ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Қоғам
92 Views

Шымкент қаласында Көші-қон қызмет көрсету орталығы ашылды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 19 қаңтардағы №6-ө Өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарының 181-тармағын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 22 маусымында Шымкент қаласында Көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды.

Көші-қон қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатына ҚР ІІМ өкілі Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мурат Талапович Кабденов арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар іс-шараға облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков, облыстық көші-қон полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Хадиша Баймұқашева мен өзге де қадірменді қонақтар келді. Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуы мен қызметтік кабинеттердің арнайы көрсетілу рәсімінде сөз алған орталық бастығы «Бұл орталық халықтың сұранысы бойынша қажеттілік туындағаннан соң ашылып отыр», – деп атап өтті.

Орталықтың ашылу мақсаты – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың тарапынан жұмсалатын уақытты үнемдеу (3-5 күннен 1 күнге дейін) болып табылады. Орталықта Шымкент қаласы тұрғындарына уақытша тіркеуге келген шетелдіктерді есепке алу және жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге келген еңбек иммигранттарына рұқсат рәсімдеу жұмыстары жүргізілмек.

Бұл орталықта бір терезе қағидасын ұстану үшін Шымкент қаласы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарының Көші-қон қызметі бөліністерінің қызметкерлеріне керекті жиһаздар, ресепшн, күту залы және терминалдармен жабдықтап, жоғарыда аталған ғимараттан 600 шаршы метр орын бөлінген. Бұдан бөлек осы орталықта шетелдік еңбек иммигранттарына медицина қызметі, салық органдары, екінші деңгейлі банк өкілдерінің және «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы ҚЕАҚ облыс бойынша филиалының қызметкерлері мемлекеттік қызмет көрсетеді.

2014-2017 жылдар аралығында облыста ТМД елдерінен келген 178253 шетелдіктер заңдастырылған. Олардан алдын ала жеке кіріс салығы бойынша бюджетке 971 млн. 166 мың 434 теңге түскен. Биылғы жылдың 5 айында 32 мың 300 шетелдік заңдастырылып, бюджетке 216 млн. 198 мың 722 теңге қаржы түскен.

«Әділет — ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *