаматтар әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы Сот алқасына (жюриіне) шағымдана алатын  болуы  керек» деген болатын.

Осы айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты сот процестеріне қатысушылары мен «Сот кабинеті» сервисінің пайдаланушылары арасында еліміздің сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаларға қанағаттанатындығы жөнінде сауалнама жүргізген. Соның нәтижесінде бір топ респонденттер  судьялардың әдептілігі мен мәдениеттілігінің тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндігін көрсеткен.

Қоғамдағы судьяға деген мұндай көзқарасты өзгерту үшін Жоғарғы Сот жұмыс тобын құрып, жаңа Судьялық әдеп кодексі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Жұмыс тобы кодекстің нормалары бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу кезінде судьялардың халықаралық әдептілік талаптары ескерілді. Осы ретте Азаматтық және саяси құқықтары туралы Халықаралық пактісі, «Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі принциптері» БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясы, Судьялар мәртебесі туралы Еуропалық хартиясы, Бангалорда қабылданған судьялардың әдептілігінің қағидаттары мен ережелері назарға алынды.

Судьялардың жаңа Әдеп кодексі әзірленіп, ол құжат 2016 жылы 21 қарашада өткен Қазақстан судьяларының VII съезінде  қабылданған еді. Бұл құжат судьяның қызметтегі және тұрмыстағы жүріс-тұрысының этикалық талаптарын белгіледі. Кодексте судьяның біліктілігі, адамгершілік-моральдық бейнесі, құзыреттілігі мен ұқыптылығы, оның сот ісін жүргізу мәдениеті баяндалды. Мұның мақсаты – әрбір судьяның әдепсіз көріністерге жол бермейтін мүлтіксіз таза келбеті мен қасиетін қалыптастыру. Кодекстің жаңа ерекшеліктерінің бірі – судьяның отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жүріс-тұрыстарының қағидаттары да айқындалған.

Ел сеніміне ие болу үшін судья өз білімі мен тәжірибесін үнемі арттырып отыру тиіс. Әділ және кіршіксіз таза сот билігі жөнінде дұрыс пікір қалыптастыру мақсатында іс жүргізудің жоғары мәдениетін көрсетуге, іске қатысушылардың судьяның бейтараптығына күмән келтіретін әрекеттерге жол бермеуге міндетті.

Жаңа Кодекс судьялардың әдеп ережесін реттеп қана қоймай, оны сақтамағаны үшін жауапкершілікті де анықтайды. Осыған байланысты судьяның әдеп талаптарының бұзылғаны немесе бұзылмағандығына баға беретін Судьялар одағы филиалдарында Судья әдебі жөніндегі комиссиялар құрылған. Комиссия судьялардың әдеп нормаларын бұзғаны туралы азаматтардың, заңды тұлғалардың шағымдарын, сот төрағаларының ұсыныстарын, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерді тексеру арқылы анықтайды. Тексеру қорытындысы Комиссия отырысында қаралып, оның нәтижесінде судьяның әдеп Кодексінің талаптарын бұзғаны немесе бұзбағандығы жөнінде шешім қабылданады.

2017 жылдың 10 айында Судьялар одағының Оңтүстік Қазақстан филиалының Судья әдебі жөніндегі комиссиясына азаматтар мен заңды тұлғалардан 28 шағым түскен. Айта кететін жайт, шағымдардың басым бөлігі іске қатысушы тараптардың немесе мүдделі жақтардың сот актілерімен келіспеушілігіне байланысты келтірілген.

Кейбір шағымдар тараптармен талап арыздарды қайтару, іс жүргізу барысында мәлімделген өтініштерді судьямен қанағаттандырмауы себебінен жазылып, судьяның әдеп талаптарын сақтамағандығы ретінде көрсетіліп жатады. Сот актісімен келіспеген шағымдарға жоғары тұрған сот сатысына заң талаптарына сәйкес шағымдану қажеттігі түсіндіріледі. Сонымен қатар, азаматтардың бірқатар шағымдарында келтірген уәждері қуатталып, комиссия отырысында кейбір судьялардың Әдеп кодексінің талаптарын бұзғандығы анықталып, оларға тәртіптік шаралар көрілді. Сондай-ақ, азаматтардың судьялардың іс-әрекетіне қатысты Сот алқасына (жюриіне) шағымдану мүмкіндіктері де артқанын айтып өткенім жөн. Сот жюриінің құрамында біліктілік комиссиясы мен тәртіптік комиссиялары құрылып жұмыс істеуде. Сот жюриі азаматтардың судья­лардың іс-әрекетіне және судьялардың қабылданған жаңа Әдеп кодексін бұзу жағдайларына байланысты арыз-шағымдарын қарауда. Бір сөзбен қорыта айтқанда, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі түбегейлі қайта құрылды.

Әрине, судьяның әдептілік қағидаттарын сақтамау жағдайлары судья беделіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан, әр судья сот төрелігін асыру кезінде және қызметтен тыс жерде судья мәртебесіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге міндетті.

Қазыларымыздың абыройы мен адамгершілік тазалығы судья деген жоғары мәртебелі атқа лайықты болуы тиіс. Дегенмен, құқықтық мемлекетте құқықтық мәдениеттің қалыптасуы судьяның әдебіне ғана емес, қоғамдағы әрбір тұлғаның жеке әдебіне де байланысты екенін ұмытпағанымыз абзал.

Мұхтар  ПАРМЕНОВ,

Қазақстан Судьялар одағының

Оңтүстік Қазақстан филиалының

Судья әдебі жөніндегі комиссиясының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *