СТУДЕНТТЕР «ҚАМАР СҰЛУ» РОМАНЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Қоғам
188 Views

СТУДЕНТТЕР «ҚАМАР СҰЛУ» РОМАНЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

 

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Ақпараттық білім беру орталығының ұйымдастыруымен №8 оқу ғимаратында республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында таңдалған қазақтың айтулы қаламгері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы талқыланды. Оған аталмыш жоғары оқу орнының «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Мәдени тынығу» кафедраларының оқытушылары мен студенттері, «Театралдық және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының меңгерушісі Шолпан Тұрдалиева және оқытушылары – Бақтыгүл Отарбаева, Аққу Қонысбаева, Бекзат Нұрсұлтанов, тағы басқалар белсене қатысты. Осыған орай өткізілген «дөңгелек үстел» мәжілісіне кітапхананың гуманитарлық мамандықтарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жанат Ережепова модераторлық жасады.

Іс-шараны «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі Нұрлыбек Омаров қысқаша құттықтау сөз сөйлеп ашты. Ақпараттық білім беру орталығының сектор меңгерушісі Халида Шамбулова жазушының өмірі мен шығармашылығы жайлы арнайы жасалған слайдпен таныстырып шықты.

С. Торайғыров «Қамар сұлу» романын 1914 жылы, ал кей деректерде 1917 жылы жазған көрінеді. Салыстырмалы түрде айтқанда, мына біздей кезінде жазған екен. Жартылай өлеңмен, анығы ғашықтардың өлең-хатымен жазылған бұл туындыда әйел теңдігі сөз болады. Әдеби көркем шығармадағы оқиғаның өрбіп, дамуына келетін болсақ, қаламгердің негізінде хронологиялық әдіс қолданғанын айқын аңғаруға болады. Мұнда шегіністер немесе өз алдына қатар жүретін эпизодтар жоқ. Барлық оқиға бір Қамардың басына байланысты өрбіп отырады. Шығармадағы басқа кейіпкерлердің (қыздың аталары – Оспан, Қалтаң қажы, әкесі Омар, ағасы Қасен) қайсысының болсын бейнелері де сол Қамар сұлуға қарым-қатынасы арқылы айқындала, ашыла түседі.

Жазушының бұл туындысы қазақ прозасынан лайықты орын алды. Роман жанрының қалыптасуы, өркендеуі жолындағы өзіндік белгілі бір рөлі бар. Қаламгер өз заманының көрінісін жан-жақты алып, оны реалистік тұрғыдан сипаттауға әрекеттенген. Бұл ретте көптеген табысқа жеткен. Ең алдымен, автор әйел теңдігіне байланысты өткір де өзекті мәселені көтеріп, сол кездегі қазақ арасында етек алған ескі әдет-ғұрыптарды қатал сынға алады. Ендігі жастардың келешегі оқуда, еркін тұрмыста екенін Ахмет пен Қамардың трагедиялық халдері арқылы меңзейді. Сөйтіп, ол өзінің осы шығармасында бір топ кейіпкерлердің ұмытылмастай жарқын, сенімді образдарын жасайды. Бұл жаңа ғана қалыптаса бастаған қазақ прозасына қосылған зор үлес болатын.

 

Сұлу Қамар, ақын Қамар, жаным Қамар,

Қамаржан, сені ойласам, ішім жанар.

Үлбіреген аузыңнан бір сүйгізсең,

Ішкендей кәусар сырын мейірім қанар… – дегендей өлең шумақтары сол маңайдағы бозбалалардың бұл қызға ынтызарлықтары басым. Алайда, Ахметті жан-тәнімен сүйетін Қамар әке, ағаларының оны кедейсініп бермейтінін ойлап, қатты уайымдайтын сәттері көп.

Ақыр аяғында тағдыр талайымен он бес жасар қыз елудегі Жорға Нұрым болысқа ұзатылады. Қамар сұлу ауыр дертке ұшырайды. Қаншама бақсы, балгерлер емдегенмен, оның емін таба алмайды. Күндердің күнінде көптен күткен Ахмет те келеді. Сүйіктісінің тым аянышты халін көрген ол ашу үстінде бақсыға пышақ салып, Нұрымды да қызыл ала қанға бояйды. кейіннен қатарынан қос сойыл тиген Ахмет те бақилық дүниеге аттанып кетеді. Осылайша Қамар сұлу зар илеп қала береді. Романның қысқаша сюжеті осындай.

Басқосу барысында бірқатар студенттер жазушының шығармашылығы туралы өздерінің ой-пікірін білдірді. «Қамар сұлу» романын талдап-талқылауға белсене атсалысты. Тіпті, сахналық көрініс те қойып, іс-шараны барынша қызықтырып отырды. Атап айтқанда, кешті жүргізушілер – Жансая Арыстанова мен Мәлік Нұрболат жүргізушілік шеберліктерімен ерекше көзге түсті. Исабек Әзімхан, Балжан Байырқұл, Ақерке Сүйінбек, Әл-Фараби Бақытжанұлы, Қазыбек Сүйінов жазушының «Қамар сұлу» романындағы көтеріп отырған өткір де өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, бір-бірімен ой бөлісіп, пікір таластырып отырды. «Театралдық және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының оқытушысы Бекзат Нұрсұлтановтың жетекшілігіндегі студент жастардың мәнді де мағыналы көрініске тыңғылықты дайындалғанын байқадық. Қазыбек Сүйінов, Асанбек Сұлтан, Орынхан Ербол, Сымбат Толыс «Қамар сұлу» романындағы кейіпкерлердің рөлдерін әдемі сомдай білді.

Соңында Жанат Ережепова апайымыз қорытынды сөз сөйлеп, іс-шараға белсене қатысқан бір топ студенттерге мақтау грамоталарын табыс етті. Студенттерге рухани тәрбие беретін және патриоттық сана-сезімдерін жоғары деңгейде көтеруге ықпал ететін осындай әдеби-шығармашылық кештер мен «дөңгелек үстел» мәжілістерін алдағы кезде де жиі өткізе беретін боламыз.

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, магистрант.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *