ЖУРНАЛИСТИКА ЖАМПОЗДАРЫ ЖИНАЛҒАН КҮН

Қоғам
119 Views

Адамзат тарихы күрделі құбылыс. Жаратылған сəттен бастап дамудың сатыларын өтіп келеді. Сананың жетілуі, уақыттың өзгеруі пенденің пайымын кеңейтіп, өрісін өсірді. «Адамды адам еткен – еңбек»  дейтін тəмсіл бар. Рас! Еңбек арқылы адам өз өмірін жеңілдетіп, өзгелерге ықпал ету жүйесін қалыптастырды. Міне, сондай жүйенің бірі – көк жəшік, яғни телевизия! Əлемдік ақпарат кеңістігінде алар орны ерекше, ықпалы зор саланың елімізге табан тірегеніне жарты ғасырдан асыпты.

1958 жылғы  8 наурыз. Бұл тарихи күн. Дəлірек айтқанда, 1951 жылы 22 наурыз күні КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысымен КСРО-ның Орталық телевизия студиясы құрылып, 1957 жылы Үкімет радио және теледидарды Мәдениет министрлігі құрамынан бөлек шығару туралы шешім шығарады. Одан əрі КСРО Министрлер Кеңесінің жанынан Радио және телехабарлар тарату жөніндегі комитет құрылған соң жаңалықтың ізін ала 1957 жыл 29 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Телевизия және радиохабарлары жөніндегі комитет құру туралы Қаулы қабылдайды.

Арада сегіз ай өткеннен кейін 1958 жылы 8 наурызда Қазақ телевизиясы дүниеге келді. Ғұмыры жарты ғасырдан асқан Қазақ телевизиясының айтулы датасын атап өту мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде жалғасын тауып жатыр.

Осы орайда, 2018 жылдың 15 наурыз күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика жəне саясаттану факультетінде «Qazaqstan» ұлттық арнасы басшылары жəне қазақ телевизиясы ардагерлерінің қатысуымен Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойына арналған «QAZAQSTAN» — ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ «КӨЗІ, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТІЛІ» атты салтанатты шара шеңберінде «Qazaqstan» ұлттық арнасы оқу-тәжірибелік  аудиториясының ашылу салтанаты өтті.

Шара шымылдығы Қазақ телевизиясының құрметті ардагері Сұлтан Оразалы, ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты  Сауытбек Абдрахманов жəне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бəтташұлы Сыдықовтың  «Qazaqstan» ұлттық арнасы оқу-тәжірибелік  аудиториясының лентасын қиюымен ашылды.

Студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасау ұлттық арна ықпалының артуымен оң нəтижелерге бастайтынына шүбə жоқ. Телевизия тарландарының басы біріккен шара барысы факультет ғимаратындағы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ең алдымен журналистика жəне саясаттану факультетінің өнерлі өрендері – Айжан Алқабек, Нұрай Құрақбаева, Сағат Азамат əнмен əрлеп, Ұлттық арнаның тың технология жəне жаңа жобалар, қолға алынған істер мен атқарылған жұмыстар көрініс тапқан бейнеролигі қалың көпшілік назарына ұсынылды.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөздің ең ұлысы – тарих», – дейді. Бейнероликтен соң Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бəтташұлы сөз алып, телевизияның, жалпы алғанда теледидардың қоғам өміріндегі орны хақында өз ойын білдіріп, мерекемен құттықтады. Жүйрік ой мен мұқалмас қалам – от ауызды, орақ тілді журналистің басты қаруы. Қара сөздің қадірін көрсетіп, ұлттық сипат тұрғысында еңбегі ерен журналистер қауымын арқалы ақын Серікзат Дүйсенғазин сұлу сөздің маржанын қиыннан қиыстыра отырып, арнауымен құттықтап, қалың көрерменді бір серпілтіп тастады. Одан əрі «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының аймақтарды дамыту бойынша орынбасары Серік Егізбаев сөз сөйлеп, Қазақ телевизиясының жетістіктерін тізіп өтсе, əнші Құрмаш Маханов əннен шашу шашты.

«Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды», –  деп орыстың публицисі Николай Михалковский айтқандай, Қазақ телевизиясының ардагері Сұлтан Оразалы: «Қызығы мен қиындығын қатар көріп, ыстығы мен суығына шыдап, отандық телевизияның аяқтануына сүбелі үлес қосу ел алдындағы парызымыз еді», –  деп  телевизия тарихына көз жүгіртіп өтіп, журналистік қызметтің міндеттерін тілге тиек етті.

60 жылғы телевизия еңбегінің өтеуі қазіргі теледидар деңгейімен тікелей байланысты. Ақпарат саласының қарыштап дамуы да, құлдырап түсуі де маңдай тер мен  еңбекке тəуелді екендігі бесенеден белгілі. Осы жайында ардагер журналист Ғаділбек Шалахметов түсіндіріп өтіп, əлі де болса алар асудың алда екендігін қалың көрерменге жеткізді. Одан бөлек тарихшы, журналист, диктор Құсыман Игісін телевизия тарихын талдай отырып өзекжарды ойларымен бөліссе, Сұлтан ата қазақ телевизиясының тарихын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болатынын тілге тиек етті.

Олар:

  1. 1950-1970 жылдардағы «Аталар» кезеңі;
  2. 1970-1980 жылдардағы «Əкелер» кезеңі;
  3. 1980-2000 жылдардағы «Ағалар» кезеңі;
  4. 2000 мен бүгінгі күн «Жастар» кезеңі.

Сонымен қатар қазақ телевизиясының көрнекті ардагері, диктор Қажы Қорғанов та сахна ортасынан табылып, қазіргі һəм бұрынғы қазақ телевизиясының жəй-күйін салыстырмалы түрде айтып, болашақ журналистерге ақ тілегін арнады. Концерттік шара соңында «Аламан» тобы өнер көрсетіп, естелік суретке түсумен өз мəресіне жетті. Сондай-ақ жиналғандар қазақ телевизиясының осынау ауқымды шарасын мінсіз жүргізіп, арасында жырдан шашу шашқан талантты тележурналист, ақын Жанжігіт Омархановқа да ерекше ілтипаттарын білдіріп отырды.

«Мұнда мол мағлұматтар жиналып қана қоймаған, алдағы күндері «Qazaqstan» телеарнасы танымал журналистерінің қатысуымен шеберлік сыныптарының жүйелі түрде өтіп тұруы көзделуде. Аудиторияда «журналистика» мамандығы студенттеріне теориялық және тәжірибелік сабақтар жүргізіліп, шеберліктерін шыңдайтын жағдай жасалған. Тиісті техникалық жабдықтар: қос ЛЭД экран, интерактивті тақта, компьютер бар. Интернетке қосылып, тікелей телеөнімдермен танысуға, байланысқа шығуға болады», – дейді журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы ғалым Қайрат Сақ.

Өткен тарихы  Марат Барманқұлов, Ержан Уайіс, Айткүл Шалғынбаева, Қанапия Мұстафин, Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев, Кеңесбай Үсебаев, Хамит Хасенов, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев жəне басқа тұлғалармен байланысты ақпараттық кеңістігіміздің алыбы Қазақ телевизиясының ғұмыры ұзақ болсын! Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы айтқандай, «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор». Ал халықтың ыстық ықыласына бөленген «Qazaqstan» ұлттық арнасы алдағы уақытта еліміздің сүйікті ақпарат көзі болып қала беретініне сеніміміз мол.

Жанұзақ  ДҮЙСЕНБАЙ,

ЕҰУ-нің студенті.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *