ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ ЖҰМЫЛА ЖЕҢЕМІЗ

Қоғам
72 Views

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокуратурасында Шымкент қалалық әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы, ОҚО бойынша ҚАЖД пробация құқықтық-әлеуметтік көмек көрсету орталығының қызметкерлері және Шымкент қаласы Еңбекші аудандық әкімдігі өкілдерінің бірігуімен келелі жиын болып өтті. Бұл басқосуды Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Рүстем Жақсылықұлы және Шымкент қаласы Еңбекші аудандық әкімдігінің бас маманы Иризбекова Роза Махамадазимқызы жүргізіп отырды.

Жиында Елбасы Жолдауына сәйкес бүгінгі таңда жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде аймақта атқарылып жатқан іс-шаралар ортаға салынып, жұмыс нәтижесін көрсету бағытындағы мәселелер талқыланды. Жиында Шымкент қаласы №1 пробациялық қызмет бөлімі бастығының орынбасары, Әділет подполковнигі Валентина Валерьевна Коваленко жазасын өтеп шығып, пробациялық бақылауда тұрған азаматтардың жұмыспен қамтылуы, олардың құқықтық-әлеуметтік қорғалуы жөнінде ақпарат берді. Бүгінгі таңда ОҚО, ҚАЖД пробациялық қызметінде есепте тұрған 26 азаматтың жұмыспен қамтылғандығы, оның ішінде 8-і Еңбекші аудандық №1 ПҚ бөлімі қызметкерлерінің еншісіне тиесілі екендігі айтылды. Алайда бұл көрсеткіш әлі де алдағы уақытта өсетіні белгілі жәйт. Бұл орайда Шымкент қаласы әкімдігі оның ішінде Еңбекші аудандық әкімдігі де үлесін қосып, атсалысып жатқандығы туралы пробация қызметкерлері де өз сөздерінде тілге тиек етті.

Отырыста «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» да ерекше назар аударылып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттар талқыланды. Прокуратура өкілі Рүстем Жақсылықұлы өз сөзінде осы бағдарламаны жүзеге асыруда болып жатқан кейбір кедергілер туралы да жиынға қатысушылардан ашық пікір білдіруді сұрады. Яғни бұл іс прокуратураның қатаң бақылауында тұрғандығы туралы да жиын қатысушыларына қосымша ескертілді.

Басқосуға қатысқан жұмысқа ынталы азаматтар арасында пробациялық бақылауда тұрған өз кәсібін ашу ниетінде жүрген жергілікті тұрғындар да қатысып, көкейлерінде жүрген сауалдарды қойды. Әкімдік өкілдерімен қоса прокурор Рүстем Жақсылықұлы да қойылған сұрақтарға нақты әрі мәнді жауап беріп, жұмысқа ынталы азаматтарға барынша көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді. Осы орайда белсенді қатысып отырған жұмыссыз азаматтарға Рүстем Жақсылықұлы өз тарапынан 5 азаматты жұмыспен қамтуға көмектесетінін айтып өтті.

Тағдыр тәлкегімен сотты болып, жазасын өтеп шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеуде, қайта қылмысқа бармауына, оларға әлеуметтік тұрғыдан қолдауда жол бермеуде бүгінде пробация қызметінің инспекторларының еңбегі ерекше. Қорыта айтқанда бүгінде жұмыссыздықты жұмыла біріккенде ғана жеңуге болатыны жиыннан айқын байқалды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатында да жұмыссыздықпен күресу, әлеуметтік жағдайы төмен қоғам өкілдеріне қолдау көрсету – басты назарда тұратыны белгілі. Осы орайда бұл кездесу қарапайым азаматтарға үлкен күш-жігер беріп, болашаққа деген үмітін тағы бір серпілткендей болды.

Сәуірбай АЛЫП.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *