Мұхитхан ҮМБЕТҰЛЫ: БІЗ ДЕ БІР ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫМЫЗ

Тарих
17 Views

(Жалғасы. Басы өткен санда).

– Есім хан мен оның замандастары туралы таратыңқырап айтып өтсеңіз.

– Құдайбердінің бәйбішесінен туған Түгелбай, Данай атты балалары тарихи жазбаларда сирек те болса кездеседі. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, олардың Есім хан мен Жәңгір ханның сарбаздары қатарында қалмақтар мен қатағандарға қарсы шайқастардың ортасында болып, кеуделерін оққа төсегенін аңғарамыз. Олардың Ағынтай, Қарасай, Алатау, Жақсығұл, Елтінді, Марғасқа, Көксерек, Жиембет батырлармен бірге талай оқ пен оттың ортасында болғаны белгілі. Түгелбай, Данайдың Ботбай батыры Қанаймен, арғын батыры Бесіммен дос, сырлас болғаны туралы да әңгіме бар. Түгелбай, Данай батырлар Есім ханға ер-тұрманымен қос арғымақ тарту еткені жөнінде кешегі күнге дейін көнекөз, құймақұлақ қариялар әңгіме шертетін. Оған атақты инженер-тарихшы Мұхамеджан Тынышбаевтың жазбасы да нақты дәлел бола алады.(Тынышпаев М. История казахского народа. А.,1993). Қайраткер ғалымның жазып алған әңгімесіне қарағанда Тұрсын ханның бір қызын Түгелбай батыр алған. Бұл әңгімелерді Шымкент өңіріндегі Шошқабұлақ ауылының қариясы ошақты Базектен ғалым 1923 жылы жазып алыпты. Бұл дәлелдемелер Түгелбай батыр туралы шындықты аша түседі. Бұрынғы шежірелі қарттар Түгелбайдың қатағаннан қыз алғанын, оның жаугершілікте қырғыз ішінде қалғанын аңыз етіп айтып отыратын. Менің ізденіс-зерделеуім бойынша Түгелбай батыр Орбұлақ шайқасында опат тапқан сыңайлы. Оған оның сүйегінің Жетісу тарабында жатқаны (менің негіздемем бойынша) айғақ бола алады (Бәрін бір Алла біледі). Жетпей жатқаны ізденістің жоқтығы. Жанашыр жандар болса бабалар қойылған жер де табылар еді деген сенімдемін.

Түгелбай, Данайдың жастық шағы өткен жер табиғаты ғажайып Сайрамсу – Қарасора өңірі. Бұл аймақта Түркі қағанатының әскери қолбасшысы Қарашораның ордасы болған. Кейін бұл жерге Есім хан ордасын тіккен. Қарасора атауы Қарашораның бұрмаланған түрі. Ордаға жақын жерде Түргештер мен арабтардың шайқасының куәсі қасиетті «Мыңшейіт» менмұндалайды. Оған байланысты аңыз-әпсаналар да зерттеуден тыс қалып келеді. Төрткүлтөбе қамалының жанында Есім хан жерленген деген қойтастармен қоршалған мазарат орны бар. Ол бүгінгі күнге дейін сақталған.

Бұл туралы аңыз былай дейді. Есім хан өлерінің алдында бал аштырған екен, сонда оған сен өлген соң басыңды өртеп, қүлін аттың жауырына себеді, содан сенің мына өтпелі дүниедегі істеген күнәң жуылады деген. Сіз сенерсіз, сенбессіз балгердің айтқаны айдай келіп, жаныс руының Қуандық атасының Байжігіт баласы Ерсары үш ғасыр өткенде көріпкелдің айтуымен сол қорымнан басты қазып алып, оны өртеп, жауыр болған атына күлін себеді. Содан тұлпары құлан-таза айығады. Оны көзбен көріп, тілдескен, басты қазғанда жанында болған адамдардың әңгімелерін 1975-1980 жылдары біз де тыңдағанбыз.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ойтолғауында көтерілген «Қазақтың киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасына бұл қасиетті жерлерді енгізіп, зерттеу нысанына айналдыру керек-ақ.

Мен айтып өткен Түгелбай шамамен 1602, ал Данай 1604 жылы өмірге келген. Түгелбайдың үлкен ұлы Әбдірахман (Әбді атаған – М.Ү.) байлығымен танылған екен. Жәңгір хан әскерін көлікпен қамтуда Әбдінің еңбегі ересен болған дейді бұрынғы көнекөз қариялар. Үшінші ұлы Сарыбатыр Қазығұрт бауырындағы Тұрбатта дүниеге келеді. Оның да тарихтан алар орны бар. Ол Жәңгір ханның сарбаздарының сапында болып, ерлігімен танылып, жасаққа қолбасшылық жасапты. Жәңгір хан оған барынша сенім артқан болуы керек, Есім хан әр кезде бүлік шығаратын қарақалпақтарды жуасытып отыру үшін оған қарақалпақ аймағының бір бөлігін басқаруға берген. Оған дәлел оның атымен аталатын қоныстың ғасырлар қойнауынан Кеңестер тұсына дейін сақталып жетуі. Бұл туралы деректер де бізге белгілі. Баба зиратының қайда екені ұрпақтар үшін әзір белгісіз. Ал әдебиетші Құралбек Ергөбеков «Сарыбатыр Қазығұрт ауданындағы Тұрбат елді мекенінде жасапты. Сүйегі де сонда қалыпты» – дейді. («Өртең» №34. 8.11.2004 ж.). Бұл жорамал ғана. Өз заманының каһарманы болған Сарыбатырдың үрім-бұтағы ХIХ ғасырда өмір кешкен «Жұлдызнама» кітабының авторы, қыр ғұламасы атанған әулие – абыз Бекасыл Биболатұлы (1821-1914) екенін де еске салайын.

– Төле бидің әкесі Әлібек туралы да әртүрлі әңгімелер бар. Кейде анығы қайсы, ақиқаты қайсы екенін ажырату қиын.

– Мен неге бабаларды тізбелеймін. Себебі олардың өмір сүру кезеңдерін салыстыра айқындап, жұртшылықтың бұл қалай деген сауалдарына жауап беру үшін дәлел-дәйектермен негіздеп, ой-пікір талқысына салып отырмын.

Ізденіс-зерттеуден тыс қалып, ұрпағына әлі танылмай келе жатқан қаншама айтулы тұлғалар бар. Сондай тұлғаның бірі тарих шаңына көміліп жатқан, шежіреде аты бар Құдайбердінің кенжесі бірегей перзенті – Әлібек туралы білетінімізді ортаға салайық. Әлібек бізге жеткен шежіреде Төле бидің әкесі. Ол менің тарихи мәліметтерді саралауым бойынша 1624 жылы қазіргі Жамбыл облысының Жайсаң жайлауында, Құдайбердінің ақ боз шаңырағында жарық дүние есігін ашыпты. XVII ғасырдағы Қазақ ордасы дәуірінде Түркістан өлкесінен талай-талай азулы да ақылман билер, даңқты хан-сұлтандар шықты. Олар мемлекеттің саясатын, рухани үрдісін жүзеге асырушылар болды. Сондай тұлғалардың бірі – хан кеңесінде төрелік айтқан, аузы дуалы ұлылық иесі, бітістіруші дипломат Әлібек би болған.

Қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Иман, Абдолла, Қарт Әбілқайыр сынды хандарымен, Абылай сұлтан, көптеген батырлармен таныс-біліс болған Әлібек би өмірі тарихтың әлі ашылмаған беттері. Әлібектің Жәңгір мен Тәуке хан тұсында өмір сүргенін мына өлең жолдарынан да көреміз. Сауытбек пен Ақбөпенің айтысында мынадай шумақ бар:

Әлібек жаныс еді би болыпты,

Басқарып Ұлы жүзді игеріпті,

Қазыбек, Әйтеке би, Әлібекпен,

Заманы үшеуінің бір болыпты.

Бір мүшел Әлібек би үлкен екен,

Құрметтеп, «ағамыз» деп сый беріпті.

Бір жағы Ұлы жүз деп сыйлайды екен.

Қадірлеп Әлібекті күнделікті…

Халқымыздың тұтастығына, бірлігіне өлшеусіз еңбек сіңірген қазақтың атақты үш ханымен үзеңгілес болған Әлібек би туралы деректемелер жоқ емес.

Құдайберді би қайтыс болған соң Есім хан ордасынан Әлібекті көреміз.

…Би сайланған Әлібек,

Құдайберді биден соң,

Опат болып жасында

Құдаймеңді ағасы… деген жырда шындық бар. Шын мәніне келгенде Әлібек Жәңгір хан тұсында билік тізгінін қолға алады. Ақын-жыраулар да пенде ғой, бәрін аты дүркіреп тұрған Есім ханға тели берген.

Әлібек би Бұқар әмірлігі, Ресей патшалығымен мәмілегерлік саясат жүргізуде көрегенділік рөл атқарған. Оны Бұқар тарихшысы Мұхаммед Эминнің еңбегінен көреміз. Онда Субанхули ханның 1678 жылы өзінің елшісі Көшекей биді Ташкентке, Тәуке ханға жібергені баяндалады. Осында ұстамды саясат ұстанып, Көшекеймен келісім жасаудың ортасында Әлібек би болады. Әлібек бидің орасан зор еңбегі Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» заңдар жинағын түзіскені. Бүгінгі күнге дейін бұл заңдарды шығарып, қолданысқа енгізген Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер тобы деп жазып та, оқып та келеміз. Ұрпақтар санасына бұрмаланған тарихты егіп келе жатқанымызды басқа емес, тарихшы ғалымдар неге білмейді? «Жеті жарғы» заңы – 1678 жылға дейін қабылданған. Енді есептей беріңіз, бұл кезде Төле үш, Қазыбек он бір, Әйтеке он үш жаста болатын. Міне, кәмелет жасқа жетпеген бозбалалар қалай мемлекеттің әдет-ғұрып заңдарын жазған. Олар ержетіп, би дәрежесіне жеткенде заңға түзетулер, өзгерістер енгізіп жетілдіре түсуге өз үлесін қосқан. Бұл талассыз шындық. Алғаш «Жеті жарғы» заңын жазып, әз Тәуке ханмен бірге ел тұтқасын ұстаған ақиқатына келгенде Үлкен Ордадан Әлібек би, құрамадан Мұхаммед би, қатағаннан Жайман би, кіші жүз Керейіттен Мүсірәлі пір болған. Мүсірәлі кейін Тәуке ханның шешімімен үш орданың пірі атанған.

Міне, осыларды саралағанда Әлібек бидің Тәукенің оң қолы, ақылгөй– кеңесшісі болғаны көрінеді. «Жеті жарғыны» қабылдағанда Тәуке хан қырық жеті жаста (1631 жыл) екен. Ал Әлібек елу төрт жаста болыпты. Бұл кезде Төле бар болғаны үш жастағы сәби еді. Бұл дәлелді шынайы шындық.

«…Құдайберді өлген соң Әлібек би болды. Ол кезде қазақтар ханы Есімханның баласы салқам Жәңгір хан еді»– дейді шежіреші Зайыр Сәдібеков («Қазақ шежіресі», Ташкент, 1994 жыл). Мұның бәрі Әлібектің Жаһангер хан кезінен билікке тікелей араласқанын айғақтайды. Мынаны да есте сақтауымыз керек, қазақ билерінің ешқайсысы да кездейсоқ адамдар емес.

Әлібектің, Ә.Кекілбаев ағамыз жазғандай, қатардағы шаруа емес, текті әулеттен, қазақ мемлекетінің нығаюы мен ұлт тұтастығының сақталуына ерекше үлес қосқан билер әулетінен шыққаны көрінеді.

Әлібек бидің атақты тұлға болғанын Майлықожа ақын жырынан да білеміз.

Атасы Төле бидің Әлібек-ті,

Айтылған олардың да даңқы көпті.

Жаныс жаныс болғалы үкіметтер,

Жұртты сұрап олардың бәрі де өтті, – деп, бұл текті әулеттің бағасын береді.

1643 – 1644 жылдардағы ойрат – қазақ майданында Салқам Жәңгірдің от қарулы арнайы алты жүз жасағы болуы қазақ ордасының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның әскери өміріндегі өзгеше оқиға. Бұл соғыс майданының бел ортасында қырғыздардың қолын бастап Тиес би жүрсе, қазақ қолының бір қанатында Әлібек бидің болғаны шындық. Ойрат-халха басқыншылығына қарсы күресте қазақ-қырғыз-өзбек одағы үстем шықты. Бұл соғыс Жәңгір сұлтан атын әйгілейді. Оған Салқам (Айбынды) Жаһангер аты таңылды.

Абылай ханның арғы атасы Абылай сұлтанға «Ғанишер – жолбарыс жүректі» (бұл сөзді ғылыми айналымға ұсынып жүрген түрколог С.Сахабат) деген ат берген Әлібек би деген де әңгіме бар. Бұл да Әлібектің өмір жолына дәйек бола алады. Кім қашан шығарғанын білмеймін оны кейінгілер «бүлікшіл», «қанішер» Абылай атандырды. Бұл ешқандай шындыққа жанаспайды. Абылай сұлтан Есім ханға бағынбаған, тәуелсіз болған. Себебі ол Есім ханның қол астынан басқа жерде болды.

Абылай Бұқар ханы Имамқұлыдан, яғни Әндіжаннан жер алып, соның қолдауына ие болды. Оның Тұрсын ханмен шайқастары, Имамқұлымен бірігіп Ташкентке жасаған шабуылы жөнінде деректер бар.

Міне, осы жаужүрек Абылаймен бірде тату, бірде қату қарым-қатынас орнатып екі ел арасында дәнекер болып, елшілік қызмет атқарған Әлібек би туралы маған кезінде Абылай хан ұрпақтары Сейдазым, Сейдалы Тұрғынбаевтар тарихтан көптеген сырлы әңгімелер шерткен. Сонда ғанишер Абылайдың шешесі мен бауыры Саржанның «Мыңшейітте» жерленгенін айтқан. Олар бабалар басына барып, жылда Құран дұғаларын бағыштап тұратын.

Абылай сұлтанға қарағанда Әлібек бидің өмірі басқашалау. Ол текті де, бай әулеттің шаңырағында қайғысыз өсті. Медіреседен ілім алды, шежірелі қарттардан, ділмар шешендерден өнегелі тәрбие көрді. Ұлық ұстаздар алдынан өтті. Бұл өмір мектебі оны қазаққа ғана емес, қырғыз, өзбек, қарақалпаққа да танымал етті. Әлібектің тағы бір ерлігі Орта Азия қалалары арасында сауда қатынасын жолға қоюға үлкен үлес қосқан. Атасының бұл ісін уақыты жеткенде немересі Ақбота (ХVIII ғ.) барынша өрістеткен екен. Ферғаналықтар Әлібекті «БЕК» атауымен атаған. Ақиқаттан айнымас турашылдығымен танылып, даналығымен халқының жүрегіне жол тауып, ықыласына бөленген Әлібек бидей кемеңгерді танымай, зерттеуден тыс қалдырып келе жатқанымыз тарих үшін үлкен сын. 2018 жылы Әлібек бидің қайтпас сапарға аттанғанына (1698 ж.) 320 жыл болады.

Ғалымдар да, ұрпағы да Төле биді таниды, ал Әлібекті танытуға, тануға сүлесоқ. Әлібекті танымай Төлені қалай танисыз? Сондықтан бабалар өміріне түренді (ғылыми тұрғыда) мен салып отырмын десем, артық айтқаным болмас.

– Төле бидің ұрпақтары туралы деректер бір ізге түспеген сияқты ғой.

– Әлібектің үлкен ұлы Тыныбек туралы мәліметтер жұтаң. Бірақ қарияның сөзіне сенсек, бұл бабамыз бай да бақуатты, қайратты да жігерлі тұлға болған сияқты. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, одан туған балалар оттай жанып, жалындап, Қазақ хандығы іргесінің кеңейіп, қалыптасуында елеулі рөл атқарған. Шежіреде Ақбота мен Шораны Тыныбектің інілері қатарында көрсетеді. Бұл шындыққа жанаспайды. Тыныбектің Ақбота, Ақшора, Абыл, Ырысбай есімді балалары болған. Бұл сөзімді ғылыми тұрғыдан дәлелдейік. Біріншіден, 1924 жылы Мұхамеджан Тынышбаевпен кездесіп әңгіме жасаған 70 жастағы Бөрібай ақсақал (1854-1855 жылдары шамасында туған) Ақботаның бесінші ұрпағы екенін жеткізген. Қарт сөзіне сеніп, аталар шежіресін тізбелесек, Ақбота Тыныбектің баласы болып шығады. Екіншіден, Ақбота Тыныбектің інісі болса, 1725-1726 жылдары Ходженттің билеушісі бола алмас еді. Себебі ол кезде 70 жастан асқан шал болар еді. Жүріп-тұруы қиын адамға бір шаһардың билігін кім ұстатады? Ал Ақшора (Шора атап кеткен) Тыныбектің інісі болса, 1742 жылы Абылай сұлтанды жоңғар тұтқынынан босатуға қалай барып жүр? Бұл кезде оның жасы да 70-ке иек артқан, егде қарт болар еді. Шежіреші-жазушы Момбек Әбдәкімұлы бауырымыз өз мақаласында Ақбота мен Ақшораны Әлібектің балалары қатарында көрсетеді. Осындай мәліметтер талас — тартыстарға алып келуде. Бүгінде бұлардың бәрін бір жүйеге түсіретін кез келді. Момбек жазғандай, Абыл Әлібектің баласы болса, қалайша ол 1739 жылы Ташкентке келген орыс керуенін қорғап жүр? Орыс жазбаларында оның шау тартқан шал емес, орта жастағы қайратты азамат екені көрінеді. Мәскеу, Орынбор архивтерінің деректері бұны жоққа шығарады. Сонымен қатар көптеген еңбектерде Бәйтік батырды Ақботаның баласы санатында көрсетеді. Бұл да негізсіз. Бәйтік – Ақботаның немересі, Ырысбайдың ұлы.

Тарихи деректерде Аралбай Әлібекұлы туралы мәліметтер бар. Оның Өмір атты баласы болған. Аралбай Ниязбектің шөбере ағасы екен. Нияздың бір баласы Әлдеберлі, оны жергілікті (ташкенттік) бектер у беріп өлтірген. Міне, бұл аталарға байланысты терең зерттеулер қажет.

Әлібектің тоқалынан Қарабай, Өтебай, Төлебай, Темірбай және Елібай деген ұлдар болған. Мұндағы шежіреден түсіп қалған Қарабай – Қазыбек бек Тауасарұлының шығармасында және Бұқар жыраудың толғауында аталатын бабамыз.

Ай, Абылай, Абылай,

Жаныс Қарабайдың үйінде,

Түнде туған ұл едің.

Үйсін Төле бидің,

Түйесін баққан құл едің, – деп қатты айтылатын Бұқар жырындағы сәби Абылайды ажалдан құтқарған осы Төле бидің ағасы Қарабай еді. Одан ұрпақ қалған-қалмағанын біле алмадық. Темірбай туралы да білетініміз аз. Ол туралы да бірді-екілі мәлімет бар. Абылай сұлтан ержетіп, алғаш жауға шапқанда осы Темірбайдың баптаған Сарыбесті атына ер салған екен. Бұл арғымақ талай жорықтарда Абылайды жау ортасынан алып шыққан шығар. Шежіреден қалыс қалса да, жазбалар мен жырларда бұл бабалардың аттары сақталып, бүгінге жеткен.

Өтебай туралы алғаш қалам тербеген – шежіреші-жазушы Момбек Әбдәкімұлы. Ол өз мақаласында былай дейді: «…Қара әңгіме мен шежіреге жүйрік қариялардың сөздеріне құлақ түрсек, Өтебай мен Төленің арасы үш жас». Өтебай 1660 жылы туған деп пікір айтады. Бұл шындыққа жанаспайды. Өтебай 1663 жылы дүниеге келген. Оны ұрпақ буындарын есептеу арқылы анықтауға болады.

Әлібектің зайыбы екеуі әулие аралап, Өтебайды Алладан сұрап алғаны туралы аңыз жеткен, бұл шындықтан алыс емес. Бұл да Әлібектің Өтебайды кеш көргеніне, яғни 1663 жылы оның дүние есігін ашқанына жанама болса да дәйек бола алады. Қоқан жазбаларының сарғайған қағаздарын ақтарып, Өтебай туралы қысқаша болса да мәліметтерге қол жеткізгендейміз. Оның Наманган Хуррамсарайының басқарушысының орынбасары болғанын білдік. Ол мұның алдында да түрлі қызметтер атқаруы мүмкін. Бұл тұста Ферғана қыпшақтары Шығай ханды өздерінің билеушісі (1743) санаған. Есім хан кезінен хандар әулетімен жақсы қатынаста болған. Әлібек әулеті Ферғана мен Ташкент уалаятында хандар жанында билік қызметінде болған. Өтебай да алғаш Тәуке ханның қызметінде болуы мүмкін. Абылай ханның тұсында ол көбіне Ташкент, Наманган тарабында Қоқан бегі Абдул Керимнің ықпалында болған сияқты. Оның өзіндік себептері болған. Өтебай баба шежіресінде де ауытқулар көп. Шежіреде Өтебайдан Құрманәлі, Қонысбай, Қуандықты өрбітеді. Қонысбайдан Ағайдар, одан Сасықбай батыр деп көрсетеді. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша айтылып тарап келген шежірелік мәлімет көздері ғасырлар бедерінде уақыт табының шаңына көміліп, күңгірт көмескі тартып, бірте-бірте ұмытыла бастаған. Содан ата тек тарқату үрдісі бұрмаланып, қайшылықтар туындаған.

Шын мәнінде Сасықбай да Өтебайдан туған болу керек. Оған дәлелді тағы да Қытай жазбаларынан табамыз. Онда 1758 жылы Төле бимен бірге жүрген Сасық батырдың аты аталады. Оның аты бірнеше жерде Сасықбай (Са-са-кэ-бай), Сасық би атымен нақты көрсетіледі. Жазбаға назар аударсаңыз, онда аты аталғандардың Төленің жақын туғандары екені аңғарылады. «Жеті жарғыны» түзіскен билердің санатында қарақалпақ Сасық би деп аталып жүрген осы Сасық би — батыр. Әз Тәукенің тұсында ол жас болған, қазақтың билері кейін де осы «Жеті жарғыға» сүйеніп, билік шешімдерін шығарған. Сасық би де Төле бимен бірге ұлт, елдік мәселелерде көрегендік танытып отырған. Біздің оқымыстылардың қателігі – Сасық биді де «Жеті жарғы» заңдар жинағына автор етіп бекітулері дер едік. Қайсыбір жандардың Сасық би басқа, «Жеті жарғыны» жазысқан Сасық би (қарақалпақ) деген болған деп дауласулары мүмкін. Қалай десек те Әз Тәукенің Сасық би деген заң шығаруға үлес қосқан биі болған емес. Білетініміз Есім ханның тұсында қаңлы Сасбұқа деген би, батыр өткен. Біздің анықтай алмай жүргеніміз осы батыр болар. Зерделеуімізше, Сасықбайдан Ағайдар дүниеге келген.

Сасық батыр туралы «Әділет» (№18, 18.05.2016 жыл) газетінде тарихшы Болаттемір Алтаев мақала жариялағаны белгілі. Бірақ ол аталар шежіресіне үңілмеген. Дәлел — дәйектерді жеткізе алмаған. Сонда да болса оның пікірімен келісуге болады. Егер шежіреге сүйенген Сіздердің пікірлеріңізді жүйелесек, онда Төле бидің жанында жүрген Сасық би мына жарық дүниеде (1758) жүрмеген, яғни өмірге келмеген болар еді.

Енді Елібай туралы не білеміз? Білетініміз аз. Ұрпағы да бабасының қай жылы туғанынан бейхабар. Әзірше баба жөнінде қолға түскен дерек жоқ. Елібай атымен кездесетін мәліметтер бар, бірақ бұл сіргелі Елібай ма, жаныс Елібай ма, анықтай түсуді қажет етеді. Елібай туралы жазылған мақалалар қиял дүниесінен туған әпсанаға жақын. Елібай туралы көп нәрсе білмесек те оның бауыры Әлсейіт жөнінде, Ресейге елшілікке барған Айтбай батыр туралы, қазақ — жоңғар соғысының қаһарманы Бектемірдің ерліктері жазылған деректер қаншама құпияның бетін ашатыны ақиқат. Бұл деректер де қолымда бар. Әлі де бабалар ғұмырдариясын ашу үшін көп ізденістер керек.

– Төле бидің туылған жылы да әртүрлі жазылып жүр емес пе.

– Бүгінде Төле бидің 1675 жылы дүниеге келгені орыс, қытай деректері арқылы нақты дәлелденіп отыр. Оған дауласудың қажеті жоқ. Бұл – ақиқат. Тек оны ғылыми айналымға салып, оқу бағдарламаларына енгізу керек. Президент Н. Назарбаевтың сөзімен айтқанда «біз тарихтың ақиқаты жазылмаған тұстарын қайта қарап жатырмыз».

Дәстүрлі қазақ қоғамының саяси — әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің маңызды буыны, Би халық түсінігінде сот, төреші, батагөй, шешен, бітістіруші дипломат, елші ретінде ұғынылады.

Ал төбе би дәстүрлі қоғамда арбитр қызметін атқарған. Тәуке хан тұсында Еуропа елдерінің Парламентімен деңгейлес институт – билер кеңесі болды. Билер кеңесінің ең алғашқы мүшелерінің бірі – Әлібек би. Оның ұлы Төле бидің 1675 жылы туғанына мына дерек нақты дәлел бола алады. Қытай патшалығының әскербасылары – Моңғолдай мен Хешан 1758 жылы күзде Қасақшираны қуалап, қазақ жеріне келеді. Сонда олар өз жазбаларында былай дейді: «… 15-күні біз Төле бидің тұрған жеріне бардық. Оған болған жағдайды түсіндірдік. Бірге аттанып, түн ортасында Ташкент маңына жеттік. 16-күні олар Ташкентте бас қосып, қаладан шығып, бізбен кездесті. Төле бидің жасы 83-ке келді, Қойгелді болса 70 жасқа толған. Содан Төле бидің ұлы Жолан мен аталас бауыры Босұрманды (Мұсылман болу керек – М.Ү.) елші етіп, патшамен дидарласуға жіберуге келістік.» Бұл мәліметті ешкім жоққа шығара алмайды. («Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері», ІІІ том. Алматы, 2006 жыл.)

Тағы да сол Қытайдан табылған «1763-1764 жылдардағы қазақ хандығының жалпы ахуалы» деген құжатта «… Қазақтар мұсылмандар, олар үш бөлікке бөлінеді. …. Осы айтылған үш бөлімнің (үш орданың) барлығы толық Төле би, Абылай деген екі үлкен билеушіге бойсұнады. Ең үлкен билеушінің қоластында екі мыңнан аса жасағы бар. Бұлар ұдайы үш жүздің жерінде көшіп — қонып жүреді. Шу — Талас жерінде өздері тұратын бір қаласы бар. Олардың Қоқанның солтүстігінде Ташкент атты қаласы да бар,» – дейді. Жылы, қаласы, адам аттарына дейін анық та нақты жазылып отыр. Егер 1663 жылы Төле дүниеге келсе, онда 1763 жылы ол 100 жасқа толар еді ғой. Ал бабаның 93 жыл ғұмыр кешкенін, аталар сөзі де, шежіре тарих та растай түседі.

Төле би 1675 жылы, Қазыбек 1666 жылы, Әйтеке 1665 жылы туған. Мұны тарихи құжаттар айғақтап отыр. Төленің жасы кіші, жолы үлкен. Оны Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналар» атты өлең жолдарынан да көреміз:

Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Әлдибек, Айтбай, Майлы шешен өткен,

Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің

Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен.

Қилы кезеңде, жан — жағынан қыспақта болған ел батырлары мен билеріне, ақындарының даналық сөздеріне арқа сүйеген. Келешектің көкжиегін алыстан болжаған Төле би өз заманының қоғам қайраткері, елінің, жерінің қамын ойлаған, қалмақ басқыншыларын қарсы күресті ұйымдастырған аса ірі тарихи тұлға, сөзге шешен, атақты би.

«Күлтөбенің басында күнде жиын» деп аталып кеткен сол жиынға 1695 жылдан кейін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, қоралас Едіге би, үйсін Бүркіт би атсалысып, Әз Тәукенің жанынан табылып, «Жеті жарғы» әдет — ғұрып заңын жетілдіре түсті. Әзіз билердің шешімді ұйымдастыруымен Әз Тәуке хан Ташкент жазирасымен бірге 32 қала мен оларға жапсарлас жатқан жерлерді бағындырды. Төле би Тәуке, Иман, Абдолла, Әбілқайыр, Жолбарыс, Рүстем, Тұрсын, Әбілмәмбет, Сәмеке, Барақ, Әбілқайыр Қажыұлы сынды қазақтың асыл текті хандарымен, Қоқан бектері – Абдулкерім, Ерданамен, қырғыз, өзбек, қарақалпақ билеуші батырларымен, қазақтың көптеген қаһармандарымен жорықтас, серіктес, сырлас болды.

(Жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *