АЛҒА, «АСТАНА», АЛҒА, ҚАЗАҚСТАН!

Спорт
85 Views

2018/2019 жылдардағы УЕФА Чемпиондар лигасында жарыс жолынан шығып қалған «Астана» Еуропа лигасының плей-офф бәсекесіндегі қарсыласы – Кипрдің «АПОЭЛ» клубы болатын. Онда жеңіске жеткені Еуропа лигасының топтық бәсекесіне жолдамаға иелік ететін еді. Сөз орайы келгенде қос команда бұған дейін де өзара тоқайласқанын тілге тиек ете кетейік. Алдымен 2015 жылы Чемпиондар лигасының плей-офф бәсекесінде кездескен. Сонда өз алаңында 1:0 есебімен ұтып, сырт алаңда тең тарасқан (1:1) елордалық клуб топтық бәсекеге жолдама алған. 2016 жылы Еуропа лигасының топтық бәсекесінде 2:1 есебі екі рет қайталанған. Біріншісінде кипрліктер жеңіске жетсе, екіншісінде астаналықтар басым түскен. Өкінішке орай, «АПОЭЛ» 1/16 финалға шыққан. Биылғы Никосияда өткен алғашқы кездесуде алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз допты 79 минутта Георгиос Эфрем соққан. Сонда енді «Астана» «АПОЭЛ-ден» айласын асыра алар ма екен деп алаңдағанымыз рас.

Астанада өткен қарымта кездесудің негізгі уақыты 1:0 есебімен аяқталды. 16 минутта астаналықтардың бразилиялық легионері Педро Энрике пенальтиді сәтті орындап, есеп ашты. Бұл нәтиже 30 минуттық экстра-таймда да өзгерген жоқ. Жалпақ жұртшылық «лотерея» деп атайтын пенальтилер сериясында елордалық клуб 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша «Астана» УЕФА Еуропа лигасының топтық бәсекесіне жолдама алды. Алға, «Астана», алға, Қазақстан!

Айтпақшы, «Астана» УЭФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңіне қатысқаны үшін 280 мың еуро, екінші кезеңі үшін 380 мың еуро, үшінші кезеңі үшін 480 мың еуро қаржылай сыйақы алды. Топтық кезеңге өте алмаған ел чемпионы ретінде қосымша 260 мың еуро иеленді. Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі жеңісі үшін 2,62 миллион еуро алатын болды. Сөйтіп, елордалық клуб қазірдің өзінде 4,02 миллион еуро табыс тауып отыр.

Монакода тартылған жеребе бойынша «Астана» УЕФА Еуропа лигасының К тобына түсті. Олар Киевтің «Динамо» (Украина), Ренннің осы аттас клубы (Франция) және Яблонец-над-Нисоу қаласының «Яблонец» (Чехия) командаларымен өзара кездесетін болады. Ойын кестесі төмендегіше:

 

І ТУР

20 ҚЫРКҮЙЕК

«Ренн» – «Яблонец»

«Динамо» – «Астана»

ІІ ТУР

4 ҚАЗАН

«Астана» – «Ренн»

5 ҚАЗАН

«Яблонец» – «Динамо»

ІІІ ТУР

26 ҚАЗАН

«Ренн» – «Динамо»

«Яблонец» – «Астана»

IV ТУР

8 ҚАРАША

«Астана» – «Яблонец»

«Динамо» – «Ренн»

V ТУР

29 ҚАРАША

«Астана» – «Динамо»

30 ҚАРАША

«Ренн» – «Яблонец»

VI ТУР

13 ЖЕЛТОҚСАН

«Динамо» – «Яблонец»

«Ренн» – «Астана»

Бұл топта алғашқы екі орынды иеленген командалар жарысты одан әрі жалғастыратын болады. 1/16 финалдың жеребесі 17 желтоқсан күні тартылады.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *