АҚТАУДА ОҢДАСЫНОВҚА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Тұлға
144 Views

Егемен елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ауқымды игілікті тірліктер атқарылуда. Солардың бірі Маңғыстау облысының орталығы – Ақтауда көрнекті мемлекет қайраткері, лингвист ғалым Нұртас Оңдасыновтың есімін ұлықтауға арналған игілікті іс шаралар дер едік. Қаладағы №5 жалпы орта мектебіне қазақтың арда ұлының есімі берілген еді. Жақында Білім күні аталған оқу орнының алдына Н. Оңдасыновтың ескерткіш мүсіні орнатылып, арнайы музей ашылды.

Салтанатты жиынға Мәскеу, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан келген қадірменді қонақтар қатысты. Олардың арасында қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымының докторы, профессор, сот жүйесінің ардагері Бекет Тұрғараев, көрнекті тұлғаны зерттеуші ғалым Қанат Еңсепов, ол жайында жазылған үш кітаптың авторы Гүлсім Оразәлиева, мүсінін жасаған профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескен Сіргебаев, Нұрекеңнің немерелері мен туыстары, ел ағалары, аймақ ардагерлері мен қала тұрғындары бар болатын. Жиын барысында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов Нұртас Дәндібайұлының туған елі мен халқы үшін атқарған еңбегі мен ұрпақтарына қалдырған мұралары жайында байыпты баяндап өтті. Соңында білім ордасының ұжымына теледидар тарту етті.

Біз Нұртас Оңдасынов туралы көптеген материалдар жарияладық. Ұлтымыздың тарихында өзіндік орны бар асыл азамат жайында жарық көрген мақалалар көзіқарақты оқырмандардың жадында болса керек. Теберік Түркістанның маңайындағы Үшқайың ауылында жарық дүниеге келген ол бар саналы ғұмырын халқына аянбай қызмет етуге арнады. Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы, Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының басшысы Н. С. Хрущевтің Қазақстанды бөлшектеу жөніндегі құйтырқы солақай саясатына батыл түрде қарсы тұрған көрнекті қоғам қайраткері. Елдің экономикасын, ғылымы мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі өлшеусіз. Мұнай кендерін іздеуге салынған тыйымға қарамастан, Маңғыстау мұнайын ашқан ғалым. Ел басына ауыр күн туған заманда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен ақылдаса отырып, Қарағандыда зауыт салуды қолға алды. Қазіргі төрткүл әлемге аты әйгілі Теміртау іргесінің қалануына себепші болды. Теміртау, Ақтау деген қала атаулары осы кісінің арқасында берілді. Сұрапыл соғыс жылдарында Алматыдағы Қазақ КСР Ғылым академиясы, Абай атындағы опера және балет театры ғимараттарының бой көтеруіне септігі тиді. Барлық облыс орталықтарында педагогикалық институттар, аудандарда педучилищелердің ашылуына ұйытқы бола білді. «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Араб текті қазақ есімдері», «Шығыс халқының мақал-мәтелдері» кітаптарының авторы.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар және Шардара аудандарында Нұртас Оңдасыновқа ескерткіш орнатылған. Бірқатар білім ордалары мен көшелер даңқты жерлесіміздің есімімен аталады. Ақтауда орнатылған ескерткіш мүсіннің жасалуына да Оңтүстік азаматтары өзіндік үлес қосып отыр. Еліміздің түрлі аймақтары арасындағы экономикалық және мәдени қарым-қатынастар күн санап жақсарып келеді. Бүгінгі осы бір іс-шара да соның жарқын дәлелі іспеттес.

Ә. ҚАҢТАРБЕК

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *