Ибадулла ҚАЛЫБЕКОВ: «АСАР – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚТЫҢ ЖЕМІСІ»

Қоғам
232 Views

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей: «Біз бір ұлттың екінші ұлтқа, бір мәдениеттің басқаға ауысып жойылуына қарсымыз. Сондықтан, біз мемлекеттік ұлттық саясат туралы айтқанда, халықтар арасындағы тұрақты бейбіт қарым – қатынастың ғана сақталуын емес, сонымен бірге ұлттық мәдениеттің өзін дамытуды сақтауды білдіреміз». Бірінші мамыр мейрамы ортақ тарих, дәстүрмен біріккен біздің көп ұлтты Республикамыз үшін ерекше қымбат.

Осындай татулығы мен бірлігі жарасқан мерекемен тұспа-тұс келіп отырған Шымкент қаласында орналасқан, бүгінде кең қанат жайып, өз бірліктерін сақтап, айрандай ұйып отырған «Асар» мөлтекауданының да қазығының қағылған күні.

«Асар» деген ерекше атқа ие болған бұл мөлтекаудан сол жерге келіп қоныстанған халықтың ортақ күш біріктіріп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып отырғандарының нәтижесі.

Сайдың тасындай болып бой көтерген біркелкі үйлер сонадайдан менмұндалайды. Бір қарағанда мұндай екі қабатты үйлерде тек бай-бағландар ғана тұрады деп елестетеміз. Алайда «Асарда» ешқандай қалталы азаматтар емес, Өзбекстаннан атажұртқа оралған қарапайым қандас бауырларымыз тұрады екен.

Ауыл тұрғындарың көбісі дерлік иман жүзді, мейірбанды, еңбекқор жандар. Еңбекқорлығын үйлерінің жақындағы жылыжайлар айқындап тұрғандай. Күн ұзаққа еңбек етіп, сол еңбектерінен тапқан табысымен отбасын ғана асырап қоймай, көкөніспен халықты да қамтамасыз етіп отырады. «Асар» тұрғындарынан тұрып жатқан мөлтекаудандары жайлы сұрай қалсаң, басшылары Ибадулла Қалыбеков туралы тек жақсы пікірлер айтады. «Асардың» негізін қалап, кішігірім ауданға айналдырып отырған Ибадулла Қалыбеков жанын аямай, тер төгіп, банктен несие алу арқылы қандастарының тұрмыс-тіршілігін жөнге қойып отырған азамат. Содан болар жұрт оны барынша қадірлеп, сыйлап, құрметтеп отырады екен.

«Біздің жасап жатқан әрбір ісіміздің куәсі өздеріңіз. Көз алдарыңызда өздеріңіздің қолдап-қуаттауларыңыздың арқасында, міне біз бүгін осындай дәрежеге жетіп отырмыз.

Осы «Асар» мөлтекауданының алғашқы қазығы 1 мамырда қағылған болатын. Бұл да болса жақсылықтың нышаны болар, бірінші мамыр Қазақстан Республикасының бірлігі күні екенін бәріңіз білесіздер. Бұл күн біздің есімізде мәңгі сақталады, келешек ұрпақ арасында да өз жалғасын табады деген нық сенімдемін. Бұл мөлтекауданды салу оңайға соқпады. Қаншама жұмыс күштері жұмылдырылды. Нәтижесінде осындай жасыл желекке оранған қалашығымыз пайда болды. Қазақ халқында «Татулықтарың берік болсын» деген қасиетті сөз бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген де бар. Осылай татулығымыз ыдырамай, бірігіп, бір атаның балаларындай болып жұмыс жасасақ біздің алмайтын қамалымыз болмайды. Көрген жұрт бізге әуеспен қарайтын болады. Арамызда болатын осындай қуанышымызға бірдей сүйініп, қайғымызға бірдей ортақтаса алсақ, мұнан асқан бақыт жоқ.

Өткен жылы біздің ортамызға тағы мың отбасыдай тұрғын келіп қосылды. Ол кісілер де өз несібелерімен келді. Келген халықты жатсынбай, құшағымызды айқара ашып қарсы алсақ, біздің әрбір ісіміз құт-берекеге толы болады деп сеніммен айта аламын.

Мен жақында Қытай еліне барып қайттым. Қытайда техниканың дамығаны соншалықты аумағы 300 гектар жерді алып жатқан көлік шығаратын зауыттарына бардым. 100 гектарының үстін жауып тастаған. Осы жердің 50 гектарына сырттан жан баласын кіргізбейді екен. Сол зауыттың ішін көрсем деп қатты армандадым. Бақытыма орай сол зауытқа кіру бақыты маған бұйырды. Кірген кезімде көзіме тек екі адам ғана түсті. Шыққан кезімде тағы бір екі адамды көрдім. Болды. Басқа ешкім жоқ. Қараңыз, осындай алып зауыттың ішінде төрт-ақ жұмысшы жұмыс жасап жатыр. Қалған жұмыстарының барлығын техника жасайды. Міне ғылым мен білімнің арқасы. Бір жағынан қорқасың. Бір жағынан еліңнің ілгері дамуына өз үлесіңді қосасың. Біз де осындай білімді ұрпақ тәрбиелеп шығуымыз керек. Елдің келешегі жас ұрпақтың қолында. Олардың білім алуын толық қамтамасыз етіп, жастайынан еңбекке баулысақ, нәтижесін өзіміз көреміз. Міне, менің айтайын дегенім осы. Жұмылайық, бірігейік. Сонда ғана біз өсе аламыз.

Ал, енді бүгінгі бірінші мамыр мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Іргеміз ажырамай, татулығымыз берік болсын, – дейді «АҚ ордасы корпорациясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбеков.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде «Оңтүстік – қазақтың қаймағы бұзылмаған жер» деп еді. Сол айтпақшы, қаймағы бұзылмаған «асарлықтарды» біз де өз тарапымыздан мерекелерімен құттықтап, татулықтары ыдырамасын деп тілек білдіреміз.

Әділет-ақпарат.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *