КӨКБӨРІ АТЫ ҚАЛАЙ ШЫҚҚАН?

Туған жер
189 Views

АЛҒЫ СӨЗ

Аса мейірімді, жомарт Алланың атымен бастайын!

21 дәуірді басынан өткізіп, 18 рет ғаламдық тәртіпті қалпына келтіріп, әділетті қоғам орнатқан Алты Алаш – Тұран – Қазақ Елінің Ақиқаты мен тарихаты соңғы 300 жылда 20 рет өзгеріске түскен. Киелі Ұлы Даланың перзенттері Қазақ халқы өшпейді! Өшірем дегендер өспейді! Халқымыздың соңғы Сыпыра шежірешісі Әлиасқар Байғұтұлынан қалған қолдағы бар деректерден аз ғана үзінділері баяндалатын тарихат насият баянын жастарымыздың рухын көтеру мақсатында ұсынуды жөн көрдік.

 

ЖҰМЫР ЖЕРДЕГІ ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН ҰЛЫ ТЕКТІ БАБАЛАРЫМЫЗ

Ақиқатты аңыз етсең,

Әруақ сені доңыз етер!

Ақиқатыңды Нұр етсең,

Әруақ сені пір етер!

(Төрт Құлақ Әулие).

 

Жұмыр Жердің бетін дүр сілкіндірген және қашанда әділдіктің жолын ұстанған, қаһары мен қайырымдылығы тең болған, Ұлы Даладан шыққан Ұлы Текті Қаһандар, Ұлы патшалар, Гүрхандар, Хандар, Баһадүрлер, Шешендер мен Көсемдер:

Кер Сақ Аб «Сансыз Баба!» – Данышпан!

Алаша Қаһан – Алтын басты Баһауүл Баһан!

Күрең Алаш Сақ Аб Қаһан – Баһауүл!

Қазақ, Созақ Қаһандар – «Баһан бастар!»

«Керүкі – Үкітай» Қаһан — Темір Құтлық» (Үкаш Ата) Қаһан!

Арғұн, Керей, Уақ, Найман, Қыпшақ, Қоңырат – осының барлығы Көк Хандықты ұстап, Тәңірқұтқа сыйынғандар және бұлардың кейбір ұрпақтары қазір өз алдына ел болып, жатжұрттардың тілі мен салтын қабылдап, сол елдерге сіңіп, тексіз боп кеткендері де бар.

Кер Сақ Аб Тұтқа — Кербұла Қаһан!

Елтіріс Қаһан – Данышпан «Ертіс!»

Амур Дария Забур патша – «Тұрант!»

Суран Дария Жамушын патша — «Сурант!»

Қыпшақ Атаұлы (Аттила – Еділ) — Қаһан — Баһауүл!

Тоны көк — «Білекті» Қаһан!

«Сары Оғлан» Қарахан патша — «Тараз»

Шыңғыс Қаһан – Тұранқұс!

Әмір Темір Көреген – Иман Нұрман!

Айқарақ Керей хан – Қазақ түп сұрауы «Қансуар»!

Кісі аттарына түсіндірме:

«Күрең Алаш Сақ Аб Қаһан» — Құдаймыз деп астамсынған пірғауындарды, оларға бағынып тұрған адам етін жейтін «Арыстан тайпаларын» «Егізтұмсық — Қосмаралға» (қазіргі қос — Америка құрылығы) дейін қуып барып, сонда қырған. Алайда Көк Тәңірінің құдіретімен су көтеріліп кетіп, кейін қайтпай қалып, ұрпақтары қазіргі Америка үндістерінің негізін салған. Оңтүстік Америкадағы Мая және Ацтек (Естек) халықтарының пирамидалары сатылы болғанымен, Африкадағы фараондар салған пирамидаларға ұқсас.

«Керүкі Үкаман Темір Құтлық» Қаһан – қазіргі «Үкаш Ата» әулие, мазараты Қаратаудағы Кентау қаласына жақын жерде.

Қыпшақ Атаұлын — қазақтар Еділ, еуропалықтар Атилла деп атаған, Римді, бүкіл Еуропаны жаулаған, әділеттілігімен атағы шыққан ғұндар патшасы. Ежелгі Герман тайпаларының рыцарлық жырларында Еділ патша жан-жақты дәріптелген.

 

«КӨКБӨРІ» МЕНІҢ ҰРАНЫМ! – ДЕГЕН СӨЗ САПТАУЫНЫҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ӨЗДЕРІН «КӨКБӨРІДЕН» ТАРАТУЫ ШЫНДЫҚҚА САЯ МА?

1.Ай жүзіндей жарқыраған «Нұрлы шежіре».

  1. Айтсаң айнымас «Асыл шежіре».
  2. Көрсең көзің тоймас, ұрпақ аумас «Алтын шежіре».
  3. Атасының борбайын, анасының ойбайын айтар «Аңыз шежіре».

(Асан Қайғы).

 

Кер Сақ Аб Бабаның «Құнапар» ұрпағынан туған он бала жаугершілік заманда тау ішіндегі бір үңгірді паналайды. Балалардың ең үлкені жеті жаста екен. Олардың өздерімен бірге ертіп шыққаны «Сұрқаншық» деп аталатын қаншық ит қана болыпты. Бірақ бұл «Иттің сырттаны» болып шығады.

Бұл балалар тығылған үңгірді қасқырлар қамай бастайды. Бұл қасқырлардың ішіндегі көкжал арланы «Қасқырдың сырттаны» иттің қаншық сырттанын көргенде ұйығып, өзінің үйірлестерін бұларға тигізбейді. Енді бұл қасқырдың сырттаны күніге аң аулап, осы үңгірге таси береді. Қарсы келген үйірлестерін жайратып, өлтіріп тастайды. Бұл он бала да қасқырлар әкелген аңдарды қорек етіп, қасқырларға үйрене бастайды.

Ежелгі дәуірлерден белгілісі, «Қасқырдың сырттаны» иттің «қаншық сырттанына» кезіксе, ол ауылдың малына қасқырлар тимеген. Осындай табиғаттың тылсым серті болған. Ал иттің сырттаны төбет болса, қасқырлар жабылып өлтіріп, ол ауылдың малына тыныштық болмаған.

Он бала өздерін қоршаған қасқырлардың мінез-құлқына еліктеп өседі. Қаншық сырттан жалғыз күшік туады. Қасқыр сырттан күшікті өзі бақылап, аңға, шабуылға үйретіп, ешкімге тигізбей өсіреді.

Он баланың алды 16-ға толғанда күшік өз үйірлестеріне қарсы шабатын мінез байқатады. Қаншық сырттанды балалар «Майлыбұл» деп шақырған. Ал күшікті «Асабұл» деп атайды. «Асабұл» төбет әбден жетілгенде қасқырларды өлтіре бастайды. Ақырында бір ғана «Қаншық сырттаннан» басқасының барлығы да үңгірден безіп тынады. Күндердің күнінде әбден қартайған «Майлыбұл» қаншық сырттан да өлігін таптырмай, жоқ болып кетеді.

Жабайы ортамен етене араласып, ержете бастаған он бала қасқырлардан үйренген мінезіне басып тау етегіндегі ауылдардан мал, азық-түлік тартып әкелуді әдетке айналдырады. Шаштары ұзын он алыптардың таудан түскендерін көрген адамдар үрейленіп, үйлерін бұзып, бұл жерден аулаққа көшеді. Жасөспірімдер мұнымен тоқтамай, енді қыз-келіншектерді ұрлай бастайды. Әкелінген қыз-келіншектер бұлардың жабайы қылықтарын тастатуға әрекеттеніп бағады. Қайбірі өліп те кетеді.

Енді әбден зәразап болған жан-жақтағы ауылдардың ақсақалдары бірігіп: «Бұл қандай адамдар? Білейік! Жау болса, өлтіріп тынайық!» — деп тыныштық жолын тілеп бірнеше мың сарбаздар дайындап, тауға беттейді. Таудың ішіне кіргенде ешкім байқалмайды. Бірақ түнде бірнеше сарбазының өліп жатқанын көреді. Түнде де қарауылдарын күшейтіп, тауға қарай ішкерілей береді. Ақыр-соңы он балаң жігіт қоршауға түседі. Қияң-кескі шайқас басталады. Шаштары өсіп кеткен, киген киімдері теріден жасалған мынау он жігіттің оқтай жылдамдығы мен қайрат, күштеріне ақсақалдар таң қалып, сарбаздарға пәрмен береді:

— Шайқас тоқтатылсын! Бұлар ақыры қоршауда. Не істер дейсің? Аяқалысын, ойларын білейік. Қайдан пайда болған сарбаздар? Соғыс тәсілінің біз білмейтін дыбыссыз қозғалысын кімнен үйренген? – деп өзара келісімге келіп, ұрысты тоқтатады. Қырық күн өтеді. Ешқандай тосын қимыл байқалмайды.

Бір күні ұрандаған дауыстан сарбаздар абыржып, қаруларына ұмтылады. Көкбөрі! Асабұл! Майлыбұл! деген ұранды дауыстарды естіп, қолбасылар сарбаздарына кері шегінуге пәрмен береді. Арасындағы жасы үлкен алыптың мойынынан желп-желп еткен «Атажұрт Алаштың» тұмар таңбасын көрген ақсақалдар бұлардың «Күнапар» Бабаның ұрпақтары екенін біліп, сарбаздарына: «Тез арада тауды тастап шығыңдар!» — деп пәрмен береді. Оларға керек күнделікті тұрмыс-салтқа қажетті заттар мен азық — түлікті тастап, елге оралып:

— Олар өзіміздің қандастарымыз! Қалайда тіл табысуымыз керек! – деген шешім қабылдайды. Бірақ ауыл-аймаққа күзетті күшейтеді. Әр жаңа айдың туғанында тау етегіне молынан азық-түлік тастап тұруға бел буады. Біраз уақыт өткенде он жігіт мынау азық-түлікті көріп, өздері ұрлап келген қыз-келіншектердің ыңғайына көне бастайды. Күндердің күні олар әйелдер мен бала-шағаларын ертіп, таудан түсіп елге қосылады. Осы қанды оқиғадан соң Кер Сақ Аб елінің ішіндегі «Құнапар» Бабаның аты ұмытылып, «Асабұл», «Майлыбұл», ұраны: «Көкбөрі» деген Ел пайда болады. Арада 300 жыл өткенде Алтын Күрек Орғасүй Айырқалпақ Айдаһар Би осы «Асабұл» мен «Майлыбұлдан» тарағандарды қосып: «Бір Атадан тараған «Болашымсыңдар!» — деп бозқасқа шалып «Ашамайлы» деп атаған. Ал «Көкбөрі» сырттан қасқырдың аты болған.

Әлиасқардың түсініктеме – баяны:

Кер Сақ Аб «Сансыз Бабаның» жетінші «Болашымы» «Құнапар» Сақ Абтың ұлы «Керіле» бастаған он баланың есейіп, жетілген Атақонысы, ол қазіргі Іле тауы. «Керіле» деген сөздің мағанасы: «Жауын төрт тұсына тартып, қасқырша боршалау!» деген ұғым екен. Осыдан барып, сөз салтымызға айналған: «Адамға қарап керілме!» деген қанатты өсиет туындайды. «Босағаны керме!» деген тыйым бар. «Керейше керіп ағашқа, жоныңнан таспа тілем!» деген Айбынды Абылайдан да қаһарлы, қанды өсиет қалған.

 

ҰЛЫ ТЕКТІЛЕРДІҢ «КӨКБӨРІ» ТУРАЛЫ АЙТҚАНЫ

  1. «Дала тағысы «Көкжал сырттанымен» ұйығып туған күшік: «Азуы Керлінің пірі болар!»

(Тоны Көк Білге Қаһан).

 

  1. «Көкбөрінің» мекені

Айшұқырдың басында!

Пәрмені жүрген Ер болған

«Күлтөккен» мен «Итжеккен» арасында

Тоғыз бауырымен жаһанның жартысын билеген

«Керілей» ҚаҺан өтіпті

Тоқсан сегіз жасында!

(Жүсіп Баласағұн).

 

  1. «Түз тағысымен алақан қараған сырттаннан туған күшік, ұяласына бас болар!» «Менің кіндігім үйде түсті, тәлімді түзден үйрендім.

(Шыңғыс Қаһан).

  1. «Көкбөрі» киелі! «Тура кіруді біледі, кері шығуды – қанына жат қылық!» деп түсінеді.

(Әмір Темір Көреген).

 

  1. «Көкбөріні» тура айтпай, бұра айтқанның – жүрсе жолы қараңғы, «Болашымы» баянсыз болар! (Айқарақ Керей хан).

 

  1. «Керей ханның туында «Көкбөрінің» таңбасы болды! Тасжүрек сарбаздары болды! Тараз Ордасы болды, Шығыс тұсы Таласы болды, Батыс тұсы қанға толды! Көк Тәңірі қолдады! «Күрең шеруде» жолы болды!

(Тәуекел хан).

 

  1. «Екі киелі санам» толғанша

Жәутеңдеді қос жанарым…

«Сүйенішім қайда?» – деп

Әкемді іздеп жыладым!

Етегіне оралып Анамның,

Көңіліне қарадым!

Пәлегі жоқ түйнек боп,

Жетімдіктің тұзын жаладым…

Он алты жасқа толғанда,

Он екі мүшем қатқанда

Өз қатарыма қарадым,

Көктегі жұлдыздарды санадым!

«Көкбөрідей» ұлыдым,

Көк Тәңірі тілеуіме қосылды!

«Ал Көкті» деп ұрандап,

«Жамбы» түсірді садағым!

(Әз Ғараб Алатау батыр).

 

  1. «Көкбөрі» еді – Ұраным,

«Қансуарға» айналды!

Көк жүзінде күннің көзі тұтылды,

Табан жолым шайқалды!

Қайғыдан қарға семірді,

Жауымның зары Көк Тәңіріне жетті,

Үзеңгі қайырдым!

(Айбынды Абылай хан).

 

  1. «Қансуарлап» ұрандап,

«Қанжамбыны» көтерсе,

Қанды жорықтың зіл басы!

«Көкбөрілеп» ұрандап,

Алты Алашым шақырса,

Көкпар болар қанжығасы!

(Бұхар жырау).

 

  1. «Қасқырдың сырттанына «ұйығып» күшік туған иттің қаншық сырттанының қанынан «Сырттанның азулы пірі» пайда болады. Бұндай «Сырттанның пірі» жұмыр тұяқ жылқының алдынан бір өтсе жануар төрт аяғымен жер тіреп жүрмей қояды».

(Әйтеке би).

 

  1. «Қансуарлап» шапқанда

«Күрең жолда» Бас болдым!

«Көкбөрілеп» шапқанда

Көшкен елге тап болдым!

(Ханбас батыр).

 

  1. «Көкбөріні» жырлайтын

Ақын таппай Алаштан,

Күйге салып тыңдадым!

«Он жолды» күйімді естіген,

«Ашамайлысың ба?» — деп сұрады!

Атасы бөлек Қазақ жоқ!

Анасы да бір бұлағы!

Ырза болып жамағат

Шапан жауып жылады!

Айшұқыр-ай, Айшұқыр,

«Он жолды», «Көкбөрінің» шырағы!

«Ақтаңкер» жұмыр тұяқтың пірі болса

«Көкбөрінің» мінгені

«Желқуардың» пырағы!

Ай, Маханбет, Маханбет!

Ашуың дауыл, тілің – бал,

Қанша шешен болсаң да

«Көкбөрінің» Әруағы

Таңдайыңа сыймады!!!

(Құрманғазы).

 

Әлиасқардың түсініктеме – баяны:

«Екі киелі сана» — 14 жас. «Үш киелі сана» — 21 жас. Ата-бабаларымыз осы киелі жастарды «Қасиетті» деп санап: 14, 21 жас — деп атамаған. Яғни айтқызбайтын тыйым болған.

 

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУДЫҢ ТОЛҒАУЫ

— Сүрінбесе қызыл тіл,

Уа, Алашым сөйлейін!

Керей туған жайды бір…

«Күнапар» Бабамнан қозғайын,

«Он бала» жетілген үңгірден!

«Көкбөрі» болған ұраны

«Асабұл» мен «Майлыбұл!»

Қасқыр мен иттің сырттаны

«Он баланы» асыраған,

«Көкбөрінің» қайыры бір!

Айыр Қалпақ Айдаһар

Алтын күрек Орғасүй!

Ұраның жалғыз болған соң,

«Үшке жарып айтпа!» — деп,

«Ашамайлы!» болып қосылған!

Біріккен жеріміз «Айшұңқыр!»

Ашынғанға басу айтып,

Басынғанның басын алған,

«Ашамайлы!» — біз едік!

Жебесі киелі «Ақсұғыр»

«Он баладан» тараған!

Он Қағанатты құраған

Қытай жығылып жылаған!

«Төрт Құбыланы» сұраған

Айқарақ Керей хан еді!!!

Алашқа біткен «Ақтұғыр»!

Ай, Айбынды Абылай!

Сөз сөйлеме шаптығып!

Он ойланып, бір кеспей,

Жауға шаппа аптығып!

Әбілқайырдай адасып,

Қытайға сенбе қақтығып!

Батысыңнан қауіп бар,

Хан қасиеті сақтылық!

Қазақтың бейқам мінезі бар,

Қамсыз отыру әлі ерте!

Таратпа сарбазды, қол жиып! –

деп Алтай өңірінде Абылай ханға ескертеді. Қазақ Елінде, Абылай ханда «Майлыаяқ», «Асаяқ» — атты ит біткеннің сырттандары болған.

 

ҚОЖАМБЕРДІ ЖЫРАУДЫҢ ТҮРКІСТАНДА «КӨКБӨРІ!» ДЕП ҰРАНДАУЫ

Қожаберген қоса толғайды

Кім бар туып, біле қалған,

Кім бар туып, жүре қалған?

«Көкбөрі!» еді ұраным,

Ашамайлы Кереймін!

«Кер» жоғалып «Іле» қалған,

«Айшұңқыр» Он Сақ Абат өрбіген!

Атажұртта «Құнапар»

Атақоныс кіндігім!

«Құнапар жолы» содан қалған!

Желкедегі шашы желбіреп,

«Көкбөрілеп!» шапқанда,

Қытай қорған салып жылаған!

Шоқындылар шашырап,

Орман-тоғай аралап,

Тентіреп кеткен Ыслабан!

Уа, Алты Алаштың Арысы!

Он «Көкбөрі» гүрілдеп,

Атақонысын қорғаған!

«Көкбөрідей» көтеріліп,

Көк Тәңіріне сыйынып,

Он Ордадан от шашып,

Жауыңды жығып тізеңе,

Осылай бір Атажұртты құраған!

 

Түсіндірме: Ресей патшалығы мен Қазақтың тарихын 20 рет өзгертіп жазған ата жауларымызбен қатар реакциялық отаршыл батыс тарихшылары, одан қала берді тексіз Қоқан хандығының, ХХ ғасырдағы қанқұйлы Кеңес өкіметінің тарихатымыз бен ақиқатымызға қисынсыз жала жабуында шек болмаған. Ата жаулардың мақсаты – Қазақтың барлық шежірелерін жинап өзгертіп, ұрпақтарын адастыру болған.

Ата тарихымызға құлаққа кірмейтін, табиғат жаратылысына да, ғылымға да жат қисынсыз жала жауып, түркілердің ата-бабаларын қасқырдың аяқ-қолын жаулар шауып кеткен мүгедек бала Ашинадан таратып қояды. Бұдан артық қиянат бола ма? Алайда текті де Ұлы халқымызды ата жауларымыз қаншама жерден жер бетінен жоймақ болса да тілінен, ділінен, дінінен, салт-дәстүрлері мен бұлжытпай орындалуға тиісті киелі рәсімдерінен айырып, мәңгүрттеп жер бетінен құртпақ болса да олардың арам ойлары жүзеге аспады. Халқымыз тәуелсіздік алды. Нағыз шындық, халқымыздың құпия тарихаттары қараңғы түнде найзағайдай жарқ етіп Алланың құдіретімен біздің заманымызға да жетті. Ал, қасқырдың сырттаны мен иттің сырттаны асыраған Он баланың Елі «Ашамайлыны» атауға тілдері келмеген қытайлардың «Ашина» деп атағанын ескермеген зерттеушілер біржақты кеткенін де көреміз. Киелі «Ашамайлы бесікте» жатып, киелі ұлы Далада тербеліп өскен, рухы күшті Ұлы халықтың ұрпақтарының өшкені жанып, өткенімен қайта қауышуда. Бұған да шүкір.

 

ЕСКЕРТУ: Бұл дәуірлер біздің бүгінгі күнгі жыл санауымыздан мыңдаған жылдар бұрын өткен деп жазылыпты «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияты» деген «Ықылым», «Қадым», «Құсілім» замандарынан сыр шерткен киелі кітаптарда. Осы кітаптарды оқып, оны «Киелі құдықтарға» жасырып, халқына баға жетпес тарихи деректер қалдырған, осы құпия шежірелерді ғасырлар бойы сақтап, киелі аманатты кейінгі ұрпақтарға жеткізіп кеткен киелі әулеттің тұқымы, халқымыздың соңғы Сыпыра шежірешісі Әлиасқар Байғұтұлы (22.03.1898 – 21.03.1981) мен оның құймақұлақ ұлы Ақпантай Әлиасқарұлы (02.02.1962 – 10.05.2009) Тұңғыш рет үнтаспаға жазып алған тарих танымгері, өнертанушы, емші – Асан Тұрабаев.

Осы киелі жәдігерлерді халқына көзінің қарашығындай сақтап жеткізген Әлиасқар Байғұтұлы мен оның ұлы Ақпантайдың жандары жәннатта болсын деп тілейік! Алла олардан разы болсын!

 

Шежірені жүйелеп, ғалам елдерінен алынған түрлі тарихи деректермен салыстырып түсіндірме жазып, қалпына келтіріп, музейлерден алынған суреттермен безендіріп баспаға дайындаған

Ілесбек БАЙЖАНОВ,

ОҚО «Ақиқат – 1» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Шымкент шаһары.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *