ГЕННАДИЙ, СЕН ЖЕҢІЛГЕН ЖОҚСЫҢ!

Спорт
65 Views

Биылғы жылдың ең басты спорттық оқиғасына баланған Геннадий Головкин – Сауль Альварес арасындағы сайыс жайындағы әңгіменің түгесілер түрі жоқ. Ғаламторда сан түрлі хабарлар жариялануда. «Әкем орыс, шешем кәріс, өзім қазақпын!» деп жүрген ұлтжанды патриот жігітіміз жеңілген жоқ деп есептейміз. Әуесқой боксты айтпағанда, кәсіпқой бокстағы 12 жылдың ішінде 40 кездесу өткізіп, соның 38-інде жеңіске жетіп, бір рет тең түсіп, бір рет қана «ұтылып» қалды. Бір ғажабы, өткен жылғы сайыста екі төреші Геннадий Головкин жеңді, біреуі тең түсті деп, ақыр соңында кездесу тең есеппен аяқталды деп шешкен болатын. Биыл да дәл сол жағдай қайталанды. Қос қазы мексикандық жеңіске жетті десе, үшіншісі тең түсті деген. Бұндай жағдайда кәсіпқой бокста қабылданған ереже бойынша қарсыластар кездесуді тең аяқтады деген шешім шығуы тиіс еді. Алайда бұл жолы жеңіс Альвареске берілді.

 

Орта және жартылай ауыр салмақтағы сан түрлі тұжырым бойынша әлемнің абсолюттік чемпионы, америкалық Бернард Хопкинс Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы сайыста қарсыласынан сегіз жас кіші мексикандық негізінен рингтің ортасынан табылып, жылдам әрекет жасаудың арқасында жеңіске жеткенін жеткізеді. Оның ойынша, мексикалық боксшы қанша таяқ жесе де аяғында тұрса, ал GGG шаршаңқы көрінген… Дұрыс шығар, «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, Альварестің жанкүйерлері оның құлап қалмай, 12 раундқа шыдағанының өзін жеңіске балайды екен. Біздіңше, Леннокс Льюис, Дэниел Джейкобс и Теренс Кроуфорд секілді былғары қолғап шеберлерінің «Геннадий Головкин жеңіске жетті» деген пікірлері мыңдаған жанкүйерлердің ойынан шықты.

Сарапшы Тедди GGG екінші рет «зардап шеккенін» ашық айтқан. Бұның мәнісі мынада: Г. Головкин былтыр да, биыл да өзінің нақты бағасын ала алмаған, яғни төрешілер тарапынан бұрмалауға жол берілген.

Былғары қолғап шебері Андре Уорд жеңісті Альвареске беріп отыр. Оның ойынша, «Канело» бастаған ісін аяғына дейін жеткізіпті-міс. Головкин оған тек қана кедергі жасаудан ары аса алмаған. Бұл енді атақты боксшының емес, өз спортшысының ғана жетістіктерін көре білуге, қуана білуге үйренген жанкүйердің пікірі болса керек.

Джордж Форман жеңісті ешкімге бергісі келмейді. Ол қос боксшының шаршы алаңда үшінші рет тоқайласуы әбден мүмкін дейді.

Батыс баспасөзі де бейтараптық танытпаған. HBO, ESPN и The Guardian жазуынша, төрешілер бұл сайысты тең деп бағалағаны жөн деп отыр. Алайда басқа көптеген сарапшылар жеңіс қазақстандық спортшыныкі екенін айтады. GGG енді WBA (Super), IBO и WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы емес деп мәлімдеудің өзіне ауыз бармайды. Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында ол өзінің ең басты қарсыласы Сауль Альварестен жеңілді деп айтудың өзі қиын. Мексикалықтар 16 қыркүйекте Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Осыған байланысты Canelo өзінше мегафайт жасамақ болған.

Ардагер боксшы, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Леонидович Демьяненко Геннадий Головкиннің жеңілісіне оның мексикалық бапкері Абель Санчестің үлесі барын айтады…

 Головкин – Альварес арасындағы сайыс жайында боксшылардың, спорт шолушыларының, сарапшылардың ойы екіге бөлініп отыр. Олардың көпшілігі өткен жолғыдай Геннадий Головкин жеңіске жетті, тым болмағанда тең есеп тіркелуі тиіс дегенге тоқтайды. Америкалық ESPN спорт телеарнасы мен әйгілі Вoxing Scene порталының сарапшыларының пікірі де ойын тең есеппен аяқталды дегенге саяды.

Аса беделді CBS Sports телеарнасы қазақстандық спортшы 116:122 есебімен жеңіске жеткенін жеткізеді.

Беделді ESPN порталында қызмет істейтін белгілі америкалық журналист Стивен Эй Смит те қазақстандық боксшының жеңіске жеткенін мәлімдейді.

Ресейлік «МатчТВ» телеарнасының жүргізушісі Григорий Стангрит те бұл кездесу тең есеппен аяқталды деп есептейді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл кездесуде Головкин ұпай санымен жеңіске жеткен болатын. Төрешілердің шешімі басқаша болып шықты. Алайда олармен бәстесуден пайда жоқ. GGG егемен елімізде боксты дамытып, оның әлемдік деңгейге шығуына үлкен үлес қосты. Сол себепті ол кез келген сый-құрметке ие», – деп бағалайды.

Аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Джордж Форман төрешілердің шешімімен келісетінін және екеуінің шаршы алаңға үшінші рет шығуын қалайтынын мәлімдейді.

Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Альварестің Головкинді жеңгеніне күмән келтіреді. Төрешілерді әділ шешім шығармады деп кінәлайды.

Атақты Boxing Scene порталы ESPN кездесу 114:114 есебімен аяқталды деп отыр. CBS Sports басылымы Геннадий Головкин 116:112 есебімен жеңіске жеткенін жеткізеді.

Белгілі бапкер әрі ESPN сарапшысы Тедди Атластың ойынша GGG жеңіске жеткен. Оның әріптесі Стивен А. Смит те төрешілердің шешімімен мүлде келіспейтінін мәлімдеген.

Кәсіби бокстағы 12 жылдық ғұмырында Геннадий Головкин бүгінде өзі жеңіп алған төрт белбеуінен де айырылып қалды. Енді солардың бәрін қайтарып алуға мүмкіндік туар ма екен?!

Бажайлап қарасаңыздар, сол бір кездесу жайында пікір білдірушілердің басым көпшілігі жеңісті Геннадий Головкинге бергенін байқауға болады. Тым құрығанда екеуі тең түсті деп отыр. Біз де жерлесімізді жеңіліске қимаймыз. Сол себепті де «Геннадий Головкин, сен жеңілген жоқсың!» дегіміз келеді. Қазақстанның, қазақтың рухын асқақтатып жүрген жігіттің қашанда жолы болып, жұлдызының жарқырай беруіне тілектеспіз!

 Ә. ДОСЫБЕК.

 Шымкент қаласы.

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *