АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ

Рухани жаңғыру
114 Views

АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ

 

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ұлтымыздың арасынан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш дипломат, парасатты публицист, білікті баспагер Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың асыл перзенті» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен, мәдениет басқармасы мен саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ұйымдастырған бұл игілікті іс-шараға Астана, Алматы, Шымкенттен, облысымыздың барлық аудан-қалаларынан, сонымен қатар Өзбекстан, Тәжікстанмен қоса-қабат сонау Сауд Арабиясынан келген қадірменді қонақтар қатысты. Мақсат – ашаршылық пен тоталитарлық саясат жылдарында жазықсыз жапа шеккен тұлғалар рухына тағзым ету еді. Сол арқылы елдікті аңсап өткен және сол жолда өзін құрбан еткен Алаштың біртуар асыл перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловты қалың жұртшылыққа кеңінен насихаттау, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін тереңірек танып-білу, тарихтан тағылым алу болатын.

 

НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ КІМ БОЛҒАН?

Нәзір Төреқұловтың ата-бабасы – Оңтүстік өңірінің, дәлірегі Түркістан қаласының іргесіндегі Қандөз ауылының перзенттері. Олар мақта саудасымен айналысқан дәулетті отбасы мүшелері болатын. 1892 жылы қазан айында бұл шаңырақта Нәзір есімді сәби дүниеге келген. Балалық, жастық шағын Қоқан қаласында өткеріп, жәдит, орыс-түзем мектептерінен, коммерциялық училищелерінен, Мәскеудегі коммерция институтының экономика факультетінен дәріс алған энциклопедиялық білім иесі. Қазақ, орыс, өзбек, араб, парсы, неміс, барлығы сегіз тілде емін-еркін сөйлеп, ғылыми баяндамалар оқыған, жаза білген.

Өз ғұмырын халық азаттығының жолында саналы күреске арнаған Нәзір 1916 жылы сәуір айында институттағы оқуын ІІІ курстан тастап кетеді. Сөйтіп Земство одағына (Батыс майдан комитеті – Минск ауданы мен Барановичей ауданы) түркістандықтармен жұмыс жөніндегі нұсқаушы болып жұмысқа кіріседі. Минскіде астыртын «Еркін дала» ұйымын құрады.

Өкінішке орай, кеңес өкіметінің тұсында ол жайында өте аз біліп келдік. Энциклопедиялық анықтамаларда: «Нәзір Төреқұлов (1892-1937) – кеңестік мемлекет және партия қайраткері, тілші маман. 1918 жылдан РКП(б) мүшесі. Түркістандағы Қазан төңкерісі және Азамат соғыстарына қатысушы. 1919-1922 жылдары Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы, РКП(б) Орталық Комитеті Орталық Азия бюросының мүшесі, Түркістан майданы революциялық-әскери кеңесінің мүшесі. 1922-1928 жылдары КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы. 1928-1936 жылдары сол кездегі жоғары дипломатиялық дәре-жемен атақ – КСРО Бас консулы, Төтенше және өкілетті өкіл деген лауазымдармен Кеңестер Одағының Сауд Арабиясы корольдігіндегі елшісі қызметін атқарған. Ол Джиддада тіркелген Батыс Еуропа елдері дипломаттарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, сол кезеңде туындаған күрделі мәселелерді оңтайлы шешіп отырған. 1936-1937 жылдары КСРО Ұлттар Кеңесі жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері» дегендей қысқа ғана мә-лімет берілетін. Ол Мәскеу мен Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербургтың) жоғары оқу орындарында шығыстану пәнінен дәріс оқып, Мавр атындағы ғылыми-зерттеу институтында түркі тілдерінің етістігі тақырыбынан зерттеу жұмысын жүргізеді. 1937 жылдың 17 шілдесінде НКВД тарпынан қамауға алынып, пантүркілік насихат жүргізді деген жалған жаламен 3 қарашада ату жазасына кесіледі. Үкім сол күні үш сағаттан соң орындалады. Осы қаралы хабарды естіген Сауд Арабиясы корольдігі Кеңестер Одағымен дипломатиялық қарым-қатынасты мүлде үзіп тастайды. Бұл үрдіс араға жарты ғасырдай уақыт салып барып қайта жалғасқан. 1958 жылы 28 қаңтарда Нәзір Төреқұлов жөніндегі үкім бұзылып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ол ақталады.

Нәзір Төреқұлов – қаламы жүйрік көсемсөзші, саяси памфлеттер жазған білікті басшы (Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ мұңы» газетінің редакторы), баспагер, ақын, аудармашы болатын. 2007 жылы Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасы «Алаш мұрасы» сериясымен Нәзір Төреқұловтың көптомдық шығармалар жинағын жарыққа шығарған. Оның бірінші томына зерттеулер мен мақалалар, екінші томына орыс тіліндегі баяндамалары, сөздері мен хаттары, үшінші томына баяндамалар, естеліктер мен зерттеулер, төртінші томына орыс тіліндегі материалдар мен құжаттар енген.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елші, саясат ғылымының докторы Тайыр Мансұров – Кеңес Одағының елшісі Нәзір Төреқұлов жайында жазылған «Полпред Назир Тюрякулов – дипломат, политик, гражданин» (Москва, издательство «Реал-Пресс», 2003), «Нәзір Төреқұлов» (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 2007), «Нәзір Төреқұлов – Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі» (Алматы, «Зерде» баспасы, 2011) секілді бір-неше ғылыми және көркем кітаптардың авторы.

 

ЖАНСЕЙІТОВ ҒАЛЫМДАРМЕН ЖОЛЫҚТЫ

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алыс-жақыннан Шымкент шаһарына ат басын тіреген қадірменді қонақтарды арнайы қабылдады. Ол өз сөзінде алқалы жиынның табысты өтуіне тілектестігін жеткізді:

– Бүгін міне, рухани астанамыз – Түркістан қаласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Алаштың асыл перзенті» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгелі отырмыз. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби, білікті дипломат елшіміздің есімі көзі тірісінде-ақ Халықаралық деңгейде танылып, жоғары бағаланғанын бәріміз жақсы білеміз. Алдағы уақытта қайраткердің дипломатиялық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге ерекше мән беруіміз қажет, – деді өңір басшысы.

Нәзір Төреқұлов туралы алғаш болып қалам тартқан ғалым, филология ғылымының кандидаты, жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлын асқаралы алпыс жасқа толуымен шынайы құттықтаған облыс әкімі оның иығына мақпал шапан жауып, құрмет көрсетті.

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығына келген қадірменді қонақтар алдымен тақырыптық кітап көрмесімен танысты. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметі туралы «Нәзір Төреқұловтың жарық жұлдызы» атты деректі фильмнің көрсетілімін тамашалады. Сөз орайы келгенде оны облыс әкімінің тапсырысымен саяси қуғын-сүргін музейінің қызметкерлері түсіргенін тілге тиек ете кетейік.

Пленарлық жиналысты облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың осы іс-шара қатысушыларына арналған құттықтау хаттарымен таныстырып шықты.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың конференция қатысушыларына деген ыстық ықыласқа толы тілегін осы министрліктің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әбілдаев жеткізді. Ол облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен Нәзір Төреқұлов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының президенті Әбдіжаппар Сапарбаевтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов атындағы төсбелгімен марапатталғанынан хабардар етті. Нәзір Төреқұлов атындағы Халықаралық қайырымдылық қорының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Ресрпубликасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті академигі, экономика ғылымының докторы Әбдіжаппар Сапарбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов сөз сөйлеп, Нәзір Төреқұловтың елшілік, қайраткерлік қасиет- қабілеттері туралы айтып өтті.

Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатиялық институты тілдер саясаты бойынша комитетінің меңгерушісі, ассоциациялық профессор Нәзигүл Төленбергенова, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих институтының профессоры, тарих ғылымының докторы, профессор Қахрамон Раджапов, Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясы Ахмад Дониш атындағы тарих, археология және этнография институты жаңа тарих бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы Фозил Абдурашитов, Сауд Арабиясындағы Мемлекеттік араб-орыс ақпарат орталығының директоры, профессор, тарих ғылымының докторы Маджид ибн Абдуль-Азиз ат-Турки, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тарих кафедрасының профессоры Хазретәлі Тұрсын арнайы баяндама жасады. Сөзге шыққан шешендер Нәзір Төреқұловтың тек қазақтан ғана емес, жалпы Орта Азиядан шыққан алғашқы дипломат екенін кеңінен әңгімеледі. Оның КСРО мен Сауд Арабиясы корольдігі арасына алтын көпір болып, өз елінің беделін көтергені және ұлт руханиятына сіңірген ұшан-теңіз еңбектерінен жарқын мысалдар келтірді.

Пленарлық мәжілістің соңында арнайы қаулы қабылданды. Кейіннен конференция секциялық мәжілістерге ұласты. Онда «Нәзір Төреқұловтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметінің тарихы», «Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі және Нәзір Төреқұлов», «Нәзір Төреқұлов – журналист, баспагер және лингвист ғалым», «Қазақстан дипломатиясы және Нәзір Төреқұлов» тақырыптарында кеңінен әңгіме өрбітілді.

Конференцияға қатысушылар қалалық зираттағы Нәзір Төреқұловтың қызы Әнел бейіті басына барып, тағзым етті. Оның асқақ рухына бағышталып Құран оқылды.

Көпшілік кешкілік Райымбек Сейітметов атындағы Түркістан сазда драма театрына жиналды. Мұнда олар облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының ұжымы ұсынған саяси қуғын-сүргін құрбандары мен Нәзір Төреқұловқа арналған сахналық қойылымды тамашалады.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Түркістан қаласы.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *