АСТАНА – АСЫЛ МҰРАТТАР ҚАЛАСЫ

Рухани жаңғыру
42 Views

Жақында редакциямыздың электронды поштасына Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Кеңес ауылынан хат келіп түсті. Оны сондағы № 6 жалпы орта білім беретін мектептің бір топ оқушылары жазған екен. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Астана, Тараз қалалары мен киелі орындар жайында жазылған сол мақалаларды Сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

 

АСТАНА – АСЫЛ МҰРАТТАР ҚАЛАСЫ

«Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Біз ең қиын белестерден аса білдік. Сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін».

Н. Ә. НАЗАРБАЕВ.

 

Отан… Атамекен… Атажұрт… Тарих… Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды…

Адам адам болып жаралғаннан бері ұлан-асыр даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Әдетте осындай дүрбелеңдерден, яғни үлкен аумақтарды қамтыған қанқұйлы соғыстардан соң ғана әлем картасы аталатын ала қағаз бетіне түзетулер түсетін. Бұрынғы ыдыраған алып империяның орнына 15 тәуелсіз мемлекет өмірге келді. Солардың бірі Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар – Қазақстан Республикасы еді.

Жамбыл облысындағы Меркі ауданының Кеңес ауылында дүниеге келгенмін. Туған ауылым туралы жырлағым да, әндеткім де келеді. Кішкентай кезімнен осы ауылымның таза ауасымен тыныстап, хош исі аңқыған гүлдерімен сергіп келемін. Әр адамның туған ауылы, жүрген ортасы өзіне ыстық қой. Ауылымда көптеген ғимараттар: мәдениет үйі, мектеп мұражайы, кітапхана, балабақша бар. Ауыл маңында «Шәлпи» деп аталатын жылы, киелі су ағып жатыр. Оның емдік қасиеті неше түрлі ауруға пайдалы. Мұнда сырт жақтан келген адамдар да ем қабылдауда.

Былтыр мектептегі сабағымызды аяқтап, үш ай жазғы демалысқа шыққанбыз. Отбасымызбен бірлесе отырып, жазғы демалысымызды қайда және қалай өткізетінімізді шештік. Ойлана келе менің сүйікті апам Астана қаласына баратынымызды айтты. Менің қуанышымда шек жоқ, балаша қуандым! Өйткені, Елордасы Астанаға бару менің бала кездегі арман-мақсатым еді. «Астана – асыл мұраттар қаласы!» деген сөздің астарында терең ой-мағына жатыр деп есептеймін. Осы қалада талай-талай халықаралық келіссөздер, симпозиумдар мен олимпиадалар, өнер сайыстары өткізіліп жатыр. Кемел де келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің қаласы. Айталық, қаланы қақ жарған Есіл өзенінің жағалауын кезінде қамыс-құрақ, қоға басқан болса, бүгінде олардан арылып, бетон тақтайшаларымен төселген. Осындай ғажайыптығымен өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанамыздың кескін-келбеті Еуропа құрлығында орналасқан Париж қаласының дәл өзінде жүргендей сезіндіреді. Парижге барғандар ең алдымен «Эйфиль» мұнарасын іздесе, Астанаға келгендер «Бәйтерек» монументін іздейтін сияқты. Осының өзі әлем төрінен орын алатындай көрініс қой, шіркін!

Демалысымызды «EXPO-2017» халықаралық мамандырылған көрмесін көру мақсатымен бастадық. Биік-биік болып салынған әсем үйлер, тап-таза көшелер сондай әдемі. Біз барған «Ханшатыр» сауда орталығында балаларға арналған ойын алаңдары мен неше түрлі қызықты дүниелерді көріп таң қалдық. Жерасты мұхиты атанған «Думан» ойын-сауық орталығында балықтың неше түрі бар екен. Тасбақаның түрлерін, үлкен акулаларды, кіп-кішкентай түрлі-түсті балықтарды көрдік. Өте қызықты болды. Біз аспанмен таласқан әткеншекке отырдық. Онда Астана қаласы алақандағыдай көрінеді екен. Әткеншектің терезесінен «Бәйтеректің», «Ханшатырдың» қай жерде тұрғанын көріп алдық та жаяу араладық. Жаяу көп жүрсек те еш шаршаған жоқпыз. Айналаның барлығы қызықты. Тамашалап жүріп тез жетіп алдық. Астанадағы бір күнімізді осылай қызықты өткіздік.

Келесі екі күнімізді «EXPO – 2017» көрмесіне арнадық. EXPO-ға ең алғаш барғанда үлкен шар көзімізге түсті. Бұл еліміздің «Нұр әлем» деп аталатын павильоны екенін ағам түсіндірді. Сегіз қабаттан тұратын зәулім сарайдың ішінде галактика, субұрқақтар, Күн жүйесі, сегізінші қабаттағы әйнектен салынған көпір, айнадан жасалған төбе, дәндерден жасалған еден, ғарыш айлағы, ғарышкердің мүсіні, айдың беті бейнеленген жер, бәрі-бәрі ерекше ұнады. Сонымен бірге басқа да шет мемлекеттердің көрмесін тамашаладық. Олардың ішінде Германия павильонындағы лазерлік шоу, Мәскеу павильонындағы Мұзтау, Таиланд елінің павильонында жүгері туралы мультфильмді көрдік. Осылардың ішінде өзіме қатты ұнағаны еліміздің ұйымдастырған көрмесі. Көрменің маңыздылығы – ғалымдардың ашқан жаңалықтары, болашақта жасыл энергияны, жарық пен жылуды қалай пайдалану жолдарын көрсеткен. Қысқа қайырып айтқанда, EXPO-дан алған әсерім өте керемет!

«Астана – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі» дейді халқымыз. Халық айтса, қалт айтпайды. Шынтуайтында Астана – Елбасының ерлігі! Астана – Елбасының өрлігі! Мұны бүкіл қазақ елі біледі, түсінеді, түйсінеді. Жаңа қаланы тұрғызудың қандай болғанын да сезеді халық. Астанадай алып қала тұрғызу үшін алып жүрек керек. Құрылыс саламын деп балғаң мен қайлаңды сайлау үшін ыстық қайрат пен қайтпас қайсарлық қажет. Қазақ анасы туған алып жүректі ұл, ол – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Астана барда, қазақ елі бар! Астана – қазақтың жүрегі! Астана – Тәуелсіздіктің жемісі десек, сол жемісті баптауға тура келеді. Ал, оның баптаушылары мен бағбандары біз, жастар болуымыз керек. Өйткені, біз де Тәуелсіздікте туған ұрпақпыз. Сол Тәуелсіздігіміздің жемісіміз!

Айгерім ЖОРАБАЙ,

№6 жалпы орта білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *