«АСТАНА» ЖЕҢІЛІП ҚАЛДЫ

Спорт
21 Views

Футболдан Еуропа лигасының К тобында өнер көрсетіп жүрген елордалық «Астана» клубы бесінші турда жеңіліс тапты. Өз алаңында украиналық Киевтің «Динамосын» қабылдаған жерлестеріміз 0:1 есебімен ұтылып қалды. Кездесудің тағдырын шешкен жалғыз допты 29 минутта Виктор Цыганковтан пас алған Беньямин Вербич соқты. Өкінішке орай, елордалық клуб футболшылары небір ұтымды сәттерді голға айналдыра алмады. Төрешілер тарапынан «астаналық» Евгений Постников (32 минутта) пен Ласло Кляйнхайслер (87) ескерту алды. Қарсыластардан Че Че (90) мен Денис Гармашқа (93) сары қағаз көрсетілді.

Бұл турда франциялық Ренн қаласының осы аттас клубы өз алаңында чехиялық Яблонец-над-Нисау қаласының «Яблонецін» қабылдады. Алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша 11 ұпай топтаған Киевтің «Динамосы» Еуропа лигасының келесі жылдың көктемгі плей-офф кезеңіне шығу мәселесін шешіп қойды. «Астана» бес кездесудің екеуінде жеңіске жетіп, екі рет тең түсіп, бір рет ұтылып, сегіз ұпай жинап отыр. Доп айырмасы: 7 – 5 = 2. Үшінші орындағы «Реннде» алты, төртінші орындағы «Яблонецте» екі ұпай бар.

13 желтоқсанда өтетін соңғы алтыншы турда елордалық футболшылар Францияның Ренн қаласында осы аттас клубпен кездеседі. Екінші жолдаманың тағдыры сол ойында шешілмек. Алаң иелерінің аянып қалмасы анық. «Астанаға» тең нәтиже де жеткілікті. Тек ұтылмауы керек.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *