МЕДИАЦИЯ МАҚСАТЫ – БІТІМГЕРШІЛІК

Құқық
328 Views

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқығын жүзеге асыруы болып табылады. Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңтайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей жолдарды қарастыру қажет» – деп көрсетілген.

«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады.

Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық, тағы басқа құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданылады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның нәтижесінде анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес барлық даулардың 30-40 пайызы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген.Елімізде «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі.

Сонымен қатар тараптар өз қалаулары бойынша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында келісе алады. Тараптардың келісімімен медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын белгілейді.

Медиацияның мақсаттарына тоқталсақ, біріншіден, дауды шешудің медиацияның екі тарапынан да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу; екіншіден, тараптардың даулаушылық деңгейін төмендету. Осы мақсат-міндетін қолға алсақ, біраз мәселені оңтайлы шешуге зор мүмкіндік болар еді.

Медиацияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, дауласушылық деңгейін төмендету, тараптардың сот отырыстарына қатысуынан уақыттарын жоюға жол бермеу болып қалыптасқан. «Медиация туралы» заң бітімгерлік рәсімдер институтын ұйымдастыру және оның қызметінің тәртібін белгілейтін бірқатар баптардан тұрады, бітімгерлік рәсімдер институты қызметінің құқықтық негіздерін белгілейді және медиатордың қатысуымен дауларды шешу жөніндегі қатынастарды реттейді.

Медиатор – тараптардың дауларын реттеу мақсатында олардың арасында бітістірушілік рәсімдерді жүзеге асыратын дербес тұлға. Қолданыстағы заңның 4-бабы негізінде бітімгерлік рәсімдерді жүргізетін медиатор тараптардың тең құқықтылығы мен әділеттілігін сақтауы тиіс.

Сонда медиация еріктілік, медиация тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаларымен жүргізіледі. Медиацияны жүргізу кезінде тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсімін, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсілдері мен құралдарын таңдау, ақпарат алу кезінде, дау-шарды реттеу туралы келісім-шарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздеріне тең міндеттер жүктейді, медиациялық рәсімдерге араласушылыққа жол берілмейді.

Медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріліп дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.

Майя ШЕРТАЕВА,

Еңбекші аудандық

сотының судьясы.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *